Ер мен әйелдің сұхбаты(әзіл) Ғабиден ҚОЖАХМЕТ - құттықтау
Ер мен әйелдің сұхбаты(әзіл) Ғабиден ҚОЖАХМЕТ
Ер мен әйелдің сұхбаты(әзіл) -Күллі ғаламдағы адамзат баласының тұрғылықты мекені-жұдырықтай Жер-Ананың жалғыз ғана екенін еске аласыз,-деді еркек әйелге қарап,-бүкіл ғаламдық жылыну мәселесі толғантады.Жер бетінде жасалатын апаттардың көбіне адамдардың өз үлесі бар екенін ойланасыз.Табиғаттағы тепе-теңдік бұзылмаса екен дейсіз.Жұдырықтай ғана жердің кірлемегенін қалайсыз.Әлдебір оқыс апаттардан сақтанасыз. -Дұрыс айтасыз,-деді әйел,-махаббаттың адам бойына соншама жылылық әкелетіндігіне таң қаласыз,тұла-бойыңызды күйдіріп-жандыратындай қасиеті бар екеніне көз жеткізесіз.Әр бір оқыс басқан қадамыңызға өзіңізді кінәлі сезінесіз.Жұдырықтай жүрегіңізді кірлеткіңіз келмейді.Тағдыр тәлкегіне ұшыраудан қорқасыз. Еркек: -Қасиетті ұлтыңыздың өткен тарихына көз жібересіз.Алғашқы хандарыңызды еске аласыз.Солар жайлы мардымды ештеңе біле бермейтініңізге қысыласыз.Солардың алдында өзіңіздің қарыздар екеніңізді сезінесіз.Солар жайлы түсірілген керемет көркем туынды-фильмдерді есіңізге түсіре алмайсыз.Сол фильмдер арқылы көз алдыңызға елестете аларлық бейнелердің болғанын қалайсыз.Батырлардың алапат майдандағы ерліктеріне сүйсінесіз.Алғашқы хандарымызға да оңай соқпағанын аңғарасыз.Жасанған жаудың аз болмағанын байқайсыз. Әйел: -Алғашқы махаббатыңызды еске түсіресіз.Ол жайлы жадыңыздан шығарып жібергеніңізді білгенде қысыласыз.Ұяң бозбаланы көз алдыңызға елестетесіз.Сол кезеңде де көлденең көздер мен жеңілтек сөздердің аз болмағанын аңғарасыз.Махаббат майданында одан кейін де сан мәрте сынаққа түскеніңізді түйсінесіз.Тағдыр тұлпарыңыздан ауып түспегеніңізге шүкіршілік етесіз. Еркек: -Осыншама ұлан-байтақ жерді еркін жайлап келіп,соншама ерліктер мен өрліктер көрсете алған халқыңыздың бодандық бұғауын кигеніне налисыз.Қорлықтар мен менменсудің талай құқайын бастан кешкенін білгенде шошынасыз.Азаттық желі соққанда,талай кеуделерге қуаныш толып,қаншама жан шаттықтан жанарға жас алғанын жадыңызда жаңғыртасыз.Шүкіршілік етесіз. Әйел: -Еркелік пен қылыққа толы қыз-дәуреніңіздің қысқа болғанын аңғарасыз.Алып қашудың құрбаны болып,басыңызға бұғалық түсірген жылдарды өкінішпен еске аласыз.Қорлық пен қысастыққа қалай төзгеніңізге таң қаласыз.Азаттығыңызды алғаш жариялап,алғаш мойындаған да сот қызметкері екені есіңізге түскенде,соларға жылыұшырай қарайсыз.Сол сәтте көз жасыңызды саусағыңызбен іліп тастағаныңызды еске аласыз. Еркек: -Одақ деген сөзден әбден зәрезап болғаныңыз сонша,еліңіз әлдебір ұйымдарға мүше болып кірген сайын,секем көңілмен қарайсыз.Бірақ томаға-тұйық ешкіммен араласпай-құраласпай өмір сүруге болмайтындығын түсінесіз.Тек бар ойыңыз тәуелсіз,дербес мемлекет ретінде өзгелермен тең дәрежеде болғанын құптайсыз.Ешкімнің де енді сізге келіп үстемдік жасамағанын қалайсыз. Әйел: -Тәуелсіз жан ретінде жалғыздықпен томаға-тұйық хал кеше беруге болмайтындығын мойындайсыз.Ішіңізден әлдекіммен одақ құру керек деген шешімге келесіз.Құрасыз.Некелік одақтың құқықтық шарттарын қалыптастырасыз.Екі жақ бір-бірінің ішкі ісіне қол сұға бермейтіндей етіп бекітесіз."Аузы күйген үрлеп ішеді" деген сөзді еске түсіресіз.Үстелге тағам дайындай бастағанда,мәртебелі шетелдік делегацияны күтіп жатқандай сезімде боласыз.Оның сөздерінен түк те түсінбей отырасыз.Ол да сізді жарытып түсініп отырмағанын байқайсыз.Тура шетелдік азаматпен сөйлесіп отырғандай сезінесіз.Бар болғаны жымиып күле бересіз.Оның да солай ететінін аңғарасыз.Тағамдарды алдына ысырасыз.Басын изеп,ризашылық танытатынын байқайсыз.Осының бәрі жалғыздықтан жақсы деп мойындайсыз. Еркек: -Еліңіздің жан-жаққа таныла түскенін қалайсыз.Сондай танытатын саланың бірі-спорт екенін бағамдайсыз.Осыны түсінген спортшыларыңыздың да жаттығу залдарында күні-түні тер төгетінін білесіз.Бірақ талап қойғыш екеніңізді аңғарасыз.Оңайлықпен разы бола қоюыңыздың екіталай екенін сездіресіз. Әйел: -Үй шарауасынан күні-түні қолыңыз босамай шаршайсыз.Тер төгесіз.Сөйте тұра сәл нәрседен мүлт кетсеңіз де,жақпай жататындығын сезiнесiз.Қайтсе де соның көңілінен шығуға тырысасыз. Еркек: -Спортшыларыңыздан нақты нәтиже күтесіз,әрбір әлемдік жарыстарына үлкен үмітпен шығарып саласыз."Тек қана алтынмен орал!" деп айқайлайсыз. Әйел: -Құрсақ көтермей жүрген сәтіңізде ренжитінін байқайсыз.Нақты нәтижеге жеткенше,сіз кінәлі жандай болып тұрасыз.Ал перзентханаға аттанып бара жатырып,оның "Тек қана алтын айдарлы ұлмен орал!" деген даусын естисіз.Тырысасыз.Дәрігерлерге де осыны ежіктеп ескертесіз. Еркек: -Спортшыларыңыздың да үмітіңізді ақтауға тырысатынын болжайсыз.Алтын алып оралғанда,бөркіңізді аспанға атып қуанасыз.Риза тілектер жаудырасыз.Қошемет,құрметке бөлейсіз. Әйел: -Жан алысып,жан берісесіз.Ақыры алтын айдарлы ұлды өмірге алып келесіз."Сіз алтын айдарлы ұл таптыңыз!" дегенде,оның үмітінің ақталғанын сезінесіз.Перзентіңізбен шаңырағыңызға оралғанда,қошуақ көңіл-күйді сезінесіз.Құрметке бөленесіз. Еркек: Спортшыларыңыз тағы да әлемдік сайыстарға аттанады.Тағы да алтын дәметесіз.Алтынды өткенде алып келді ғой,бұл жолы күміс әкелсе де қанағат тұтайын деген ойдан аулақ боласыз."Тағы да алтынмен орал!" деп айқай саласыз. Әйел: -Тағы да құрсақ көтересіз.Алтын айдарлы ұлды өткенде алып келдім ғой,бұл жолы күміс тұлымды қыз алып келейін деп айта алмайсыз.Тағы да перзентханаға аттанып бара жатырып,оның "Нәтиже төмендемесін,тек қана алтын айдарлы ұл!" деген даусын естисіз.Өзіңізге зор сенім артылғанын аңғарасыз.Сол сенімнің үдесінен шығуды ғана ойлайсыз.Тағы да жан алысып,жан берісесіз.Тағы да алтын айдарлы ұлды алып,шаңырағыңызға ораласыз.Құрмет,қошеметке бөленесіз.Екі саусағын көрсетіп,жолдастарына әлденені меңзеп,әлденені айтып жатқанына жымиып отырасыз. Еркек: -Сонан-соң уақыт өтеді.Әлгі спортшыңыздың да алтын алып келіп,күллі елді қуантқан сәтін де жадыңыздан шығара бастайсыз.Тура ешкім де ешқашан алтын алмағандай ұмытшақ күйге түсесіз.Немқұрайлылық танытасыз,салғырт санаға бой алдырасыз. Әйел: -Дастархан басында отырасыз.Екі көзін теледидардан алмай отырғанын аңғарасыз.Сіз осы бөлмеде бар-жоғыңыз білінбегендей күй кешесіз.Жөткірінесіз.Әсер етпегенін байқайсыз.Ешқашан алтын айдарлы ұл таппаған жандай қуыстанасыз.Балаларыңызға алаңдап кетесіз. Еркек: -Кейде басшыларыңызға ренжисіз.Көңіл бөлмей қойғанына налисыз.Өздерімен-өздері болып кететініне күйінесіз.Ұжымның да жағдайын бір сұрай салсаңыздар қайтеді деп наразылық танытқыңыз келгенін білесіз. Әйел: -Түні бойы теледидардан футбол көріп өзімен-өзі болып кеткеніне жынданасыз.Төсегіңізде жатып алып екі құлағыңызды тарс басасыз.Сонда да футбол жүргізуші комментатордың даусы құлағыңызда тұрғанын аңғарасыз.Наразылығыңызды білдіргіңіз келіп жатқанын сезінесіз. Еркек: -Ақыры "Біздің де жағдайымызды бір сұрай салсаңыздар қайтеді" деп айтып саласыз."Біз сіздердің жағдайларыңыз жақсы деп ойлап жүрсек" деген жауабына таң қаласыз."Қалай өзі жағдайларың?" деген сөздеріне күлкіңіз келмесе де күлесіз.Өзіміз сұрап алдық қой аяғында деп күңкіл мінез танытасыз. Әйел: -Теледидарды сөндірген соң да,көңіл бөлмей жатқанына жынданасыз.Наразылық танытқыңыз келетінін аңғарасыз."Гоол!" деп айқай саласыз.Таңданысын сезесіз.Көңіл бөліп құшақтай салсаң қайтеді,деп айтып саласыз.Мен сені ұйықтап жатқан шығар десем,деген жауабына таң қаласыз. Еркек: -Қоғамдағы имансыздықтар мен ұлттық мінезден ада,жат қылықтарды көргенде ашына бастайсыз.Бар тапқан шараңыз ұлттық идеология керек деп ойланасыз.Бірақ бұл ойыңыз бен сіз қымбат деп тапқан нәрселердің басқалар үшін де дәл солай көріне бермейтінін аңғарасыз.Қыл аяғы сіздің тіліңізде сөйлеуді де мойындағысы келмейтіндердің бар екенін білесіз. Әйел: -Балаларыңызды тәрбиелеуге тырысасыз.Өзіңізді оларға мойындатқыңыз келеді.Әйтсе де сізге құнды көрінген нәрселердің олар үшін бағасы аз екенін білгенде сасқалақтап қаләсыз.Ал олардың жүйрік қиялдарындағы құндылықтары сіз үшін мәнсіз көрінгенін аңғарасыз.Түсінік таппай жатқандығыңызды байқайсыз. Еркек: -Қоғам жайлы ой-пікірлер танытып,сергек көңілмен сұхбаттасқаныңызға рахмет. Әйел: -Сізге де рахмет! Ғабиден ҚОЖАХМЕТТой-думан » Әзіл-қалжың »