Жан апайыма - құттықтау

Жан апайыма

Туған күнді тойлаған,
Шаттанады тойда жан.
Жасына жасты жаматып,
Қосады екен жылда адам.
 
Жылдардан өткен із қалды,
Самайды қырау боз шалды.
Өмірді өткен барласаң,
Көңілге түрлі ой салды.
 
Кешегі бұла кез қайда,
Ойнақы күлім көз қайда?
Талдырмаш бойлы, ай мүсін
Келісті, сұлу қыз қайда?
 
Бәрі де болған... өтті жаз,
Сыбызғы үнді кетті саз.
Аққу ма мынау кешегі,
Балпаңдаған мама қаз?
 
Жүректе сызат-әжімдер
Тағдыр салған “әзілдер”.
Мына өмірде кім-кімді
“Тақсырға лайық - тәжім”, – дер.
 
Осылай толғап кеткенде,
Есеп беріп өткенге.
Шарлап мына дүниені,
Шүкір дейсің біткенге.
 
Ортайма дейсің көңілім,
Қызық көргей өмірім.
Әділеттен нәр алып,
Марқайар талай көңілің!
 
Көңілге бүгін нұр толар,
Құшаққа тойда гүл толар.
Әр кездің өз қызығы -
Өмірдің әрі сол болар! 

Туыстарға » Аға-апайларға »