Шал ақынның жігіттерге өсиеті - құттықтау

Шал ақынның жігіттерге өсиеті

Жігіттер, жаман істі әдет етпе,
Досыңды бірге жүрген басып өтпе.
Басыңа әлде қандай іс түскенде,
Дос түгіл дұшпаныңда қашар шетке.
 
Жігіттер мал басым көп демеңіз,
Киім көп, тамағыңыз тоқ демеңіз.
Дәуіттің отыз ұлын бір күнде алған,
Біздерге діле-қаза жоқ демеңіз.
 
Жігіттер жалған дүние бізден қалар,
Бір күні ажал келіп жаныңды алар.
Жан шығып бұл өмірден кеткеннен соң
Мал-мүлкің, әйел-балаң-бәрі қалар.
 
Өлімнен құтылмайсың қашсаң-дағы.
Атадан арыстан туып ассаң-дағы.
Алладан шыныменен жарлық келсе,
Жұлдыз да жерге түсер аспандағы.
 
Жігіттер, ғибадат қыл, маған нансаң.
Намаз оқы, Алланы ойыңа алсаң.
Қырық жыл ажалдан қашқан Қорқыт та өлген,
Түбінде сөз сенікі, өлмей қалсаң.
 
Кәрі өлсе соққан ауыл тынғандай-ақ,
Жас өлсе, бәйтерегің сынғандай-ақ.
Жігіттер жас күніңде тәубаңа кел,
 Бұл дүние көзіңді ашып-жұмғандай-ақ!!


Бұл дүниенің мысалы
Ұшып өткен құспен тең.
Өмірде көрген жақсылық
Ұйықтап өткен түспен тең.
Атадан мирас ақылың,
Түзік айтқан мақұлың,
Ләзім болған іспен тең.
Үлкеннен көрген зорлығың,
Жаманнан көрген қорлығың
Ойлап тұрсаң, бозбала,
Дұшпаннан көрген күшпен тең.
Ағайының көп болса,
Бірлігі оның бек болса,
Жамандық жер кез келсе,
Бір-біріне сеп болса,
Бүтін тұрған бұзылмай,
Отыз екі тіспен тең.
Айдынды жақсы аймен тең,
Жомарт жігіт баймен тең,
Шешен жігіт дүрмен тең,
Имансыз көңіл кірмен тең.
Ақылы жоқ надандар.
Іс бітірмес жамандар
Жүз болса да бірмен тең.
Мектептен сабақ алсаңыз,
Алау, шекер, балмен тең.
Саясы жоқ бәйтерек,
Сазға біткен талмен тең.
Жаман туған балаңыз
Бұғып өткен тазбен тең.
Қайғы ойлаған жігіттің
Кең дүниесі тармен тең.
Уайымшыл адамның
Алды тұйық жармен тең.
Жетесі жаман бозбала
Тоқсандағы шалмен тең.
Жақсының айтқан ақылы
Қазулы сара жолмен тең.
Жаманға айтқан ақылың
Ағыт кеткен селмен тең.
Қас жаманның орны бар –
Кесек те болса, көрмен тең.
Жомарттық қылған жігіттің
Ықыласын байқасаң.
Толқып соққан көлмен тең.
Жақын дап қалған кәрілік
Жайып қойған көрмен тең.
Жақсы қатын алсаңыз,
Жақсылығын білдірер.
Ерін жөнге көндірер.
Анық осы, бозбала,
Жұмақтан шыққан хормен тең.
Алғаның жаман жолықса,
Жамандығын білдірер.
Ер қадірін кетірер.
Оның өзі, бозбала,
Маңдайға біткен сормен тең.


Бата-тілектер » Өсиет »