Сәбит Ибадуллаев жинақтаған баталар кітабынан - құттықтау

Сәбит Ибадуллаев жинақтаған баталар кітабынан

Үй-іші, ауыл-аймақ аман болсын!
Баршамызға тыныштық заман болсын,
Табиғат таусылмайтын ризық беріп,
Татулы дастарханың тағам болсын!
 
Абырой, амандығың арта берсін,
Бақ-дәулет қызығымен қатар берсін,
Қонағың жақсы көрген жиі келіп,
Таусылмас-дәм-тұзыңды тата берсін!
 
Осындай ойын-сауық бола берсін,
Үйіңіз той думанға тола берсін,
Өмірдің гүл жайнаған қанаты боп,
Бақшаңа бақыт құсы қона берсін!
 
Тыныштық елімізге келе берсін,
Молшылық жерімізге ене берсін,
Апаттан ел-жұртымыз аман болып,
Қызығын бейнет еңбек көре берсін!
 
Осы үйге көп қылып бала берсін,
Балаға таудай талап сана берсін.
Бәрі де балалардың өнерлі боп,
Бақыты барған сайын жана берсін!
 
Осы үйге сұлу мінез келін берсін,
Келінге адал ниет, пейіл берсін,
Ақ көңіл, ата-анаға мейірімді боп,
Қызығына бала шаға түгел көрсін!
 
Жаныңда жақсы көрер көршің болсын,
Көршің де өзіңдейін көпшіл болсын,
Көрші-көлем, туған-туыс, жекжаттарың,
Баршасы аман-есен өсіп-өнсін»
 
Дастарханыңнан дәм кетпесін,
Көңіліңнен сән кетпесін,
Отбасың түгел аман болып,
Өміріңнен мән кетпесін!


Әумин десең маған –
Құдай берсін саған!
Оң жағыңа қарасаң,
Алтыннан терек орнасын!
Сол жағыңа қарасаң,
Күмістей терек орнасын!
Жылы жүзді иманды
Жақсы болсын жолдасың,
Еш жамандық болмасын,
Құт-береке дарытып,
Құдайым өзі қолдасын!


Уа, құтты отаудың иесі!
Қолдасын Тәңір киесі!
Инабатың жақсылыққа бастасын,
Пейілің жамандыққа баспасын!
Ошағыңның оты сөнбесін,
Арың мен жаның арамдыққа көнбесін!
Босағаң әрқашан берік болсын,
Қосағың әрдайым жерік болсын!
Ата-анаңның қадірін біл,
Әмірдің әділін біл!
Өнегеңді қазық ет,
Ақылыңды азық ет!
Сағың еш сынбасын,
Бағың тек нұрлансын!
Ой-пікірің көсем болсын,
Айтар сөзің шешен болсын!
Осы айтқанның бәрі періштенің құлағына шалынсын,
Тілек-ниетіміз мұстажап боп, қабыл алынсын!


Әумин десең бізге,
Бата берелік сізге!
Жасың жетсін жүзге,
Желің кетсін құла түзге.
Басқа қандай іс түссе де,
Алладан күдер үзбе!


Құдайдың құлымын дегейсің,
Мұхаммед үмбетімін дегейсің.
Шадияр досым дегейсің,
Имам Ағзамның қауымында қыл!
Шайтанның бәрінен сақта,
Патшаның кәрінен сақта,
Намаздың қазасынан сақта.
Пайғамбардың туында қыл,
Әуіз – Кәусардың суында қыл.
Иман байлығын бер,
Дененің саулығын бер!


Құдайдың өзі оңдасын!
Бес жүз саулық қоздасын.
Сексен інген ботадан,
Сегіз келін қомдасын.
Айдап келген жылқыңнан,
Алпыс айғыр азынасын.
Жиып келген түйеңнен,
Жетпіс інген боздасын.
Өзіңнен байлық озбасын!
Ағайынның жарлысы
Бөтен тозбасын!
Болмасын деген оңбасы,
Үйіңе дерт қонбасын!
Керім жан боп көршілер,
Жақсы болсын жолдасың!
Берекелінің биесін берсін,
Асыл тектінің түйесін берсін,
Ізгі ниеттің ойын берсін,
Сол малыңа ие берсін,
Сауабы ата-бабаңа тие берсін!


Қаскөйдің теріс батасынан сақта,
Қаскүнемнің күнә-қатасынан сақта!
Басшының ноқайынан сақта,
Қоңсының қоқайынан сақта!
Халықты тілдегеннен сақта.
Кісіні күндегеннен сақта!
Намысты таптағаннан сақта,
әбүйірін жаппағаннан сақта!
Тілің күрмеліп, күрмегеннен сақта.
Дінін ұмытып, білмегеннен сақта!
Әділді теріс бұрғаннан сақта,
Әділетсіз билік құрғаннан сақта!
Аманатты аттап, ұмытқаннан сақта,
Елдің қазынасына құныққаннан сақта!
Әкімнің сыбайлас жемқорынан сақта,
Әліпті таяқ деп білмесе ең қорынан сақта!
Арын арақ-сыраға сатқан мастардан сақта,
Абыройсыз, күнәға батқан жастардан сақта!
Киені білмес кесірден сақта,
Жеңіл жүрісті жесірден сақта!
Кеудесін керген келіннен сақта,
Мезгілсіз келген өлімнен сақта!
Күліп кіріп, күңіреніп шыққан жауынан сақта,
Үлкенінде нақыл, кішісінде ақыл жоқ,
Ағайынның бітпейтін дауынан сақта!


Орға жығар сенімнен сақта,
Орамалсыз келіннен сақта,
Опық жегізер өлімнен сақта!
Қыздың әсемпаз, сәнқойынан сақта,
Ұлдың әуейі, даңғойынан сақта!
Ұрпақтың имансыз-кемтарынан сақта,
Киімнің денеге жабысқан ең тарынан сақта!
Кеудесі ашық қатыннан сақта,
Кеудемсоқ, көзсіз «батырдан» сақта!
Берекеті кетіп, мазасы қашқаннан сақта,
Дүниені құр бекер шашқаннан сақта,
Көпіріп, мейманасы тасқаннан сақта,
Көшедегі кіндігін ашқаннан сақта!
Көрінгенге көзін сүзгеннен сақта,
Құдайдан үмітін үзгеннен сақта!
Уа, Алла! Діннен безген қазақтан сақта,
Қабірдегі құтылмас азаптан сақта!



Бата-тілектер » Баталар »