Шын ғашықтар қосылмайды /әзіл әңгіме / Ғабиден Қожахмет - құттықтау
Шын ғашықтар қосылмайды /әзіл әңгіме / Ғабиден Қожахмет
Шын ғашықтар қосылмайды (әзіл әңгіме) -Сіз "Шын ғашықтар қосылмайды" деген сөзге келісесіз бе?-деді келіншек сұхбаттасына қарап отырып,-ал мен мұның рас екенін мойындағым келеді,себебі мен ғашық болып көргенмін,бірақ қосыла алмадық. Осыны айтты да,үн-түнсіз отырып қалды.Содан кейін бір күрсініп алып,әңгімесін жалғастырды: -Кейде осы жағдай ойыма орала кетсе,көз жасыма ерік беремін.Біз бір-бірімізді шексіз сүюші едік қой,алайда неге ортақ бақытқа ие бола алмадық деп қиналамын. Ол тағы да көкірегі қарс айрыла күрсінді.Сонан-соң өксіп жылап жіберді. -Егер сізге ауыр тисе,бұл жайлы қозғамай-ақ қойыңыз,-деді сұхбаттасы оған жаны ашып,-текке қиналып қаларсыз. -Жоқ!-Келіншек басын шайқады.-Сізге басын бастаған екенмін,енді аяғын да аяқтайын.-Беторамалын алып,жасқа шыланған көзін сүртті.Сөйтті де әңгімесін сабақтады: -Ғашықтықтың өзі бір дауасыз дерт сияқты нәрсе ғой,ал егер сүйген адамыңа қосыла алмасаң,оның да,сенің де өміріңнің мәні қашады.Қазір бізде дәл сондай жағдай.Екеуміздің де жетісіп жүргеніміз шамалы.Бірақ тағдырға не шара?! Осыны ойлағанда ағыл-тегіл,әй,бір тоқтаусыз жылайтын сәттерім бар.Ең жаманы-сәбиімнің осының бәріне өзін кінәлі сезінетіндігі.Ол кішкене жұдырығымен еденді төмпештеп: "Осының бәріне мен кінәлімін! Мен болмағанда ғашықтар айырылысып кетпеуші еді!"-деп айқай салатыны бар. "Сәбиім-ау,оған бола неге өзіңді кінәлі сезінесің? Бұл жердегі сенің кінәң қайсы?-деймін оған қарап.-Бұл жерде кінәлі-махаббат қой.Дәлірек айтқанда,екі жақтан да болатын шынайы ғашықтық сезімі.Бізде де солай болды,сондықтан да біз қосыла алмадық".-Сәбиіме осылай деп түсіндіремін. -Менің құрсағыма бала біткенін білген күні,біз айрылысып кеткен едік.-Келіншек сөзін жалғастырды.-Осы жайлы оған асыға-аптыға жеткізе бастадым.Бірақ екеуміз де бізді алда қандай тағдыр тосып тұрғанын сезбедік қой.Кенет ол маған: "Мына жерге отыршы,айтатын әңгімем бар еді"-деді.Біз қатарласып тізе бүктік.Ол әңгімесін бастап кетті. Бұл бір ескіден келе жатқан қос ғашық туралы хикая еді.Әңгімеде әлгі қос ғашық қанша мәрте қосылмақ болып талпынады.Бірақ қас қылғандай бірде-бір рет жолдары болмай қояды.Талпыныстарының бәрі сәтсіз аяқталады.Осының бәріне олардың шынайы ғашықтықтары себепші еді.Әдетте өмірде де осылай ғой.Адамдар нақ өздері өмір сүріп жатқан ортадан нағыз ғашықтардың бейнесін көрсек қой деп ойлайды.Мүмкін ондай жандар осылар шығар деп әлдебір жұпқа үміт арта бастайды.Бір күні қас қылғандай әлгілерден тойға шақыру қағазы келіп тұрады.Ал әлгі аңызда ешқандай да билет жайы сөз болмайды.Қосыла алмасын түсінген екі ғашық екі жаққа кетуші еді.Жігітім осыны айтқанда,біз ағыл-тегіл жыладық.Қосыла алмайтынымызды сол кезде барып ұқтық.Өйткені біз шын ғашықтар едік.Есін әуелі жігітім жинады.Ол жұдырығымен көзін сүртті де,маған былай деді: "Қайтесің?! Тағдыр осылай! Аңыз біткеннің бәрінде де осылай.Ол баста екеуміздің біріміз шын ғашық болмауымыз керек пе еді,кім білсін?! Сонда ел қатарлы түтін түтетіп кетер ма едік?! Енді өкінгенмен пайда не?! Ал сен бекем бол! Көп жылама! Қанша дегенмен құрсақта сәбиің бар ғой".Ол ілбіп кетіп бара жатты.Оның жылап бара жатқанын аңғару қиын емес еді.Ол сүйгеніне қоспай қойған тағдырға лағынет айтып бара жатты. -Содан кейін келді ме дейсіз бе? Жоқ,келе алмады.Тағдыр оны мазақ еткендей еді.Оны сәбиінің жүзін бір көруге зар етті.Себебі келе қалса,бұл кездесу оған ауыр соғушы еді.Біз өткен күндерімізді еске алып,қоспай қойған тағдырымызға қарғыс айтып қатар жылай жөнелер едік.Ол сол себепті де келе алмады. -Көп ұзамай оның әлдебір сұлу да жас қызға үйленіп алғанын естідім.Ол қыз қанша сұлу болса да,менен көріксіз еді.Себебі "сүйген сұлу" деп жатпаушы ма еді.Сүйіктім осының бәрін ауыр қайғыдан өзін сәл де болса серпілту үшін істегенін түсіндім.Әрине,ол оны сүйгеннен үйленбегені түсінікті ғой.Себебі жүрек жалғыз. -Біздің өмірімізден әлдебір кинофильм түсірсе де болар ма еді.Ол кино жастарға үлгі болар еді.Олар өмірдің нақ өзінде шынайы махаббаттың бар екенін сезінер еді.Мен фильмнің оқиғасы Алматыда немесе Астанада өтсін демеймін.Себебі бұл жерлерде актерлар мен актрисалар қысылып-қымтырылып ойнай алмауы да мүмкін ғой.Сондықтан фильм де сәтсіздеу шықпасына кім кепіл? Бәлкім,оқиға аудан орталығында өткені дұрыс шығар.Қанша дегенмен Алматылықтар мен Астаналықтар ол жерде өзін еркін сезінеді ғой. -Егер оны азаматтық қырынан тани түспесем,фильм жайлы сөзді де қозғамас па едім,кім білсін? Бізге қайткенде де нағыз кейіпкерлер бейнесі қажет-ақ.Бұған себепші болған құрбымның бір ауыз сөзі еді.Ол бірде маған: "Сенің бұрынғы ғашығыңды көрдім,оның жанында әйелі емес,әлдебір жас арумен кетіп бара жатыр екен.Екеуі де әлденеге мәз болып бара жатты",-дегенде,мен: "Рас па! Бұл соның өзі ме?!"-деп айқайлап жіберіппін.Құрбым маған таңдана қарады: "Неменеге айқайлайсың? Мен сенің ғашығыңды танымайтындай-ақ". -Сол күні қуаныштан жыладым,-деді келіншек.-Мен өмірде дұрыс таңдау жасай білгенімді ұқтым.Ол осыншама қайғы-қасіретті көтеріп тұрып та,күле алады.Оның ішінде ғашықтықтың азабы жатқанын әлгі жанындағы сорлы қыз тіпті сезбейтін де шығар? Ол неме нені аңғара алсын? Бұл-нағыз қайратты адамдардың ғана қолынан келетін іс.Егер оның орнында басқа біреу болсаше,ғашықтықтан қаралай жүнжіп кетер еді.Ал ол болса,тамақ іше алады және жас аруға анекдоттар дегендей... -Қайткенде де мен осы үшін бақыттымын!-деді келіншек.-Сүйе алғаным үшін және таңдау жасаған адамымның осы махаббатқа лайықты жан боп шыққаны үшін.Рас,біз өмірде қосыла алмадық.Бұл түсінікті де еді.Шынайы ғашықтарды тағдыр ешқашан қосқан емес.Әдетте адамдар бір-бірімен махаббат болып жүрген сәттерінде,олардың шынайы ғашық немесе шынайы емес екенін ешкім де ажырата алмас еді.Мұны тіпті сайтанның өзі де біле алмас."Сайтаным білсін бе,-дер еді сайтанның өзі күңкілдеп,-қыздан да сұрасаң "шынайы" дейді,жігіттен сұрасаң да "шынайы" дейді,тұра тұрыңдар,әліптің артын бағайық". Расында да қыздың өзі бір күні жігітке: "Жаным-ау,махаббат ойынын ойнаудан жалыққан жоқсың ба,қосылып алайықшы",-дер еді.Ал жігіт болса: "Осыны айтуға ыңғайсызданып жүр едім..." "Торайым-ау,оның несіне ыңғайсызданасың,махаббат қуалап жүргенше,ел қатарлы түтін түтетейік те". Жігіт торайым деген сөзге торсаңдап теріс айналса қалса,қыз: "Томпағым-ау,торайым деген сөзге несіне торсаңдайсың,қабаным деп еркелете алмаймын ғой енді.Торай қанша дегенмен қабанға қарағанда сүйкімдірек емес пе?!"-дер еді. -Сізден "Шын ғашықтар қосылмайды" деген сөзге келісесіз бе?" деп сұрағаным да осы еді,-деді келіншек сұхбаттасына қарап.Бос мылжыңмен уақытымды алды деп сөкпеңіз.Өмірде бір-ақ адамды сүйе алғаным үшін де бақыттымын. Ол сәбиін көтеріп кетіп бара жатты. Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласыТой-думан » Әзіл-қалжың »