Тост-тілек пен дос-тілек кітабынан Сүндет тойға - құттықтау
Тост-тілек пен дос-тілек кітабынан Сүндет тойға
Сүндет тойБаланың сүндетке отыруы – оның азаматтыққа апарар жолға қадам басуымен тең. Сүндет – пәктіктің, тазалықтың, мұсылмандықтың белгісі. Сүндетке отырған баланың нағашылары оған нағыз азамат болдың ғой деп тай мінгізетін болған, ата-апалары түрлі базарлығын сыйға тартқан.
Құттықтау үлгілері
Той төресі – сүндет той: ата-анаға міндет қой! Үлкен міндет атқарып, ата-анасы шаттанып, арамызда күлімдеп, бастарына бақ дарып, бар көңілін ақтарып отырған бір жайы бар – маңдайында айы бар: жарқыраған баласы – болашағы, панасы! Бір қуанды әкесі, бір қуанды анасы – атқа қонған баласы, айға қонған санасы! Құтты болсын қуаныш, өссін елдің данасы!
Сүндет тойы баланың құтты болсын! тезірек ер жетіп, имандылықты бойына сіңіріп, өскен елінің айтулы азаматы бола берсін!
Жасыңды санап қарасам – биылғы жыл бестесің,
Зейнет тепті парымдап тепкішектің кестесін.
Үкілеулік ер бесті тақымыңнан кетпесін,
Қалаулы елдің ұлы бол, атақ-даңқың өшпесін.
Төгілген жорға мінгенің, жібек, мақпал кигенің,
Оқалаулы үзбесі жарқыраған түймеңнің.
Өмірлі бол, қарағым, таудай болсын талабың!
Қар үстінде от жонар – қалаушы тапса қалауын,
Бақыт қонсын басыңа, аулақ болсын ажалың.
Беделді болып еліңе, өтімді болсын базарың,
Өрге жүзсін өнерің, сынбасын сағың, ажарың!
Талмайтын талабың мол болсын,
Самғайтын қанатың сол болсын!
Ырыс-ынтымақ, баянды бақыт берсін,
Ұзақ ғұмыр, тұрлаулы уақыт берсін!
Үкілі ат астыңнан өмір-бақи кетпесін!
Қасекенің қарғысы саған мүлде жетпесін!
Елдің ерен ұлы бол – атақ-даңқың өшпесін!
Өз құрбыңның алды бол, қора толы малды бол!
Жауыңа дес бермейтін, арыстандай жалды бол!
Өсе берсін өркенің, шарлай бергін жер шегін.
Жаспен бірге бақ берсін, тәңір иіп нақ берсін!
Қайырыңды ел көріп, жомарт деген ат берсін!
Сен таңдаған келінім үйге ырыс ап келсін!
Мұсылмандық – бұл міндет, құтты болсын бұл міндет.
Өмір жолы – ұзақ жол, ұзақ жолда талмағын,
Еңбек, өнер, ғылымда қатарыңнан қалмағын.
Биік болсын талмағын,
Халқың сыйлар адам бол – орындалсын арманың!
Нағашыдан бір тілек
Қатарыңның алды бол,
Бақытты бол, малды бол.
Бақытыңа мастанып,
Бола көрме қанды қол.
Жас берсе, бірге бақ берсін,
Жарылқап тәуір нақ берсін.
Қайырыңды ел көріп,
Жомарт деген ат берсін.
Жолдарыңды оңдасын,
Қыдыр болсын жолдасың.
Қырық шілтен, Ғайып-ерен
Қорғаштап сені қолдасын.
Ағайынның ақ тілегі
Мұсылман болдың қарағым,
Кәне бермен қарағын.
Шырағын жағар ұлысың
Ата менен ананың.
Таудай болып талабың,
Алтын менен күмістен
Жасалсын барлық жарағың.
Көрімдігің мінеки,
Бар ма тағы қаларың?
Қой сұрасаң – қой берем,
Тай сұрасаң – тай берем.
Зат сұрасаң – зат берем,
Ат сұрасаң – ат берем.
Батырлығың байқалса,
Сауыт берем Ақберген.
Мұратыңа жете бер,
Күнннен-күнге өсе бер.
Ұзақ болып өмірің,
Өміріңнің түйінін
Өз қолыңмен шеше бер.
Дәстүрлі тойларға » Сүндет той »