Сәбит Ибадуллаев жинақтаған баталар кітабынан - құттықтау

Сәбит Ибадуллаев жинақтаған баталар кітабынан

Қосылып тұрған қос ұлан,
Игілікті, алаулы болыңдар.
Халыққа қалаулы болыңдар.
Өмір бойы біріңді-бірің
Жамандыққа қимаңдар.
Мейірбанды махаббатпен,
Үлкендерді сыйлаңдар!


Табыстары көп болсын,
Алақандары ашық болсын,
Өмірге машық болсын!
Күйбең қағып кейін қалмай,
Жаңалыққа ғашық болсын,
Ұрпақтары ер болсын,
Кемеңгерлермен тең болсын.


Жас баланың күлкісін бер,
Жас ананың ұйқысын бер,
Жомарттың жолын бер,
Қыздың қылығын бер,
Судың тұнығын бер,
Асаудың арынын бер,
Түнгі оттың жарығын бер,
Даланың жазықтығын бер,
Гүлдің нәзіктігін бер,
Теңіздің тереңдігін бер,
Лашынның жүрегін бер,
Нағыз достың тілегін бер,
Мәңгі бақи ажырамас
Шын ғашықтың білегін бер!


Әумин – деп қолың жай,
Мен бір бата берейін.
Бергенде бата не дейін:
Әуелі Құдай оңдасын,
Малың менен басыңа
Еш жамандық болмасын.
Берекелі бақ қонып,
Бірдей өссін мал-басың,
Несібең артып күн сайын,
Өзегің ешбір талмасын.
Жаратқан жаббар жар болып,
Пендеге күнің салмасын!
Жаратушы құдірет,
Жарылқаудың қамын ет,
Зылиқа мен Жүсіптей, ет!



Бата-тілектер » Жас жұбайларға бата »