Тост-тілек пен дос-тілек кітабынан Қыз ұзату тойына - құттықтау

Тост-тілек пен дос-тілек кітабынан Қыз ұзату тойына

Қыз ұзату тойы
   Үйлену – алдымен бірін-бірі сүйіп-ұнатқан қыз бен жігіттің ата-ана, ағайын-туғандары танысып-білісуінен басталады. Алғашқыда күйеу жігіттің әке-шешесі, ағайын-туыстары болашақ келіннің үйіне келіп – қыз ата-анасының, туыстарының ризалығын алып, құда болысып, тойдың барысы жайлы сөз байласады. Олардың келісімі бойынша қыз ұзату, келін түсіру тойлары бөлек-бөлек өткізіледі.
                     Құттықтау үлгілері
   Адам беру біреуге оңай емес қашанда, өмір заңы осы ғой – салт-дәстүрден қашам ба?! Өзіміз де қыз болдық, еріп кеттік сезімге – айналайын құрдасым, кетті қыз деп езілме! Барған жерде ашылсын бағы қыздың деп тіле, біздің қызды әкеткен күйеу бала да епті ме? Ұзағынан сүйіндірсін ылайым, жақсы болса күйеу бала – неге бүгін жылайын?!
                                 

   Қызымыздың қонған жері құтты болсын! Денсаулығы мықты болсын! Жүрегі оның түкті болсын, сауған малы сүтті болсын! Өзге елде қадірі арта берсін! Енесі мен анасын бірдей көрсін, көпбалалы ана болып гүлдей берсін!
                                

   Қадірлі қонақтар. Бүгінгі қуаныш иелері! Ағалар, аналар! Іні-қарындастар! Осы ақ дастархан басында адал ниетпен жиналып отырған құда-жекжаттар!
   Тойға келіп отырған жаңа құдаларға «төрге шыққандарыңыз құтты болсын!» демекпіз. Құдалықтарың мың жылға ұлассын!
 
Бала – артта қалған із,
Бақыт – ұзатылған қыз,
Байлық – қолға ұстаған мұз,
Дүниенің қызығы сіз бен біз!
- дегендей, «сіз-біздігіміз» еш уақытта жоғалмасын. Екі жастың бақытын берсін, көре алмаған дұшпанкөз арамыздан кете берсін!
Бекзаттарым-ай,
Жекжаттарым-ай,
Жекжат болып ауылыма кеп жатқаның-ай!
«Бала бақытын қыздан іздейді,
Қыз бақытын түзден іздейді», деген екен дана бабаларымыз. Біздің қызымыз бақытын сіздің шаңырақтан іздеп келді. Үлпілдеген үкіміз бізден өтті – сіздерге жетті. «Жібекті түте алмаған жүн етеді», - дейді. Жүн етсеңіз де, гүл етсеңіз де ендігі жауапкершілік жүгі - өздеріңізде, қадірлі құдалар!
                                     

«Жолаушы мұраты - жету, қыз мұраты – кету» екенін ұғынғанымызбен, бауыр етінен жұлып алып қызды өзге жұртқа аттандыру кімге болса да оңай емесін бәріміз білеміз. Алайда, барған жерінде тастай батып, судай сіңіп жатса – абыройларыңыздың асқақтағаны сол емес пе! Құдай қуат берсін, құда-жекжаттарымызға сана берсін, жақсы жер болса – қызымыз алаңдамай бара берсін! Екі жас бақытты болсын, өмірі жақұтты болсын!
                                      

Ей, уақыт-ай!
Екенсің ғой тым қысқа,
Барады ұқсап кешегі өткен жыл құсқа.
Балалықтың бір базары тарқай ма,
Досым қызы шығып жатыр тұрмысқа.
 
Екі балаң отау құрды, топтасты,
Екі тасқын бір айдынға тоқтасты,
Қыз ұзату тойы дейміз,
Жігіт ше?
Жігіт бүгін бостандықпен қоштасты.
 
Салтанатты той үстінде отырмыз,
Айдын-көлде аққу қаздай отыр қыз.
Қос періште көрінеді көзіме,
Біздер – пенде, қарапайым топырмыз.
Біледі ғой қимастықтың өлшемін –
Әке болып,
Ана болып көрсе кім?
Өз қолымен өзі үзіп бергендей,
Жүрегінің ең қажетті бөлшегін.
 
Кірбің басса не амал бар жүзіңді,
Баса алмайсың
Басыңдағы ызыңды,
Тап осындай той-даңзаға соңында
Әкетер ме сенің де ертең қызыңды?!
 
Қуан, достым, өлең сөзге болма алаң,
Қызым түгіл, ұлымды ойлап қозғалам.
Қыз ұзай ма, әлде жігіт...
Кім білсін?!
Не десең де күйеу балаң - өз балаң.
 
Тойдағылар,
Қане сап, сап, тыныштал,
Біз дайынбыз,
Ей, асаба, дұрыстал.
Жас жұбайлар махаббатын бекітіп
Шампан шапшып,
Қоңырау соқсын хрусталь.
Соқсын,соқсын,
Шампан толған хрусталь.
                     

Қимайды ұзатқан жақ қыз баласын,
Жан-жүйең қалай ғана сыздамасын.
Құдалар алақанға салып бердік
Жүректің жұлын алып бір парасын.
                    

Жас баланың күлкісін берсін,
Жас ананың ұйқысын берсін.
Жомарттың қолын берсін,
Жортқыштың жолын берсін!
 
Қыздың қылығын берсін,
Судың тұнығын берсін.
Асаудың арынын берсін,
Түнгі отың жарығын берсін!
 
Асқар таудың паңдығын берсін,
Бұлбұл құстың таңғы үнін берсін.
Даланың жазықтығын берсін,
Гүлдің нәзіктігін берсін.
 
Теңіздің тереңдігін берсін,
Қыранның көрегендігін берсін!
Ердің көңілін берсін,
Бүркіттің өлімін берсін!
 
Лашынның жүрегін берсін,
Нағыз достың тілегін берсін!
Мәңгі-бақи ажырамас,
Шын ғашықтың білегін берсін!
                         

Балалардың ұзақ болсын өмір-жасы,
Бірге өссін біте қайнап мал мен басы!
Қашанда тіл мен көзден аман сақтап,
Қасында жүрсін оның пір-панасы!
 
Үйреніп өнер-білім өрге жүзсін,
Үлгі алсын қатар-құрбы замандасы!
Қондырып оң жағына отауларын,
Қызығын көрсін оның ата-анасы!
 
Алдынан шамшырағы қарсы жанып,
Гүлденсін жермен көктің екі арасы!
Шалынсын періштенің құлағына
Біздердей қариялардың ақ батасы!
 
Қуанышқа көңілдер толсын әман,
Баяғыда жоралғы-жол сұраман.
Менің жалғыз тілерім жол үстінде –
Ұл-қызымыз бақытты, болсын аман!
                                 

Көкірегі сырға толы күй-дастан,
Алатаудай арманы бар жүздеген.
Өзі өскен ұясынан симастан,
Түзден бақыт іздейді екен қыз деген.
Тағдыры оның суық қарап, сыздана,
Шешімі ауыр сын артқанмен санаға.
Көктемдегі қарлығаш қой қыз бала,
Айналатын шуақ шашқан Анаға!
                       

Пери-жаным, балдызым, қызғалдағым!
Арманыңның аралап гүлзар бағын,
Барамысың алыстап арамыздан,
Жүрегіңнің орындап ізгі арманын.
 
Артқа тастап жастықтың дөңін асып,
Арманыңа жетуге болып асық.
Арамыздан әп-сәтте кете бардың,
Айналайын бара ғой - жолың ашық...
 
Тілегіңді... бара ғой, құп аламыз,
Ақ жол тілеп өзіңе тұр бажамыз.
Жиырма екі жыл сені еркелеттік,
Қарымтасын ешкімнен сұрамаңыз...
 
Адамзатқа ұсынған күні-бұрын,
Кім құптамас Алланың құрылымын?!
Біздің емес... Хадишаның қызы болдың –
Шын жүректен ұғыппыз мұны бүгін.
 
Толғаныстан есім жоқ менің тегі,
Бар, бара ғой – күтуде елің сені.
Оразбайдың қызы деп айтпайды енді,
Деп айтар жұрт: Ерқанат келіншегі...
 
Қимай тұрмыз, қайтейік, мұным анық,
Саған деген көңіліміз тұнық анық.
Бар, бара ғой, тапсырдық Ыстыларға,
Етімізден жүректің жұлып алып,
Етімізден жүректің жұлып алып...
                               


Дәстүрлі тойларға » Қыз ұзату »