Зейнеп Ахметова Наурыз күні мал соймайды, қан шығармайды - құттықтау

Зейнеп Ахметова Наурыз күні мал соймайды, қан шығармайды

Зейнеп АХМЕТОВА: Наурыз күні мал соймайды, қан шығармайды...
Наурыз келіп, қар кетті,  Ақ қар, көк мұз жұтатқан,  Шаруа елінен зар кетті.  Наурыз келіп, жаз кірді,  Жаз хабаршы «Әз» кірді.  Күнге тосып арқасын,  Жан біткенге наз кірді, - деп Наурыз жырында айтылғанындай, ендігі жерде күннің жазға қарай ауысарын анық білген.  - Наурызкөже қалай дайындалған? «Белгілі бір дәмді ғана салу керек» деген арнайы нұсқаулығы бар ма?  - Мерекеде әрбір үй кезекпен Наурызкөже жасайды. Бұған су мен тұздан басқа (қазақта тоғыз саны да қасиетті) жеті түрлі дәм салынады әрі «тек мына дәм салынуы керек» деп шектеу қоймаған. Әркім қолындағы бар азық-түлігіне қарайды. Тек міндетті түрде дәм саны жетеу болған. Сөйтіп, Наурыз күні қазандар көжеге толады. Ауыл ақсақалдары бастаған кісілер үйлерге кезегімен кіріп, қонақ болады. Әдетте әйелдер мен балалар ыдыс ала жүреді. Өйткені үйдегі келмей қалғандардың сыбағасын беріп жіберіп отыратын болған. Осылайша әр үйден құйып әкелген көжені өз үйінің қазанында қалған көжеге қосқан. Бұл дәм-тұзымыз араласып, ынтымақ-бірлігіміз нығайсын, көже секілді мидай араласып, көжедей дәмді қатынаста болайық, біріміздің ырысымыз бірімізге жұғысты болсын деген үлкен ұғымды білдіреді. Айта кететін бір нәрсе, көжені ыдысқа толтырып құяды, бұл - «жаңа келген жылдан несібесі ортаймасын» дегендік. Әрі сол құйылған көжені тауысып ішу керек, әйтпесе ырзығы кем болады дейді. Наурызда қариялар өздері рұқсат етіп, жиналған топты бөлмесе, өз бетінше ешкім бұра тартып, бөлек кетіп сыбаға жеп, көже ішуге бармайды. Бұл ынтымақ пен бірлікті бұзады деп ырымдайды. Ұлыс күні жігіт-желең, жасөспірім балалар үлкен кісілермен бірге жүріп, қарттарға қызмет етеді. Қолына су құйып, орамал ұсынып, есік ашып, табақ тартып, көже ұсынып дегендей, қалайда қариялардың ықыласына ілінуге тырысады. Наурыз күні үлкендерден бата алу үлкен мәртебе саналған. Оң тізесін бүгіп, екі қолды жоғары көтеріп алақан жая бата сұраған жігіттер мен балаларға ақсақалды аталар күн нұрындай сәулелі, жаныңды жадырататын мағыналы да мәнді бата береді. Көже пісіріп, қазан-ошақ басында жүрген келіндерді шақырып, ақсақал аталар:  Көже істеген келіндер,  Көпке жаққан елшіл бол!  Бозторғайдай төлшіл бол!  Ор қояндай көзді бол!  Шешен тілді сөзді бол!  Өркенді бол, ойлы бол,  Өз құрбыңның алды бол! - деп дарқан көңілмен ризашылықтарын білдірген. Әрине, Наурызда айтылатын ақ алғысты, терең мағыналы бата түрі көп қой... Наурыз тамашасы қыдырып көже ішумен шектелмейді. Балуан күресі, арқан тарту сияқты сайыстар өткізіліп, әнші-күйшілер, ақындар өнерін ортаға салады. Көптің көңілін көтеріп, тойды қыздырады.  - Ата-анаңыздың Наурызға қатысты қандай әңгімесі, өсиеті құлағыңызда қалды? - Мәселен, жыл құстары келе бастаған кезді қазақтар «ілгері салым күндерге жеттік» деп қуанады. Көктем күндері ерекше күтетін құстың бірі - «Наурызкөк» деп аталатын кіп-кішкентай құс. Бала кезімізде анамыз: «Наурызкөкті көргенде шошытып қумаңдар, «Наурызкөгім, келдің бе?» деп шақырып, жем шашыңдар» деуші еді. Осы құстың келуімен қарайлас Наурызшешек шығады. Наурызшешек - өте әдемі көпжылдық гүлді өсімдік. «Биыл біреуін үзсең, келесі жылы он гүл шықпай қалады» деп, осы гүлды анамыз жұлғызбайтын. Менің әлі күнге дейін есімде, кішкене кезімізде әр наурыз сайын аталарымыз ойын балаларын тегіс жинайтын. Топ-топқа бөліп, ересек балаларды бас етіп, бұлақтың көзін ашуға жіберуші еді. Ата-әжелеріміз: «Бұлақтың көзін ашу - Меккеге сапар шеккендей сауабы үлкен, қасиетті іс. Су бар жерде тіршілік бар, бұлақтың көзі ашылса, су мол болады. Су мол болса, шөп те, гүл де жайқалып өседі, егін бітік шығады. Адамдар мен жан-жануарлар тоқ болады, тоқ болса, бір-біріне қастық жасамай, бейбіт жүреді. Бастау-бұлақтардың көзін ашқандарың - өмір-тіршіліктің де көзін ашқандарың», - дейтін еді. Осыны естігенде тіршіліктің тірегі бізге қарап тұрғандай қанаттанып, бірде-біріміз қалмай, бұлақтар мен тұнбалардың көзін ашып, су ағатын жылғалардың жолын тазалауға кетуші ек... Бұл біз үшін өзінше бір ғажайып серуен секілді еді әрі табиғатты аялаудың, қорғаудың талғамы мол тамаша үлгісі, халық өнегесі еді...  - Осы күні өткізіліп жүрген мерекелік шаралар көңіліңізден шыға ма? Жалпы, бүгінгі күні, сіздіңше, Наурыз мейрамы қалай аталып жүр?  - Өкінішке қарай, кез келген нәрсені ұрандатып істеуге үйренгендіктен болар, тыныс-тіршілігімізде жіксіз жымдасып, табиғи түрде өтуі керек айқын дәстүрлердің өзін науқанға айналдырып жіберетініміз бар. Наурыз мерекесінің негізгі мән-мағынасы бұл күнде ауытыңқырап, у-шумен көшеге шығып кетті. Жоспармен, нұсқаумен өткізуге дағдыланып бара жатқандаймыз. Тіпті бәсеке-жарысқа «керек» адамдарды күтіп жіберуге, көзіне түсіп қалуға арнап киіз үйлер тігіліп, шашылып-төгіліп жатқандарды көргенде, өкініп-ақ қаласың. Неге десеңіз, сол тігілген үйлерге қарапайым қариялар бас сұға алмайды. Отбасында Наурызға қатысты еш дайындық жасамай-ақ, Наурызкөже дәмін ешкімге татырмай-ақ, көшеден қыдырып келіп, «Наурыз өткіздік» дейтіндер толып жатыр. Жаңа күнді, жылдың басын, әрі-беріден соң қазақ халқының маңдайындағы жалғыз ұлттық мерекесін ардақтап, ұрпағымыздың санасына сіңіру - әр ата-ананың парызы. Түтін түтетіп отырған әр шаңырақ ақ ниет, таза жүрекпен, мейіріммен, үлкен сеніммен Ұлыс күнін, ең алдымен, өз отының басында қарсы алуды дәстүрге айналдырулары керек. Жер әлем, Табиғат-ана жаңарып жатқанда бүкпесіз тілеген тілек қабыл болады. Барына да, жоғына да тәубе деген ынсапты, сабырлы адамның жолы ашылады. Ұлыс күні қалтқысыз жасаған қайырымның сауабы зор, шарапаты мол. Құдайға шүкір, көп жыл көзімізден таса болған қасиетті мерекемізбен қауышқалы бері жаңа дәстүрлер де қосылып келеді. Ата-бабадан қалған жақсыны бүгінгі жаңамен ұштастырып жалғастырсақ, қазақ дейтін халықтың мерейі үстем, қонар тұғыры биік болары сөзсіз.  - Бұл күнгі амандасу, сәлемдесу де көз үйреніп, кұлақ естіген есендік-саулық сұраудан бөлек болады деп жатады...  - Бұл күні адамдар бірімен-бірі «Ұлыс оң болсын, қайда барса жол болсын!», «Ұлыс береке әкелсін!», «Наурыз құтты болсын!», «Қызыр дарысын, бақ қонсын!», Ұлыс берек берсін, пәле-жала жерге енсін!», «Ақ мол болсын!» - деген сияқты жүрекжарды тілектерді айтып амандасады. Адамдар «бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар, айдан - аман, жылдан есен өтейік» деп тіршіліктеріне, сау-сәлемет көріскендеріне шүкіршілік етеді. Азды-көпті үлкендерден алған үлгі-өнеге, тәлім-тәрбиенің басын біраз айттым. Мен тыңнан жол салған жоқпын, жаңалық ашпадым, тек халықта бұрыннан барды айттым. Халық - ғаламат бір қазына, халықта бардың бәрін айтуға адамның ғұмыры жетпейді. «Қанша көп білсең де, көптен артық білмейсің» дейді даналар сөзі. Дегенмен білгеніңді бөлісу ол да бір жақсылық деп ойлаймын...  - Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан  Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ
*Наурыз - жыл басы, Ұлыстың ұлы күні. Күн мен түннің, ыстық пен суықтың, қыс пен жаздың, қараңғы мен жарықтың теңелетін, жер арқасы кеңіп, күллі тіршілік әлемі қайта түлейтін Табиғат мерекесі;  *Наурыз - адамдардың қыс қыспағынан, жұт апатынан аман қалып, малы төлдеп, аузы аққа жаритын Шаруа мерекесі;  *Наурыз - әрбір шаңыраққа шырақ жағылып, «Қызыр түнін» күтіп, жақсылық, құт-береке тілеп, ертеңгі күнге зор үмітпен қарайтын Сенім мерекесі;  *Наурыз - жеті дәмнен Наурызкөже жасап, адамдардың бір-біріне дәм татқызып, дастарқан басында бірге отыратын Ынтымақ-бірлік мерекесі;  *Наурыз - жыл бойы өткен-кеткен ренішті кедергісіз кешіріп, ән-күймен, ойын-сауықпен жанды жадыратып, сананы серпілтетін Көңіл мерекесі.

Ресми мерекелерге » Наурыз » Наурыз туралы »