М. Аяпұлы құрастырған баталар кітабынан - құттықтау

М. Аяпұлы құрастырған баталар кітабынан

ЖАС  ЖҰБАЙЛАРҒА  БАТА.
 Шаңырақтарың биік болсын,
Босағаларың берік болсын.
Бау-бақшаларың өрік болсын.
Басыңда дәйім,
Құлпырған құндыз бөрік болсын.
Ақ жүзіңде жарыңның,
Ақ кимешек көрік болсын.
Құдай қаласа,
Көп ұзамай жерік болсын.
Торсық шекелі ұл тауып,
Ол өзіңе серік болсын.
                                Әумин


Жас келіннің батасы,
Жастардың көп қатасы.
Жек көрмейді баласын,
Анасы мен атасы,
Балалар, көтер қолыңды,
Қайырлы құтты жолыңды,
Ием берсін мал мен бас,
Толтырсын ол мен солыңды.
Мен берейін батамды,
Кішіпейіл болып келінжан,
Сыйла енең мен атаңды.
Кекшіл болма, қарағым,
Кешірер әркім қатаңды.
Бола берсін ойын-той,
Қызықтап тойлау – құрмет қой.
Ақыл, естен айрылмай,
Жастарым, еске алып қой,
Қайырлы болсын тойыңыз,
Құдалар кеуде соқтырып,
Құйрық, бауырға тойыңыз.
                             Әумин


Қос аққудай көлдегі,
Қызғалдақтай белдегі,
Жас жұбайлар екенсің,
Бата берем кел бері.
Дәулетті, малды болыңдар,
Жұқармас жалды болыңдар,
Ел-жұртың мақтан тұтатын,
Жастардың алды болыңдар.
Тұтатқан шырақтарыңды,
Басталған мұраттарыңды,
Бір Алла қолдап әрдайым,
Жайқалтсын құрақтарыңды.
Отауларың орда болсын,
Аттарың жорға болсын.
Қымызың қымызық татып,
Местерің қорда болсын.
                                    Әумин


Сыртыңнан дұшпан жүрмесін,
Көңіліңе үрей кірмесін.
Көре алмаған күншілдер,
Күшіктей шулап үрмесін.
Сыйлы етіп Алла басыңды,
Ғұмырлы қылсын жасыңды.
Аруақ қолдап өр, шыңға,
Домалатсын тасыңды.
Қадірін білгін анаңның,
Қызығын көргін балаңның.
Күнің мен ісің түспесін,
Қолына топас сараңның.
Асқақ болып арманың,
Арайлап атсын таңдарың.
Мақсатыңа жете бер,
Аман болып мал-жаның.
                                       Әумин


Жетегің бұйда болсын,
Арқаның шуда болсын.
Беретін асың болсын,
Көретін жасың болсын.
Бесігің алдыңнан түспесін,
Басыңнан жақсылық кетпесін,
Жамандық саған жетпесін.
                                       Әумин


Жас келіннің қонған жері
Құтты қоныс, тұғыр болсын.
Біреуі шал, бірі кемпір –
Қоса ағарған ғұмыр болсын.
Балапанмен, балақанмен
Бесік іші жыбыр болсын.
Құлын тайдың асырымен
Оттың басы дүбір болсын.
Сүйіспендік махаббатпен
Тәтті күлкі, сыбыр болсын.
Кәрі күтіп, бала бағып,
Мол қызықтан ығыр болсын.
Кәрілерге мейірімді,
Келіндерге әдеп болсын.
Ата күту, ана бағу,
Ата жолы әдет болсын!
                         Әумин


Еліңе елеулі бол,
Халқыңа қалаулы бол,
Ата-енеңе жағымды бол,
Қайынаға, қайныңа қайырымды бол.
Ауылыңа айбарлы бол,
Күйеуіңе жайдарлы бол.
                                Әумин

Бата-тілектер » Жас жұбайларға бата »