Француз Республикасының президентіне жолдаған ҚР Президентінің құттықтау хаты - құттықтау

Француз Республикасының президентіне жолдаған ҚР Президентінің құттықтау хаты

Жоғары Мәртебелі,
Сізді Франция Президенті лауазымына сайлануыңызбен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл жеңіс Франция халқының Сізге және Сіздің ұсынған жоспарларыңызға деген сенімінің айғағы деп санаймын.
Биыл Қазақстан мен Франция тең құқылы, жан-жақты және жемісті ынтымақтастықтың 20-жылдығын атап өтуде. Тәуелсіздігіміздің таңында Франция Президенті Франсуа Миттеран батыс басшыларының бірінші қатарында Қазақстанға ресми сапармен келген болатын. Өзге ядролық мемлекеттермен бірге Қазақстан қауіпсіздігіне кепілдік берген Франция, біздің елге үнемі қолдау көрсетіп келеді.
Бүгінде екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастар жоғары сатыға, яғни стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеріліп отыр.
Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастықтың алдағы уақытта дамуы туралы Сізбен жақын арада жеке кездесу барысында сұхбаттасуға ниеттімін.
Жоғары мемлекеттік міндетті атқаруда Сізге зор табыс пен сәттілік, ал достас француз халқына өрлеу мен өркендеуді тілеймін.
 
Құрметпен,
Нұрсұлтан Назарбаев
Астана, Ақорда


Жоғары Мәртебелі,
Сізге көп жылдар бойы Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынастардың дамуына қосқан орасан еңбегіңіз үшін шын жүректен алғысымды білдіргім келеді.
Сідің күш-жігеріңіздің арқасында елдеріміз арасындағы жан-жақты ынтымақтастық аз уақыт ішінде стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді. Өзіңіздің бастамаңызбен және жеке қолдауыңызбен екі мемлекет арасында көптеген бірлескен маңызды және көлемді экономикалық жобалар іске асырылуда.
Сіз еліңізде дағдарыс кезеңінде кең ауқымды және өзекті реформаларды жүзеге асырған мемлекеттік қайраткер ретінде бүкіл әлемге танымал болдыңыз.
Бай тәжірибеңіз бен толассыз қуатыңыз Франция мен Еуроалық Одақтың игілігі үшін әлі де пайдалы болатынына сенімдімін.
Арамызда орнаған жеке достық қарым-қатынастарымызды өте жоғары бағалай отырып, ынтымақтастығымыз болашақта да жалғасын табады деп үміттенемін.
Қымбатты досым, Сізге жаңа жетістіктер мен табыстарды тілеймін.
Біздің достығымыз жалғасын табуы керек. Мен Қазақстанда немесе кез келген өзге жерде болатын кездесуімізді қуанышпен күтемін.
 
Ізгі ниетпен,
Нұрсұлтан Назарбаев
Астана, Ақорда

Түрлі тойларға » Қызметке байланысты »