Мыңжылдықтар қаласы - құттықтау
Мыңжылдықтар қаласы
Жел ойнаған төсінде Сарыарқадай жері бар,Отау тіккен мекені қазағындай елі бар.
Ақселеуі тербелген, жусан исі аңқыған,
Айналайын алысқа кеткен дарап даңқынан.
Қайран менің сар далам зобалаңды көп көрген,
Ашаршылық, соғысты...АЛЖИР-ді де өткерген.
Хан Кене де кешегі жауын жүрген қол қандап,
Аяғынан келтірді бекінісін талқандап.
Сол бекініс орнында белгісіндей жастықтың,
Жаңа қала салынды астанасы астықтың.
Әркім мұнан арқалап қажеттісін өзіне,
Туған жердің ырысын алмады да сезіне.
Батпағына бытысып жүрген жұртты сор басып,
Құтқарғандай болды ғой еркін елдің ордасы.
Оттан ыстық Отанның соққан лепті жүрегі,
Күн дидарлы Астана қазағымның тірегі.
Жылдан жылға айқара аша түскен құшағын,
Тәуелсіз ел мақтаны жаңарудың нышаны.
Идеялар тоғысқан шабыттардың қайнары,
Бар әлемге паш еткен ажарланып айдарын.
Көш түзеген ордама артып келед жан басы,
Ғимараттар ерекше өзіндік бар таңбасы.
Әр беретін көркіне сәулетінде талғам бар,
Ізденістер жан-жақты болашақпен жалғанар.
Тамсандырар татулық достық жалғап көпірін,
Бір шаңырақ астында барша ұлттың өкілі.
Аруыма әрқашан жыр арнауға сөз дайын,
Елордасы онсыз да талайларға көзайым.
Бәйтеректей төменді ұшар көктен көрейін,
Тәуелсіздік тұғыры үстем болғай мерейің.
Еркін желі даланың соғар кейде желкелеп,
Асықпайтын Есілдің суы толқып еркелер.
Өскелең ел ұрпағы көрген емес тартынып,
Еңбегімен есейген ұғып өмір парқын нық.
Астанамен мақтанар әрбір қазақ баласы,
Ғажайып ір көрікті мыңжылдықтар қаласы.
Асқар Исақов
Астана күні » Соңғы қосылған дүниелер »