Сүйетініңді ұмытпа \әзіл әңгіме\ қосқан Ғабиден Қожахмет - құттықтау
Сүйетініңді ұмытпа \әзіл әңгіме\ қосқан Ғабиден Қожахмет
Сүйетініңді ұмытпа (әзіл әңгіме) Жаңадан қосылған жас жұбайлардың келіншегі күйеуінен сұрады: -Жаным,мені сүйесің бе? Бұл сұраққа жігіт кәдімгідей-ақ таңданып қалды: -Қалай сонда менің өзіңді сүйетінімді я сүймейтінімді сен әлі күнгі білмейсің бе? Мұның жауабын мен сенен сұрағалы жүрсем. -Қылжақтамашы,-деді келіншек,-мен шын сұрап тұрмын. -Ал мен де шын айтып тұрмын,-деді жігіт.-Мен сені осы сұрақтың жауабын білген соң барып,маған тұрмысқа шыққан шығар деп ойлаушы едім.Қазір сенің мына сұрағыңа қарап,кәдімгідей-ақ ойланып қалдым.Сонда сен менің өзіңді сүйетінімді я болмаса сүймейтінімді білмей жатып тұрмысқа шыға салдың ба? -Сүйесің,-деді келіншек,-сүйетініңді білген соң барып үйлендім. -Оған да шүкір,-деді жігіт,-әйтпесе,мен осы сөзiңнен кейiн уайымдай бастап едім.Ал сен мұны үнемі есіме салып тұр,жарай ма? -Не үшін есiңе салып тұрмақпын?-Келіншегi таңдана сұрады. -Біздер ұмытшақпыз,-деді жігіт,-әйелдеріміз есімізге салып тұрмаса,ұмытып кетеміз.Ілгеріде бірді-екілі сондай оқиға болған деп ақсақалдар айтып отырушы еді. -Қандай оқиға?-деді келіншегi. -Үйінен шығып кеткен еркек кенеттен әйелін сүйетінін ұмытып кетеді де,өзге бір әйелмен қыдырады.Мұндай оқиға тарихта бір-екі рет қайталаныпты.Бірақ екі оқиғада да әлгі еркектердің әйелдері кінәлі екен.Ақсақалдар осылай деп айтады. -Не үшiн кінәлі болмақ? -Ескертпеген,-деді жігіт,-үйінен шығып бара жатырған күйеулеріне әйелдері өзін сүйетінін,сүйікті әйелдері бар екенін тағы да бір мәрте есіне салуды ұмытып кеткен. -Қызық,-деді жары,-сонда олар өздігінен есіне сақтай алмай ма? -Еркек те бір,сабағына барғалы ысылдап-пысылдап аяқ киімін кие алмай жатырған бастауыш сыныптың баласы да бір,-деді жігіт.-әлгі бала аяқ киімін киіп үйден шығып кеткенше,үйдегі үлкендердің бәрі ескерту жасап болушы еді ғой: "өйтпе,бүйтпе,киіміңді бүлдірме,жолдан абайлап өт!" Міне солай ер адамдарға да әйелдері ескерту жасап жіберуi керек. Сол күннен бастап келіншегі күн сайын үйінен шығып бара жатырған күйеуіне өзін сүйетіндігі туралы ескерту жасап отыратын болды: -Жаным,мені сүйетініңді ұмытып кеткен жоқсың ба? -Жоқ,жаным,ұмытқан жоқпын. -Ұмытып кетіп жүрме,сен мені сүйесің. -Рахмет,жаным,есіме салғаның дұрыс болды.Арада жылдар өтті.Жігіт пен келіншек қартайып шал,кемпір атанды. Кемпір сол баяғы әдетімен шалына сұрақ қояды: -Мені сүйетініңді ұмытқан жоқсың ба? -Не дейсің?!-Құлағы тосаң тартқан шал қайыра сұрады. -"Мені сүйетініңді ұмытқан жоқсың ба?" деймін. -Естімедім,-деді шал,-қаттырақ айтшы! -О,керең,-деді кемпір,-мені сүйетініңді ұмытқан жоқсың ба деймін.Сүйетініңді ұмытпадың ба?! -Дәретке өзім шығып келіп жүрмін ғой,-деді шал. -О,алжыған,-деді кемпір,-мені сүйетініңді ұмытқан жоқсын ба деймін. -Ұмытқаным жоқ,ұмытқаным жоқ,неге ұмытайын,-деді шал,-әлі де сүйемін ғой!-Соны айтқанда шалдың көздері күлімдеп,қызыл иек тiстерiн көрсете күліп,мәз болып қалды. -Ұмытпасаң болар,-деді кемпірi. -Келіншек болып түскеніңнен бері айтып келе жатырсың ғой,-деді шал рахаттана күліп,-ұмыттырған жоқсың,үнемі есіме салып отырдың. "Ойбой,бұған несіне айтып отырмын,-деді кемпір,-енді бұл басқа кемпірге кетіп қалар деймісің.Қой,тісіне жұмсақ тамағын берейін.Ой,уақыт-ай,десеңші,баяғыда бiлекті түріп тастап,бір табақ етті бір өзі тауысатын қылшылдаған жігіт еді.Ойбой,белім!"-деп кемпір орнынан созалаңдай тұра бергенде,немерелері жүгіріп келіп: -Әже,әже,атама не айтып жатырсыз,не айттыңыз жаңа?!-деп сұрады. -Неғылайын деп едіңдер не айтқанымды,-деді кемпір,-барыңдар ана жаққа,ол-атаң екеуміздің құпиямыз.Екеудің құпиясы деген болады,аталарыңның мазасын алмаңдар!-Кемпір немерелерін бөлмеден шығарып жіберді. Осы әңгімені ана бөлмеде тұрып құлағы шалып қалған осы үйдің кенже келіні бұған жымыңдай күлiп: "Мә,саған,атам мен әжемнің махаббатын қара! Туу,тез-тез Болатик келсе ғой,мына әңгімені жеткізетін"-деп күйеуін есіне алды. Жас келіншек кешкісін күйеуі жұмыстан келе салысымен-ақ,оны қолынан жетелеген күйі өздері ұйықтайтын бөлмеге сүйрелей кірді: -Болшы,болшы,шыдамым таусылды,жаным! -Дәл қазір ме?!-деді жігіт. -Ой,жынды,мен саған естіген әңгімемді айтайын деп шақырдым. -Не әңгіме? -Бағана атам мен әжем бөлмесінде...Мә,махаббаттары күшті-ау! -Кетші! Шынымен бе? Не істеп жатыр? Не болды? -Өй,жынды,ештеңе де болған жоқ.Әшейін әңгімелесіп отырды.Бір-бірінен "мені сүйетініңді ұмытқан жоқсың ба?" деп сұрап жатты.Күшті,я! -О,жаман емес!-деді жігіт. -Әне,жаным,біз де солардай болуымыз керек.Сол кісілердің махаббатынан үлгі алуымыз керек.Мені сүйетініңді ұмытқан жоқсың ба? -Жоқ! Таңертең ғана есіме салып жібердің ғой. -Ұмытпа,жаным,таңертең де,кешке де есіңе салып тұрамын,-деді келіншегі. -Жарайды,жаным,-деді жігіт,-есіме салып тұр. -Сені ұмыттырып жіберу үшін,алдыңнан кермаралдай керілген сұлулар әдейі өтеді,-деді келіншек,-сол кезде есіңнен шығарып алып жүрме! -Ұмытпаймын ғой,-деді жолдасы. -Олар кермарал емес,жаным,-деді келіншек,-кермаралдың терісін жамылған әйел бейнесіндегі сайтандар ғой. -Астапралла!-деді жігіт.-Піссімілла,піссімілла! -Солай піссіміллаңды айтып жүр,жаным! Мені сүйетініңді ешуақытта есіңнен шығарып алма! -Есiмнен шығармаймын!-деді жігіт. -Жаным,онда сен киiмiңдi шешiп,жуынып ала бер,мен саған тамақ дайындай қояйын,-деп келіншегі ас бөлмеге қарай лыпылдай жөнелді. Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы
Әзіл-қалжың » Соңғы қосылған дүниелер »