Бастық пен әйел/әзіл әңгіме/ қосқан Ғабиден қожахмет Қызылордадан - құттықтау

Бастық пен әйел/әзіл әңгіме/ қосқан Ғабиден қожахмет Қызылордадан

Бастық пен әйел           (әзіл) Әйел. Қараң қалғыр,осы бастық көрмесем деп едім,бастық көргім келмейді! Алдына барсаң,бір шаруаң бітпейді.Біз сияқты адамдарды бастық қайтсін,сөйлесе ме бізбен? Бастық көрсем,жүйкем жұқарады менің. (Жасөспірім қос қызына қарап.) Сыртқы есік ашылғандай болды ма,біреу келді-ау деймін осы?    (Бастық кіреді.) Бастық. Жеңгей,даусыңыз жарқын-жарқын шығып жатыр ғой,балаларға ұрсып жатырсыз ба? Әйел (лезде өзгере қалып). Құдайым-ау,бастық қайным келіпті ғой.Біздің үйге бастық келмеуші еді.Келіңіз,келіңіз! Төрлетіңіз! Құдай-ай,біздің үйге де бастық келеді екен ғой? Төрге шығыңызшы! Айгүл,Айнұр,қайда кеттіңдер,құрымағырлар,осы біреу келсе,зып беріп інге кіріп кететіндерің не? Төрге көрпеше салыңдаршы! Ағаларыңа көрпеше салыңдар! Мен шай қоя қояйын.(Шай қойып келіп.) Айгүл,Айнұр,қайдасыңдар,қарақтарым-ау? Көрпеше төсеңдер дегенім қайда? Үйдегі бар көрпеше осы-ақ па? Бәрін әкеліп салдық дейсіңдер ме? Құдай-ай,енді қайттім? Бастық адамның жамбасы жай адамның жамбасы емес қой. Креслоға отырып үйренген жамбасқа салқын өтіп кетер ме екен енді? Қараң қалғыр,үйдегі бар көрпе осы ма? Қатираға барып келіңдерші,үйіндегі көрпешелерін берсін.Үйге бастық аға келіп қалып еді деп айтыңдар.Көрпешелерінің бәрін берсін! (Бастыққа қарап.) Қайным,өзіңізден ұят болды-ау.Қыздар үйдегі бар көрпешені төсепті.Жамбасыңызға салқын өтпесе болар еді-дағы.Сіздің жамбасыңыз жай адамның жамбасы емес қой.Креслоға отырып үйренген жамбас қой.(Есікке қарап.) Әкелдіңдер ме? Бәрін берді ме Қатира? Шырағым-ау,сүйретпесеңші ана көрпені! Қағып жібер! Не деп айтты дейсің Қатира? Көрпешелерімді үстіңгі жағына төсесінші дейді.Өз көрпелерімнің астыңғы жағына төсесем,не болады екен? Баламды аунатып алайын деп едім дейді? Мұрынбоқ баласы бастық болады деп жүр ме екен? Мұрынбоқ баласын бастық қылудан дәмесі бар екен ғой Қатираның? Ерегіскенде өзіміздің Нүкенайды бірінші аунатып алыңдар! Нүкенайды аунатып алыңдар сол.Нүкенай қайда? Далада ойнап жүр ме? Шақырып алыңдар! Ақырын ғана шақырып алыңдар! Ана Қатираның құлағы сақ. "Нүкіш,Нүкіш"-деп ақырын шақырыңдар.Қазір көрпеге аунайсың де.Бастық аға кеткесін,көрпешеге аунайсың,дайын тұр де.(Көрпешелерді көтеріп келіп,бастыққа қарап.) Қайным,түсе тұрасыз ба? Мына көрпешелерді де салып жібере қояйын.Қараң қалғыр,осы үйдің кілемі де жұқа.Ағаңа құдайдың зарын қылам,бір кілемнің қалыңын алайықшы деймін,қалыңын ала қояйық бір.Жоқ,өмірі биттің қабығындай жұқасын аламыз ғой біз.Өзіңіздей адамдар келгенде-ұят тіпті.Жұрттың үйінің кілеміне отырсаң,бір жайлаудағы көк шалғынға отырғандайсың,біздің үйдің кілеміне отырсаң,ескі жұртта қалған тері тулақтың үстінде отырғандайсың.Ал,қайным,үстіне шығып кетесіз бе? Шыға аласыз ба? Қарныңыз кедергі жасайды екен ғой.Ойпырм-ай,жас адам болса да,бастық болғасын,қарын жарасып тұрады деуші еді,рас екен. Ойбай-ау,мен неғып тұрмын десеңші,қолтығыңыздан демемей.Мұндайда қолтықтан демейтін біреу болу керек екен ғой.Ал,қане,әуппа,әуппа,әуп деңіз! Әп,бәрекелді! Биікке өрмелеп үйренген баласыз ғой.Қолтығыңыздан демейтін жан табылса,әрі қарай өзіңіз алып кете алады екенсіз.Қолтықтан демейтін адамның орны бөлек қой.Ал,қайным,мен шай әкеле қояйын.   (Шай келген соң.) Бастық (ыңғайсызданып). Жеңгей,ыңғайсыз болды-ау.Төбем потолокқа тиіп қалғандай-ау осы? Әйел. Қараң қалғыр,біздің үйдің төбесі де аласа ғой.Осыны айтып ағаңа құдайдың зарын қылам.Жұрттың үйіне барып,төбесіне көз салсаң,бір күмбезді аспанға қарап тұрғандайсың.Біздің үйдің төбесіне көз салсаң,еңсең түседі.Бастық адам деген еңселі келеді ғой,кеудесін керіп,басын тік ұстап жүргесін,қайдан еңселі келмесін? Біз сияқты жүзін төмен салып,бүгежектеп жүрер дейсің бе? Қайным,сәл еңкейіп отырсаңызшы,сәл еңкейіп отырыңызшы! Ойпырм-ай,бастық адамның төбесі көк тірейді деуші еді,рас екен ғой! Бастық (ыңғайсызданып). Жеңгей,дастархан тым төменде қап қойды-ау осы? Кесеме қол созсам,етпеттеп құлағалы отырмын.Жіп болса? Кесеге байлайтын бір жіп болса? Құдықтан қауға тартқандай бірдеңе етер ем... Әйел. Жіп дейсіз бе? Айгүл,Айнұр! Қайда кетті,ей,бұл қыздар? Қайда жүресіңдер түге? Жіп алып келіңдерші! Ағаларыңның кесесіне байлайтын жіп алып келіңдер! Әппақ,таза жіптен алып келіңдер! Ағаларыңа шай ішкенде,ыңғайсыз болып жатыр ғой.(Бастыққа қарап,күлімсіреп.) Қайным,жіп қайдан ойыңызға келді десеңізші? Бастық адам ауызға апаратын нәрсенің ебін табады деуші еді,рас екен ғой.Жіп байлап тартса да,бірдеңе қылады екен ғой.Қайным-ау,одан да үстелді сізге жақындата қойсақ қайтеді? Сөйтейік те,сізге жақындата қояйық.(Ана жаққа қарап.)Айгүл,Айнұр,қайда жүрсіңдер,қарақтарым-ау? Бері келіңдерші! Мына үстелді көтеріңдер! Иықтарыңа салып көтеріп тұрыңдар! Ағаларың шай ішіп алғанша,көтеріп тұрыңдар! Қозғалтпаңдар! Ағаларыңның кесесі шайқалмасын! Бастық (ыңғайсызданып).Жеңгей,қойыңыз.Үстел ауыр ғой.Қыздардың иықтары ауырып жүрер. Әйел. Иығы ауырып қағынды келер дейсің бе? Қыздың қырық жаны бар деген.Қайта осы бастан сыйлы ағаларына қызмет жасап үйрене берсін. "Кісі болатын баланың кісіменен ісі бар,кісі болмайтын баланың кісіменен несі бар?" деген.Қозғалтпай ұстап тұрыңдар! Айгүл,саған не болды,қарағым-ау,арқаңды қасығаның не? Шырағым-ау,ағаңның шайы төгілді ғой.Неғыл дейді,арқамды қышып жіберші дейді.Арқаңды қышып жіберетін кішкентай баласың ба? Сенің арқаңды қышып отырам ба,шайымды құям ба? Онсыз да табанымның астындағы орындық қалт-құлт етіп әрең тұрмын.Қараң қалғыр,әкелерің қолына балға ұстаса,шиқан шығады ғой.Ал келді! Ойпырм-ай,құлап қала жаздағанымды қарашы.Аққұманыммен қосылып құлап кете жаздадым ғой.Қайным-ау,шай алсаңызшы! Айнұр,бір қолыңмен ағаңа қанттын ыдысын жақындатып жіберші.Ұстап тұр көтеріп! Ал келді! Қайным,астыңыздағы көрпешелер жылжып бара жатыр ма,абайлаңызшы,құлап кетпеңіз.Бір қолыңызбен карнизден ұстасаңызшы,қайным. Байқаңыз! Бір жағының шегелері шығып тұр еді.Қараң қалғыр,жұрттың үйіне барсаң,қабырғалары қытай қорғаны секілді.Біздің үйдің қабырғалары үгітіліп,уатылып тұрады.Абайлаңыз! Перденің өзін әрең көтеріп тұр ғой.Қайным-ау,тамақ алмадыңыз ғой.Сіз үшін әкелдім осы тамақты.Түкте жеген жоқсыз.Тойдым дейсіз бе? Құдай-ау,бастықтарда тойдым деп айтады екен ғой.Әшейін әзілдеп жатқаным ғой,қайным болғасын. (Бастық кеткен соң.) Әйел. Қараң қалғыр,осы бастық көрмесем деп едім.Бастық көрсем қара жыным қайнайды менің.Алдына барсаң,түк шаруаң бітпейді.Бізді қайтсін бұлар? (Қыздарына қарап.) Сендерде бастық болар ма екенсіңдер? Сабақтарыңды бір оқымайсыңдар,қайдан бастық боласыңдар,тек менің бетіме аңтарылып қарайсыңдар да отырасыңдар.Бірақ оқымаған адам бастық болып кетеді өзі.Ана бала қайда? Ойнап жүр ме? Өлімін салып ойнайды ғой ойнаса.Бастық болмайтын бала сондай болады өзі.Бастық болатын бала ойнай ма? Бастық болатын бала неге ойнасын?  Ондай бала аппақ көйлегін киіп алып,үйінен алып шыққан тәтті-пәттілерін жеп,бір биіктің үстінде сол ойнап жатқан балаларға қарап отырады.Сорлы кедейдің баласы да өлімін салып ойнайтын.Сол бастық болатын баланың қолындағы тәтті-пәттілерге бір тістетші деп көзін сатып тұрады сосын.Неге тістетсін,тістете ме? Айтқанын қылып,айдауына жүрген балаға ғана тістетеді.Айтқанын қылмайтын балаға неге тістетеді екен? Бастық болуға сөйтіп-сөйтіп үйренеді.Ойпырм-ай,Валя тәтелерің Володя токарь болды деп сонша қуанып жүр.Орыспысың деген.Токарь деген не дейсің бе? Жұмысшы да токарь деген.Бастық дейсің бе бір.Соған бола жүрегі жарылып қуанып жүр.Тамақ істейік те,ана етті турасаңдаршы,қазір әкелерің келеді,бірдеңені қырып келгендей болып.Ішіп келсе,жақсы болар еді.Жұрт ішпей келсе,жақсы болар еді десе,біз ішіп келсе жақсы болар еді дейтін болдық қой.Ішпей келсе,қабағы бір ашылмайды,ішіп келсе,әйтеуір,жайдары отырады,балдарды еркелетеді,арасында мені де еркелетеді.Ау,ана етті турамасаңдар да тоңазтқыштан шығарып қойсаңдаршы! Құдай-ай,сендерге сөйлеймін деп төбем ауырады осы.Апарып беріңдер ана Қатираның көрпелерін,баласын аунатып алсын! Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы
Әзіл-қалжың » Соңғы қосылған дүниелер »