Әнші Әуенмен сұхбат (әзіл әңгіме) қосқан Ғабиден Қожахмет - құттықтау
Әнші Әуенмен сұхбат (әзіл әңгіме) қосқан Ғабиден Қожахмет
Әнші Әуенмен сұхбат(әзiл әңгiме) Құрметті ән сүйер қауым,біз бүгін әнші Әуен Сазұлымен тікелей сұхбат жүргізгелі отырмыз.Әуенге қоятын сұрақтарыңыз болса,айтар лебіздеріңіз болса,байланыс телефонымызға хабарласыңыздар.Сұхбатты жүргізуші-журналист Сөзгүл Қаламгер. -Жалпы,Әуен,болар бала бесігінде бұлқынады деп жатады ғой.Өнерге деген бейіміңіз бала кезден байқалған болар? -Бесік туралы жақсы айттыңыз,Сөзгүл.Бала кезімде анам бесігімнен шешіп алады да,шошып кетеді.Ана бөлмеде отырған әкемді шақырады: "Көкесі,көкесі,бері келші! Әуентайдың белінің тұсы неге қызарып тұр? Құмырсқа шағып алғаннан сау ма? Үйде құмырсқа жоқ еді ғой",-дейді.Екеулеп үңіліп қарағанда,өз көздеріне өздері сенбейді.Нышан деп жатады ғой қазақта-белімнің тұсында білінер-білінбес қызарып нотаның сызықтары көрініп тұр екен. -О,құдірет-ай!-деді Сөзгүл. -Сол сызықтар кейде жоқ болып кетеді,кейде пайда болады.Өткенде келіншегім көріп таң қалған. -Бірде бір ақсақал кісіге сәлемдесейін әрі батасын алайын деп барғанымда,осы әңгімені айттым.Сонда әлгі кісі еңкілдеп тұрып жыламасы бар ма? "Ау,бұл кісі неге жылайды?"-деймін.Әлгі шалдың жылап отырып айтқаны: "Құдай-ай,әлгі сүгіретің жүректің тұсына да шықпаған екен,бәсе,елдің бәрі неғып селкілдеп билеп кетті деп жүрсем,нота белдің тұсында жүр екен ғой?!"-деп.Содан кейін ойланып қалдым.Келіншегіме де айтам: "Қарашы,жоғары көтеріліп келе жатқан жоқ па?"-деп."Кішкентай-кішкентайдан ғана көтеріліп келе жатқан сияқты"-дейді. -Жақсы! Бізде қоңырау шалушы бар екен,қабылдап жіберейік,-деді Сөзгүл.-Ало,біз сізді тыңдап тұрмыз! Айта беріңіз! -Амансыңдар ма,қарақтарым?!-деді кемпірдің даусы. -Сәлеметсіз бе! Айта беріңіз! Әуенге қояр сұрағыңыз бар ма,арнайтын лебізіңіз бар ма?! -Айтсам,шырағым,мен өзі қыз күнімнен әуенге ғашық едім,-деп бастады кемпір әңгімесін. -Музыкаға деңіз,-деді Сөзгүл. -Иә,музыкаға,шырағым.Менің марқұм шалым музыка дегенді қақпаушы еді.Баяғыда жас келіншек күнімде күйеуім қор-қор етіп ұйықтап жатады.Сонда көзім ботаның көзіндей мөлдіреп,терезеден ерсілі-қарсылы,ерсілі-қарсылы өтіп жатырған пойыздарға қарап тұрушы едім.Аңсарым Алматыға ауатын да тұратын.Сол Алматыға кетіп қалсам,сонда барып әнші,композитор,музыкант жігіттермен дидарласып,сұхбаттасып қайтсам деп ойлайтынмын.Менің ішкі сырымды,сезімімді тек солар ғана түсінетіндей,солар ғана ұғынатындай көрінетін.Онымен кетіп қала алмадық,шырағым.Ұл өсірдік,қыз өсірдік.Немере сүйдік.Шалды ана жаққа жібердік.Бірақ сол музыкаға деген сезімталдығым әлі күнгі басылмаған.Осы Әуен баламның әндерін тыңдап отырамын.Кейде немерелерімді сыртқа шығарып жіберіп,"ауппа" деп секіріп билеп алам. -О,билеп жүрсеңіз жақсысыз ғой!-деді Сөзгүл.-Онда денсаулығыңыз жақсы болғаны ғой?! -Шүкір,шүкір,денсаулық ұрып тұр ғой.-Ал енді,Әуен балам,қолыңды жай,бата берейін: Жортқанда жолың болсын, Жолдасың ән болсын! Жүрген жерің сән болсын! Айтатын әніңнің сөзінде мән болсын,шырағым! Әумин!-деді кемпір. Сөзгүл мен Әуен қатарласып: "Әмин!","Әмин!"-десті. -Осындай апалардың арқасы ғой,-деп Әуен алабұртып,толқып қалды.-Жер-жерге барамыз,ел-елге барамыз,той-тойға барамыз,сонда осындай апалар алдымыздан шығып,батасын беріп,тілегін білдіріп жатады.Бұл кісілер әлі құбылаға қарамайды,Алматыға қарайды. -Әуен,сіздің соңғы уақытта тек ән салумен ғана емес,ән шығарумен де айналысып жүргендігіңізді білеміз.Жалпы сынға қалай қарайсыз?-деді Сөзгүл. -Сынға дұрыс болса,дұрыс қараймын,дұрыс емес болса,дұрыс емес деп қараймын.Өткенде бір баспасөз бетінде менің әндерім туралы "Әуеннің әндерінің ана жері ана әнге ұқсап кеткен,мына жері мына әнге ұқсап кеткен" деп жазыпты.Мен жалпы осындай пікірлерге таң қалам.Ән түгіл адам да бір-біріне ұқсап тұрмай ма? Мысалы,ана жақтан Қызылорданың бір еркегінің шыр-пыр болып жатқанын естір едіңіз: "Жаным,мен Шығыс Қазақстанда болған емеспін! Не айтып отырсын? Шығыс Қазақстан деген менің мүлдем болып көрмеген жерім ғой.Жаным,қарасайшы ана телевизордағы сөйлеп тұрған жігітке,экранның астыңғы жағында Шығыс Қазақстанның баласы деп жазулы тұрған жоқ па?! Айналайын,мен армияда Украинада болдым.Не Украина Шығыс Қазақстанда ма еді?! Осы кешкі шайдың үстінде міндетті түрде бірдеңе шығарып отырмасаң болмайды,я? Әйтеуір,сөзбен түртпектеп отыруың керек"-деп жатады.Сонда ана Шығыс Қазақстанның баласы Қызылордадағы ағамызға сойып қаптағандай ұқсап тұрады.Анасын өмірі көрмеген.Оның жанында әннен не сұрайсыз? Ән дегеннің бармайтын жері,баспайтын тауы жоқ.Жалпы мен осындай солақай сындарға қарсымын. -Ал бұрынғы композиторлар мен қазіргі композиторлардың арасында айырмашылық бар ма? -Әрине,бар,-деді Әуен.-Бұрынғы композиторлардікі жатқан бір мехнат еді ғой.Өліп-талып ән шығарады,одан сөзін жаздыратын ақын іздейді.Ол ақын композитор ән шығарып еді-ау деп үйінде күтіп отырса жақсы.Ақын деген дырду-думанның ортасында жүргенді жақсы көреді.Оны аяғынан сабылып жүріп,іздеп табады.Қолынан жетелеп,үйіне алып келеді.Әнін айтып түсіндіреді."Енді түсіндің бе?"-дей берген кезде,ақын қайтадан сұрайды: "Әнім не туралы дедің?" Композитор күйіп кетеді: "Бұған мен бағанадан бері не айтып отырғанмын?!" Композиторлар қазір бұл мехнаттан құтылды ғой. -Қазір неге олай? -Қазір ешкім сөз тыңдамайды ғой.Қазір ешкім әннің сөзін тыңдамайды.Ішінде не жазылса да қабылдай береді.Қазір бала әннің сөзін тыңдамақ түгіл,әке-шешесінің сөзіне құлақ асып тұрған жоқ,әйел еркектің,еркек әйелдің сөзін тыңдамайды.Еркек сөйлеп жатса,әйел жарысып сөйлеп жатады,әйел сөйлеп жатса,еркек қолын бір сілтейді: "Сенің-ақ аузың ауырмайды екен". Мысалы,жуырда "Көгалдағы махаббат" деген әнімді шығардым.Соған тақырыптағы екі сөзді ғана алдым.Шумақта да,қайырмада да сол екі сөз қайталанып тұрады: "Көгалдағы махаббат,көгалдағы махаббат" деп. -Жақсы! Бізге қоңырау шалушы бар екен.Ало,біз сізді тыңдап тұрмыз. -Сәлеметсіздер ме,-деді әйел адамның даусы.-Әуен,айналайын,амансың ба? Мен Сазгүл апайыңмын ғой,вокальдан сабақ алған,таныдың ба? -А,сәлеметсіз бе,Сазгүл апай! Әрине,таныдым. -Дауыс қалай,Әуентай,дауыс?-деді Сазгүл. -Дауыс дейсіз бе? Соны білмейді екенмін,-деді Әуен. -Қалай сонда өз даусыңды өзің білмейсің бе?! -Білгенде не ғой,апай.Біз фонограммамен айтып жүрміз ғой.Сіз айтып тұрған жанды даусымды мен пайдаланған емеспін,ол үйде тұр,-деді Әуен. -Шырағым-ау,мен ол дауысты қандай қылып қойдым.Онымен әлемдік классикалық шығармаларды да орындай беруге болатын еді,онымен қазақтың халық әндерін де шырқай беруге болатын еді,онымен дәстүрлі мектептің қоржынындағы кез-келген әнді сала беретін едің,заманауи әндердің кез-келгенін айтып,тіпті фольклорлық шығармаларға да түсіп кетіп,"Қырымның қырық батырын" ас-су ішпей,демалмастан қырық күн жырлағанда,бір қарлықпайтын етіп қойдым емес пе? Оны үйге қойып қойғаның не қылғаның,айналайын?!...Гук.Гук.Гук. -Мына кісі ренжіп қалды ма,немене?-деді Сөзгүл. -Ыңғайсыз болып қалды,я,-деді Әуен.-Осы дауысты үйге қойып қойған бәле болып жүр.Өткенде бір газеттің журналист қызы газетіне "Әуенде дауыс жоқ" деп жазыпты.Содан келіншегіме айттым: "Ана тілші қызды үйге қонаққа шақырайықшы.Қазақта "Таспен атқанды аспен ат" деп жатушы еді". Содан үйге қонаққа шақырып,дастарханнан тұрған соң,қолынан жетектеген күйі ішкі бөлмеге кіріп,арнайы қорапта тұрған даусымды көрсеттім де: "Қарындас,сіз өткенде газетіңізге "Әуенде дауыс жоқ" деп жазыпсыз,дауыс болмаса,мынау не?"-дедім.Журналист қыз қып-қызыл боп кетті."Кешіріңіз,кешіріңіз" дей берді.Содан кейін газетінің келесі санына: "Әуенде дауыс бар екен,өз көзіммен көрдім" деп жазыпты.Жігіттерде дауыс бар ғой,жігіттерде дауыс бар.Тек соны үйге қойып қойғаны қиындық туғызып жүр.Өткенде бір әнші жігіттің келіншегі үйін жинап жатып,күйеуінің даусын қолынан түсіріп алыпты.Сол кезде әнші жігіттің жынданғанын көрсеңіз: "Не істедің сен?! Не істедің сен?! Өміріме балта шабайын дедің бе менің?! Неге абайлап ұстамайсың?!" Келіншегі шыр-пыр: "Жаным,кешірші! Қолымнан абайсызда түсіп кетті". "Мен саған дауысты ылғал шүберекпен сүртпе деп қашанғы айтам! Құртасың ғой мына дауысты,өзі нәзік нәрсе!" -Жалпы әнші,композитор жігіттердің мінездері өте қиын болады.Олардың келіншектері кірпішешеннің үстінде отырған сияқты,күйеуінің қай жағынан шығарын білмейді,бабын таптырмайды.Мінездері қазір жаз болып отырса,қазір қыс болып кетеді.Келіншектері де соған бейімделіп алған.Қазір жаздық көйлекпен отырса,ұшып тұрып дереу қыстық пальтосын киіп алуға дағдыланған.Соның өзінде де "тым баяу киінесің" деп ренжіп жатады.Жалпы шығармашылық табыстарында жарларының ролі зор. -Бірде бір композитор жігіт ән шығармақ болып,енді ғана шабыттың тұлпарын ерттеп,шап айылды мықтап тартып,үзеңгіге аяғын сала бергенде,келіншегінің телефоны шырылдап қалыпты.Сөйтсе құрбысы қоңырау шалып жатыр екен.Сол кезде композитор жігіттің ашуланғанын көрсеңіз: "Осы мен жұмысқа отырғанда телефоныңды сөндіріп қой деп саған қашанғы айтам! Сенің құрбыңның шабыты да менімен бірге ояна қалады екен! Ән қайда?! Ән қайда?!"-дейді.Сол кезде келіншегі түсінбей қалып: "Не қайда дейсің,жаным?" Бұрын көйлегім қайда,шұлығым қайда дегенге әбден үйреніп қалған,тез тауып бере қояйын деген ғой."Ән қайда деймін?! Құдай-ай,жаңа ғана көкірегім күмбір күйге толып тұр еді,ұшырдың да жібердің-ау!" десе,келіншегі сасқанынан: "Жаным,қайтып келетін шығар?"-депті.Сөйтсе композитор: "Не ол саған қайтып келетін ақ кептер деп пе едің,екі саусағыңды аузыңа салып,тіліңді бүктеп тұрып ысқырғанда,әуеде бір-екі сальто жасап алып,антеннаңа қонып тұратын асыранды кептерің бе еді? Құдай-ай,қалай қарай ұшты екен,Жайықты жағалап кетті ме екен,әлде Сырға бір-ақ самғады ма екен,әлде Арқаға ауды ма екен?! Енді қайда кетсе де,қайтып келетін болса,сол жердің әуенін ілестіре келеді"-десе,келіншегі: "Жаным,онда бұл әнің өміршең ән болғалы тұр екен"-депті.Өнер адамы сәл нәрсеге қуанатын халық қой,композитор жігіт те келіншегінің бұл сөзіне: "Аузыңа май,жаным,аузыңа май!"-деп қуанып қалыпты.Таңертең ұйқыдан оянып жатса,әні аппақ болып терезенің алдына қонып тұр дейді.Сонда композитор жігіт жастықтан басын көтеріп алып,таңданғаннан: "Ойбай,мынау бүкіл қазақ даласының сазын ілестіріп келіпті ғой! Иә,құдай,ақсарбас! Иә,құдай,ақсарбас! Мынау бір күрделі шығарма болғалы тұр екен,әншісі келіссе,бағымды жандырар,әншісі келіссе,осы әнім бағымды жандырар!"-деп қуанып қалыпты.Композитор жігіттің өзінің арманы ғой,бір өлмес шығарма тудырсам деген. -Арман демекші,Әуен,өзіңізде қандай арман бар? -Арманым сол,Сазгүл апай айтпақшы,жанды даусыммен,Алтай мен Атыраудың,Арқа мен Сырдың арасындағы халықты тебірентіп бір ән шырқасам деймін.Сол әнді халық аузынан тастамай жыр қылатын болса,сол әнім тыңдаушысының жанарының ғана емес-ау,жүрегінің түбіне таңғы шықтай мөлдір сезімді тұндыратын болса деймін.Кәусар бұлақтан шөл басқандай тамсандырсам,ән сүйер алаш баласына басы қосылған жерінде тағы да бір әуелетіп ән салдырсам деп едім. -Ендеше,лайым,арманыңызға жетіңіз! Қымбатты ән сүйер қауым,әнші Әуен Сазұлымен болып отырған сұхбатымызды осымен аяқтаймыз.Келесі сұхбат барысында кездескенше,қазақ аспанында ән қалықтай берсін,құрметті ағайын! Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласыТой-думан » Әзіл-қалжың »