Тост-тілек пен дос-тілек кітабынан Шілдехана - құттықтау
Тост-тілек пен дос-тілек кітабынан Шілдехана
ШілдеханаҚұттықтау үлгілері
Ардақты ағайын! Қадірлі қонақтар!
Қымбатты қуаныш иелері!
Қазақта «балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген қанатты сөз бар. Көктегі жаңа бір жұлдыз жарқырағандай, адамзат қатарына тағы бір нәресте қосылды. Бауы оның берік, ырыс оған серік болсын! Тезірек ер жетіп, қолқанаттарыңа айналсын! Оған да, өздеріңе де бастай бақ, шаштай дәулет берсін!
Қуаныш құтты болсын! Ұзағынан сүйіндірсін!
Айналайын бауырларым менің! Аса қадірлі досым!
Бала – адамның бауыр еті. Адамның бар қызығы – баланы мейірлене иіскеу болса, сол бақытқа бүгін өздерін де жетіп отырсыңдар. Бейбіт елдің ақ көгершіні болып өмірге іңгәлап келген жас нәрестенің шілдехана тойы құтты болсын!
Сендердің шаңырақтарыңды қуанышқа бөлеген дүниеге келген сәбидің бауы берік болсын, өмір – жасы ұзақ болсын. Ата-анасының үмітің ақтайтын, маңдайы жарқыраған ұл болып ер жетсін!
Жарық дүниеге шыр етіп келген сәбиімізге анасының көркін берсін, әкесінің бөркін берсін, әжесінің ақыл-ойын берсін, атасының абыройын берсін! Өссін - өнсін, жамандық көрмесін, өскен соң ерлесін! Қуаныш құтты болсын! Бәрімізге жұғысты болсын!
Алла баланы маңдайынан сүйсе – ол атақты ғалымға айналады екен, ернінен сүйсе – одан әйгілі шешен шығады деседі, аяғынан сүйсе – белгілі биші, қолынан сүйсе – керемет күйші болады-мыс. Алланың балаға көзі оң болсын, біздің тілегіміз сол болсын! Өмірі ұзақ, несібесі зор болсын! Қысқасы, күлейік, ойнайық, тойлайық – қоймайық!!!
Баламыздың бауы берік болсын!Дәулет - ырыс оған серік болсын! Маңдайынан жұлдызы жарқырап, елінің алға апарар уәзір болсын, осынау жүкті мойнымен көтеруге өзі де әзір болсын! Дені сау болсын, шыққаны тау болсын!
Айдары күн сүйіп, күнге күйсін маңдайы!
Жотасына май сіңіп, құрғамасын таңдайы!
Ері болсын елінің, ар-намысын сақтайтын!
Гүлі болсын жерінің, шаң-тозаңға батпайтын!
Алды болсын теңінің, именбестен аттайын!
Мекен етсің жанұяңды жақсылық,
Өсе берсін бөбектерің шат күліп.
Ортаймасын қуанышың, бақытың,
Әлдилесін жақсы тілек, тәтті үміт.
Құтты болсын несібің, артық болсын несібің!
Дастарханың жайылып, ашық болсын есігің!
Құтты болсын бүгінгі шілдехана тойларың,
Тілектерің қабыл боп, орындалсын ойларың!
Сәби көңілі жай болсын, мың жылқылы бай болсын!
Айдағаны тай болсын, шайнағаны май болсын!
Азын-аулақ дәулеті күнде өзіне той болсын,
Жұртқа қалған жұрыны домалап келіп қой болсын!
Жұртта қалған тулағы тулап келіп тай болсын,
Тай болсын да туласын – бір құрдасы сұрасын...
Нәрестеміз өмірлі болсын,
Тұрмысы оның көңілді болсын!
Ата-анасына мейірлі болсын,
Ағайын-туысқа пейілді болсын!
Өнеге пейілге зейінді болсын!
Тұла бойы тұнған өнер болсын,
Он саусағы майысқан шебер болсын!
Ел қорғайтын батыр болсын,
Шындық айтар ақын болсын!
Ел билейтін әкім болсын,
Әділдікке жақын болсын!
Халқым деген жүрегі болсын,
Жұртының қамқор тірегі болсын!
Абыройы өрлесін,
Ел алдында ерлесін!
Қазақ үшін терлесін,
Еш жамандық көрмесін.
Бала бауы берік болсын, анасына серік болсын!
Азамат боп ер жетсін, ақсақал боп төрлетсін!
Адам болсын көрікті, ғұмыры ұзақ берік-ті,
Қолқанаты көп болып, ерте берсін серікті!
Еліне боп ардақты, мінезі де салмақты,
Өнері өрлеп жан-жақты –
Осы айтқаным тез келсін, Тәңір беріп зор бақты!
Сәбиіміз сүйкімді болсын, өнер-білімге икемді болсын!
Бәйтеректей бойшаңданып өрен, өршіл, өркенді болсын!
Жақсы жолды таңдасын, жамандық тәлім алмасын –
Даналардың дәстүрін жаңаласын, жалғасын!
Шұғылалы шуақ күн кешсін, басын сұр бұлт шалмасын!
Қос топшысы талмасын, қырандай биік самғасын!
Ары адал, жаны жаз, құрбысынан қалмасын!
Үйіңіздің бөлмесін сәби үні кернесін,
Ұл ержетіп, қыз бойжетіп, білімге құлаш сермесін.
Алуан өнер үйреніп, дәл бассын көңіл пернесін,
Қызмет істеп елі үшін абыройы өрлесін.
Сол беделін қорғайтын, өмірден тапсын теңдесін,
Бақытты, ұзақ жыл жасап, жаманшылық көрмесін.
Өсіп-өніп өркендеп, бар ортада төрлесін -
Қысқасы, ұрпақ мың жасап, жарығыңыз сөнбесін.
Атың-атың ату бол, туыстармен тату бол!
Айдағысыз малды бол, ағайынның алды бол!
Бағаналы тайдай бол, жеміс берер баудай бол!
Жақсылыққа семіз бол, шағалалы теңіз бол!
Дұшпан қуса жетпесін, қаз үстіңнен өтпесін!
Тағдыр оны теппесін, ырыс-дәулет өтпесін!
Ананың тілегі
Айналайын, балашым, аман болсын анашың!
Аман болсын әкең де, ағатайың, тәтең де!
Өзің тәтті балдай бол, тамыры терең талдай бол!
Биік заңғар таудай бол, жемісі мол баудай бол!
Өмір жолын таңдай біл, туралықты қолдай біл!
Әкенің тілегі
Балам, озық өрен бол, қыз көзіндей терең бол,
Ел сынасына – құлақ сал, ал мақтаса – керең бол!
Әділдікке жуық бол - әлжуаз боп туыпты ол,
Күн көзіндей жылы бол, көк сүңгідей суық бол!
Қаттап тұрса тыстан қол – басқаруға ұста бол,
Ақыл-ойға ұзын бол, қызыл тілге қысқа бол!
Жақсылыққа шеген бол, жамандыққа шемен бол,
Өз әкеңнен биік бол, өз ұлыңнан төмен бол!
Қаралы елдің таңы бол, жаралы елдің жаны бол,
Сөніп өлме, өлсең де - өз отыңа жанып өл!
Ағайынның тілегі
Бір үйдің баласы емес – көп үйдің санасы бол,
Бір елдің баласы емес – бар елдің данасы бол!
Бір тонның жағасы емес – көп қолдың ағасы бол!
Ақты ақ деп бағала, қараны қара деп қарала!
Өзегің талса, өзен бойын жағала,
Басыңа іс түссе, көпшілікті сағала!
Өзіңе-өзің кәміл бол, халқыңа әділ бол!
Жауыңа қатал бол, досыңа адал бол!
Ата айтар бір тілек
Сөзің аталы болсын, атың жоталы болсын!
Биең құлынды болсын, түйең боталы болсын!
Қойың егізден тапсын, ешкің сегізден тапсын!
Келін аяғымен жақсын, қойшы таяғымен жақсын!
Көңілің дуалы болсын, басың сыйлы болсын!
Қызың ибалы болсын, ұлың милы болсын!
Кемімей парқың, қадірлі халқың басыңды бағалар болсын!
Өзің сары тісті қария, дәулетің дәрия болсын!
Әже айтар бір тілек
Фарабидің басын берсін,
Жамбылдың жасын берсін!
Жолбарыстың жүрегін берсін,
Жортқан елдің білегін берсін!
Жүсіптің дидарын берсін,
Мұхамметтің иманын берсін!
Жаныңа даланың кеңдігін берсін,
Әзірет Әлінің ерлігін берсін!
Әміренің әнін берсін,
Сәкеннің сәнін берсін!
Құрманғазының күйін берсін,
Шараның биін берсін!
Қажымұқанның қайратын берсін,
Исатайдың айбатын берсін!
Абылайдың байрағын берсін,
Бауыржан батырдың айбарын берсін!
Дәстүрлі тойларға » Шілдехана »