Бәрінен де сен сұлу \әзіл әңгіме\ қосқан Ғабиден Қожахмет - құттықтау

Бәрінен де сен сұлу \әзіл әңгіме\ қосқан Ғабиден Қожахмет

Бәрінен де сен сұлу       (әзіл әңгіме) "Самат досымен төбелесіп қалыпты" деген әңгіме жұртты кәдімгідей елең еткізді. "Ойпырм-ай,екеуіне не жетпей жүр?", "Екеуі тіпті егіз қозыдай айрылмайтын еді ғой?"-десіп,естіген жұрт біраз гуілдесіп қалды. Жұрт айтса айтқандай-ақ,екі жігіттің арасынан қыл өтпестей тату екені рас еді.Тіпті бала күнінен көрші тұрып,бір аулада бірге ойнап өскен жандар емес пе? Ол аз болса екеуі қатар,қарайлас үйленгені тағы бар.Екеуінің келіншегі де бұрыннан дос,құрбы болып келе жатырған жандар еді.Қараторы,сүйкімді келген осы екі бойжеткен бір-ақ күнде Самат пен досының сүйікті жарына айналып шыға келді.Оны аз десеңіз,екеуінің ұлдары да өмірге қарайлас келіп,екі достың әке атанып,қуаныштарын бір-бірімен бөлісіп жүргендері жұрттың көз алдында өтті емес пе? Екі жігіттің өздерін былай қойғанда,отбасыларының өзі аяқ-табақтары араласып жататынын осыған куә боп жүрген елдің қай-қайсысы да біледі.Енді екі досқа шынында не жетпей қалды? Бәрі де Саматтың бір ауыз әңгімесінен басталған. Сол күні де екеуі аулада жайбарақат сөйлесіп отырған еді.Екеуінің келіншектері үйге кіріп-шығып жүрді.Кенет Самат досына: -Қалай ойлайсың,менің келіншегім ең әдемі келіншек емес пе?-дегені. Осы сөзді досының құптайтынына,"иә,солай" дейтініне Саматтың сол кезде титтей де күмәні жоқ еді.Бірақ досының аузынан басқаша сөз шықты: -Иә,саған,ең әдемі келіншек менің келіншегім ғой. Мынадай күтпеген жауапқа Самат әуелде аңырып отырып қалды.Сонан-соң оны кәдімгідей-ақ күлкі қыссын.Әйтеуір,күлкісін зорға жеңдіріп барып,соның өзінде де епетейсіз ыржиып отырып досына: -Қап-қара келіншегіңді кәдімгідей-ақ сұлу көрмексің бе?-дегені. -Мә,саған қап-қара! Самат айтқан осы бір ауыз сөз бәрін бүлдірді,өйткені досының жұдырығы дәл осы сәтте Саматтың танауына сарт ете қалып еді. Мұндайда қарап қалатын Самат па,досына қарай кезекті соққыны ол да бағыттады.Енді екеуі ауланың ортасында тұрып алып,бір-біріне жұдырық сілтесті: "Мә,саған сұлу!", "Сұлудың кім екенін көрмей жүр екенсің!" Осы екі достың баяғыда бала күнінде құм үстінде ойнап отырып,жанжалдасып қалатыны бар еді.Оған кінәлі-құм үстіндегі жол ережесінің айқын,анық болмауы.Екеуінің қолындағы топырақ тиелген ойыншық жүк мәшинелері түйісіп қалып,бір-бірінен жол сұрап,ақыр аяғында сәби саусақтары бір-бірінің көйлектерінен бүріп ұстап,құм үстінде аюдың қонжықтарындай алысып,ауыздарына топырақ толып,ысылдап-пысылдап,итжығыс түсіп жатқандарында екеуінің аналары жүгіріп келіп,ұлдарын ажыратып алып,жол ережесін реттеп,жандарында біраз уақыт МАЙ қызметкерінің міндетін атқарып отырушы еді.Одан кейін есейгенде,екеуінің арасында әлдебір нәрсеге пікір қайшылығы болса болған шығар,бірақ дәл осылай жұдырық жаудыра жөнелген жерлері жоқ.Енді ауланың ортасында тұрып алып,бір-біріне жұдырық сілтеген екі батырды сондағыдай ажыратып алатын аналары қазір жанында емес.Бірақ келіншектері бар емес пе? Аналары бұларды басы бүтін осы келіншектеріне аманаттағаны бар,міндеттерін оларға жақсылап түсіндіргені бар. Дегенмен үйден атып шыққан екі келіншек аңырып тұрып қалды,себебі енелері бұларға барлық міндеттерін түсіндіргенімен де дәл тәртіп сақшысының міндетін атқару жөнінде ешнәрсе айтпаған еді.Әйтсе де екі келіншекке арнайы дайындықтан өтіп жатуға уақыт тым тығыз болатын,сондықтан да жедел топтың жігіттері секілді шұғыл қимылдап,екі досты ажыратып алды. Сәлден кейін екі дос белуарынан шешініп тастап,ауланың екі бұрышында келіншектері құйған суға жуынып жатты.Бұлар жуынып жатқанда,келіншектері тек су құйып қана тұрған жоқ,ұрсып тұрды: "Үп-үлкен болып алып ұялсаңдар нетті.Есейген сайын бала болып бара жатырсыңдар ма? Сендерден ұлдарың да ақылды,бірінің қолына түскен тәттіні бірінің аузына салады".Екі достың екеуі де келіншектеріне тырс етіп үндеген жоқ,төбелестің себебі туралы да ләм-мим демеді.Тек жуынып болды да,екеуі ауланың екі бұрышынан бір-біріне қоқилана қарап,теріс бұрылып кетті. Үйге келген соң, жатып алып Самат ойланды: "Ойпырм-ай,мынаның қорлығын-ай! Өзінің маңдайындағы көз бе,басқа ма,көз болса оның көретін көз екендігіне күмәнім бар.Адам деген осыншама талғамсыз бола береді екен-ау? Болмаса көзге ап-айқын көрініп тұрған нәрсені бұл неме тап бір миғұла болып кетпесе неге аңдамайды? Итіңнің жұдырығының қаттысын көрдің бе? Бірақ мен де оны аяй қойғаным жоқ,талғамсыз немеге сол керек!" Саматтың дәл осы ойын үйінде айна-қатесіз досы да қайталап жатыр еді: "Өзінің келіншегі аппақ болып тұрғандай,бұл неменің қай шатқаны? Өзі де сол үшін сыбағасын аз алған жоқ,бәлем!" Сонымен екі достың арасы не болды,бірін-бірі көрмей кетті ме? Бірақ бұлар үйлерінде аударылып-төңкеріліп,күңіреніп жатқанда,екеуінің келіншегі түк болмағандай,әмпей-жәмпей әңгіме соғып отырды емес пе? Ендеше екі дос олардан бөлініп қайда барсын,соның ертеңіне-ақ екі отбасы бір дастарханның басында бас қосып отырды. Бұл жолы екі жігіт ән бастады.Сол әнді қайсысының бұрын айтқанын,қайсысының бұрын бастағанын ең білікті деген әділ қазылардың өзі айқындап,анықтап бере алмас еді. Тек белгілісі-екеуінің де бір әнді айтып отырғандағысы еді: "Бәрінен де сен сұлу". Екі жігіт мойын тамырлары білеуленіп,әнді бір-бірінен даусын асыра түсіп шырқады: "Бәрінен де сен сұлу,сен сұлу". Екі батырдың келіншегі сол кезде барып бір нәрсені түсінгендей болды."Бұлардың қырғи-қабақ болып,шеше алмай жүргені осы екен ғой" дегендей бір-біріне жымыңдай қарасып,күліп отырды.Келіншектерінің күлгеніне екі батыр қабақ түйіп қарайды: "күлме,сен үшін айтып отырмын ғой". "Жердің де,көлдің де,күннің де,түннің де сұлулығы сенің сұлулығыңа тең келмейді,-деп шырқайды екі дос,-солардың бәрінен де сен сұлусың!"  Дауыстарын бір-бірінен асырып айтады.Қайсысы кем айтты,қайсысы артық айтты,мұны да ең мықтымын деген ешбір әділ қазы айқындап,анықтап бере алмас еді.Әйтеуір,екі жігіт өз жарларына деген махаббатын жұдырықпен емес,әнмен де дәлелдеуге болатынын сезгендей,әнді бар нәшіне келтіріп,шырқатып-ақ бақты.Ешбір әділ қазы олардың өнеріне төрелік айтуға жарамаса да,өз жарлары кәдімгідей-ақ алуан түрлі күйге еніп,елтіп отырды.Осыны сезген екі дос әнді бұрынғыдан да аспандата түсті: "Бәрінен де сен сұлу,сен сұлу". Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы
Әзіл-қалжың » Соңғы қосылған дүниелер »