Тойға арналған өлеңдер - құттықтау

Тойға арналған өлеңдер

Сәлеметсіз бе,Жанар! Хатыма жауап беріп,ілтипат танытқаныңызға рахмет! Менің аты-жөнім-Ғабиден Қожахмет,Қызылорда қаласының тұрғынымын,мамандығым-филолог,жергілікті оқу орнын қазақ филологиясы мамандығы бойынша тәмамдап шыққам.Сіздердің сайттарыңызды көріп,той тақырыбына арналып жазылған өз өлеңдерім де,бәлкім,біреулердің кәдесіне жарап,қызығушылығын оятар деген ниетпен "Гүл атты бүгін қыз-ғұмыр" және "Бақыттың тойы басталды" деген екі өлеңімді жолдап отырмын.Сіздерге алдын ала рахмет! Оқырман көбейсін! С/н:Ғабиден Гүл атты бүгiн қыз-ғұмыр. Бақ күткен екеу бүгiн де дағы кеше де, Махаббат көлiн қос ғашық болып жүздi бiр. Ата мен ана бала ғой әлi десе де, Гүл атты бүгiн қыз-ғұмыр. Жүзiне дағы қарайды бiрi бiрiнiң, Болашақ атты бақытқа ендi ой кетiп. Балдырған қыз ең,кеңейiп-дағы ұғымың, Қалдың ба сен де бойжетiп? Еркелiк көрiп сезгенмен қамкор алақан, Барiбiр қызға бұйырар бақыт қиядан. Өзiңдi санап жүргенде әлi балапан, Ұшар күн кептi-ау ұядан. Болашағыңның кеңiтер кеуде сарайын, Айтыла берер әрдайым саған ақ тiлек. Өзiңе ендi ата-ана,бауыр,ағайын, Қалады бүгiн бақ тiлеп. Кеткенмен ұшып,көңiлдерi барiбiр бiр сенде, Тiлейдi сенiң тiршiлiгiңнiң бүтiнiн. Ұмытпа ендi жарыңмен қайда жүрсең де, Туған үйiңнiң түтiнiн. Өйткенi сенi осында бесiк тербеткен, Келгенсiң мұнда өмiрге болып наресте. Қуанған,күлген,жылаған кезiң-ержеткен, Тұрады екен барi есте. Мiнеки ендi қалыңдық сен де атандың, Тәлiмiң менен тәрбиең-барi еркiңде. Өзiңдi өсiрген осынау киелi Отанның, Атына кiрдi келтiрме. Бойжетiп қапсың,осылай уақыт,өтер күн, Жарыңды сыйла,артады сонда бағаң мың. Ғибрат берген тәлiмiн ұмытпай Әкеңнiң, Ақ сүтiн ақта Анаңның. Көрiнбей жүрсiн жасаған iстiң бiрi мiн, Батасын берер сол кезде әже,аталар. Балапан-даурен,кеуделердегi гүл-ұғым, Күн келдi келiн атанар. Алдағы ғұмыр күндерiң бiр боп өтетiн, Жарыңмен бiрге бақыттың гүлiн ұста тең. Туған үйiнiң түтiнiн қимай кететiн, Қыз-дәурен солай қысқа ма ең?! Бақыттың тойы басталды Келеді бүгін көгімнен тағы атып күн, Шырқайтын сәті бақ тілеп жасқа уақыттың. Қос аққу болып жұбайлық өмір басталып, Көтерілді туы бақыттың. Отауға енді сәулесі бақтың жамырап, Ақжолтай болып есіктен енді тағы бақ. Әулеттің әнін баянды қылып шырқайтын, Көтерілді тағы шаңырақ. Мөлдіреп бүгін тілекші көзден жас тамар, Жұбайлық жолда сүйеніш болар асқақ ар. Болашақ атты бақыттың баспалдақтары, Осынау сәттен басталар. Кеуделерге кеп орнықты бүгін ізгі нұр, Тербетті әуен той жыры болып бізді бір. Ару-дәуірдің қалыңдық-ғұмыры басталып, Артында қалды қыз-ғұмыр. Көңіл-кеудені ізгі сезімге жайлаттық, Той сәні қылып ортаны тағы жайнаттық. Тағы бір ұлдың аяғына тұсау оралып, Артында қалды бойдақтық. Аяма енді ата-ана,туыс барыңды, Өз ұлың бүгін бақыттан тұмар тағынды. Серігі болар қолына қонып жан-жары, Жас отау нұрға малынды. Ақ сәуле болып шымылдық пенен перделер, Оранды гүлге той-думан күткен бөлмелер. Ата мен ана,көңілі хош боп қайнаға, Сабылды бүгін жеңгелер. Өйткені олар абысын тағы атанды, Олар да кеше үлкеннен сыйлы бата алды. Жымыңдай күліп ақылды тентек қайнылар, Қорғаштап жүр-ау отауды. Әзілдер олар құдаша жаққа астарлы, Шараппен сыйлап базына қылған дос-жарды. Қуанышқа бөлеп әулеттің барлық адамын, Бақыттың тойы басталды. Жан еді елі бір кезде-дағы ардақтар, Жан еді олар сөзінде жатқан салмақ бар. Жер басып жүрген қандастарын жебеп рухымен, Бір аунап түсті әруақтар. Өзгеше болып келеді тағы атып күн, Өтсінші тоймен бәрі де мынау уақыттың. Адам-ғұмырдың көңілде қалар белесі, Үйлену тойы,үй болу тойы басы ғой енді бақыттың! Ғабиден Қожахмет,Қызылорда қаласы

Қыз ұзату » Үйлену тойы » Соңғы қосылған дүниелер »