Елін қорғау - ерге серт - құттықтау
Елін қорғау - ерге серт
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жастарға арнаған бір сөзінде: «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, адамзаттық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп, еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!», – деген еді. Бұл сөздерді қайталап оқыған сайын біздегі жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиет қандай деңгейде екен деген заңды сұрақ туындайды. Оған қоса, алда келіп қалған 7 мамыр – Қазақстан Қарулы күштерінің құрылған күні. Біз осы мереке туралы, жастарды отансүйгіштік сезіміне қалай баулу қажеттігі жайлы ойын білу үшін Ақмола облыстық сотының судьяларын сөзге тартқан едік.Ақжан Ештай, Ақмола облыстық сотының төрағасы: – Қазақстан – кең байтақ, 130-дан астам ұлттар мен ұлыстар мекен етіп жатқан мемлекет. Еліміздің әрбір азаматы ұлты мен дініне қарамай татулықтың берік туын желбіретіп, сүйікті байтақ даламызға деген махаббатын ісімен дәлелдесе, оны неге отансүйгіштік демеске. Тіпті, Елбасымыз өзінің «Тарих толқынында» деп аталатын кітабында «Ұлттық бірліксіз патриотизм жансыз» деген ой да айтқан. Жалпы, жасөспірімдерді отансүйгіштікке тәрбиелеудің бірден-бір жолы – жастайынан патриоттық сезімін дамыту. Адам бойындағы бұл байлық бір зерттеушілердің ойынша туа біткен қасиетке жатпайды екен, ол әлеуметтік, тарихи сатыларда қалыптасқан, сүйіспеншілік сезім, ол Отанға қызмет етуден ғана көрінеді.
Сәбит ӨСКЕМБЕКОВ, Ақмола облыстық сотының апелляциялық сот алқасының төрағасы: – Біз қалай айтсақ та өткен өмірімізді сызып тастай алмаймыз. Ол мәңгілікке біздің жадымызда қалып қойды. Ұнасын, ұнамасын, ол бізге байланысты емес. Кеңестер одағы кезінде Қазақстан біздің туған жеріміз деп есептелді де, Кеңестер одағы біздің Отанымыз болып саналатын. Соған біз ант бердік. Орталық, батыс сияқты топтарды аға буын ұмытпаған шығар. Қолымызға автомат ұстап ант бергеннен кейін, бізді кенеттен соғыс болып қалған жағдайда екі сағат жауларды өз күшімен ұстап тұр деп оқытатын. Ол кезде бар қауіп Батыстан, НАТО-дан деп күттік қой. Кеңес сабақтары әр солдат сол міндетті екі сағатқа шыдауы керек деп үйретті. 23 ақпанда Кеңестік армия күні мерекеленетін, оны жоққа шығарып қажеті жоқ, біздің өзіміз егемендігімізді алғаннан кейін 7 мамырдың Отан қорғаушылар күні деп аталғаны да көңілге қонады. Қайсыбір жылдары бұл атаулы күнді 9 мамыр Жеңіс күнімен қосып жіберу керек еді деген де әңгіме шықты, Жеңіс күні ол өз алдына бөлек мереке, оны шатастырмауымыз керек. Ол біздің бабаларымыздың, әкелеріміздің қанымен келген, сондықтан, 9 мамыр ол егемендік алғаннан кейін өсіп-өнген ұрпаққа отаншылдық сезімді ояту үшін өте қажет. Отансүйгіштік қасиет ол әр баланың бойында болуы керек. Оны көбісі абстракциялық ұғым деп түсінеді. Үлкен-үлкен лауазымды қызметте жүрген кейбір дүние-байлықты күйттеп кеткен шенеуніктер бастарына іс түссе, Отанын тастап шетелдерге қашып кетуі мүмкін, оларда ешқандай отан жоқ деп ойлаймын. 1937 жылы құрбандыққа шалынып кеткендер «өзге елде ит өліммен өлгенше, өз елімнің топырағы бұйырсын» деген түйсікте болған ғой. Қазіргі басына іс түскендер солардай ерлік жасай алар ма? Бұл енді тәрбие басы тал бесікте жатыр, отаншылдық сезімі сәби кезінен санаға сіңірудің арқасында ғана даритын ұғым.
Мейрам ҒИБАДІЛОВ, Ақмола облыстық сотының отставкадағы судьясы: – Отансүйгіштік сезім, рух ол біздің егеменді елімізді өркениетті елдердің санатына қосып, дамыған елдердің қатарынан өзіне тиесілі орын алуына ықпал ететін алып қуаттардың бірі. Өзінің төл тарихы, тілі, өнері және кәсіби мерекелері мен экономикалық қуаты жоқ ел ешкімге де тірек бола алмайды. Ал, ол сезімдердің бізде бар екендігін көрсетіп, басқа елдерге дәлелдеу үшін ең алдымен өз Отаныңды сүйіп, оның қадір-қасиетін керемет біліп, мақтаныш ете алу деңгейінде болуың керек. Біз жастардың бойында да осы қасиеттердің болуын қамтамасыз етіп, тәрбиелеуіміз керек. Биыл Қазақстанның Қарулы күштеріне 20 жыл болып қалған екен. Біз Кеңес өкіметінің тәрбиесін көріп өскендерміз. Біздермен салыстырғанда тәуелсіз ел жастарының біршама ұлтжанды, отансүйгіш болып өсетініне сенімдімін.
P.S. Ұлтымыздың қаһарман жазушысы Бауыржан Момышұлы патриотизм ұғымына философиялық тұрғыда анықтама беруге ұмтылған. Ол: «Ұлттық патриотизм – бұл ұлттың ішіндегі жеке адамның асыл белгісі мен қасиеті, өз халқына деген сүйіспеншілігі, өз халқы мен қан жағынан да және шыққан тегі, территориясы, тілі, тұрмыс-тіршілігі, мінез-құлқы, психологиялық және этнографиялық ерекшеліктері қалыптасқан тарихи дәстүрлері жағынан да әбден айқын әрі дербес басқа қасиеттері және ерекшеліктерімен де байланысты», – деген екен. Бұған біздің алып-қосарымыз жоқ.
Айсұлу РҮСТЕМБЕК Ақмола облысы
[url=http://][/url]
Отан қорғаушылар күні » Тәрбие сағаттарына материалдар » Шығармалар »