Сырласу /Ғабиден Қожахмет - құттықтау
Сырласу /Ғабиден Қожахмет
Сырласу(әзіл) -Жұбайыңызға не кінә тағасыз?-деді әйел еркекке қарап. -Мүмкін бұл ұсақ-түйек көрінетін шығар,-деді еркек,-әйелім тағамды дәмді дайындай алмайды. -Қайдағы ұсақ-түйек,-деді әйел қолдарын ербеңдетіп,-сіз де айтады екенсіз.Біле-білсеңіз,әйел үшін өз күйеуіне дәмді ас пісіруден маңызды не болмақ?! Мүмкін әйел тағам дайындау барысында,астың дәмін келтіру үшін,оған түрлі дәмдеуіштер қосатын шығар,кім білсін,алайда ең басты дәмдеуіш әйелдің сол асты пісіруге деген ықылас-ниеті емес пе?! -Жақсы айттыңыз,-деді еркек. -Ал менде бәрі керісінше,-деді әйел мұңайып,-дәмді тағамдарды оның алдына тосасыз,ал ол болса кекірттене қалады. -Оның мұнысы дұрыс емес,-деді еркек,-қалайда ас пісірген әйелдің еңбегін бағалау керек қой. -Дұрыс айтасыз,-деді әйел де,-сіз түсінігі мол ер адам екенсіз. -Сіз де парасатты жан көрінесіз. -Рахмет! -Жұмыс болған соң,әр түрлі жағдайлар болады,-деді еркек,-жолдас-жораларың да бар дегендей..Кейде үйге кеш келесің,сондай кезде сен тура бір әлдебір әйелдің жанынан оралғандай,қабағын ашпастан,тырсия қалатыны жаныңа батады. -Оның мұнысы дұрыс емес,-деді әйел,-жұбайының орынсыз күдігі кім-кімнің болса да ішін жегідей кеміріп,жанына батады емес пе? -Дұрыс айттыңыз. -Ал менде бәрі керісінше,-деді әйел мұңданып,-оның менен өзге де біреуі бар екендігін ішім сезеді,әйел жүрегі сезімтал келеді ғой. -Оның мұнысы жөн емес,-деді еркек,-әр адамға өз отбасынан қымбат не болмақ? -Сіз шынында да түсінігіңіз мол,парасатты жан екенсіз,-деді әйел. -Сіз де қарабайыр жан көрінбейсіз. -Рахмет! -Оның өз туыстарыма деген салқын әрі немкетті көзқарасына жаным мен жүрегім ауырады,-деді еркек.-Өмір болған соң,туыстардың да өзіндік қызық-қуаныштары болып жатады ғой.Ол соның біріне де араласқан емес. -Мұнысы енді шектен шыққандық,-деді әйел,-оны сіздің әулетіңіз келініміз деп қабылдады,ал ол болса ілтипат танытудың орнына.. -Өкінішке орай,менде де осыған ұқсас жағдай,-деді әйел,-кейде тойға келген алыс ағайындар осының өзі күйеуі бар ма деп ойлап кететін секілді.Құрысыншы тіпті араласпай-ақ қойсын,тым болмаса туыстарымды сыртынан кекетіп отыруын қойсыншы.Тура әлденені бетіңе салық қылып отыратыны бар. -Оның мұнысы дұрыс емес,-деді еркек,-әйеліңнің туыстарына барып өне бойы басыңды иіп тұр демеймін,ал сыйлағанда тұрған не бар? -Жо-жоқ,өне бойы басыңды иіп тұр деп менің туыстарым да айтқан емес.Сіз түсінігі терең жан екенсіз. -Рахмет!-деді еркек.-Сіз де ақыл-ой иесі көрінесіз. -Рахмет!-деді әйел де.-Айтпақшы сіздің мамандығыңыз не? -Инженермін,-деді еркек,-және өзімді сауатты,білікті маманмын деп есептеймін,әй..бірақ..-Еркек қолын сілтеді. -Айта беріңіз,не жағдай?-деді әйел. -Оның осының бәрінің қадірін білмейтіні жаман.Кейде жұмысың туралы "өткенде жұмыстарыңда әлдебір мәселелер болып қалды деп едің,бәрі шешімін тапты ма" деп бір ауыз сөз сұрамайтыны да бар. -Онысы қызық екен,-деді әйел,-сіз оған инженерлікке байланысты әлдебір кітаптарды оқып шық деп жатқан жоқсыз ғой,тым болмаса жұмысыңыз туралы бір ауыз сұрай салса нетті. -Өкініштісі,менде де сондай жағдай,-деді әйел.-Жұмыс болған соң,өзіңіз айтқандай,әр түрлі нәрселер болады.Кейде жұмысқа байланысты әріптесіңмен жүз шайысып қалатын сәттер де бар.Әрине,жұмыстың әңгімесін үнемі отбасыңа ертіп әкелу дұрыс емес болар немесе отбасыңдағы жағдайды жұмысқа дегендей.Әйтсе де оның "жұмыс болған соң,ондай-ондай болады ғо,бәрі де өтеді де,кетеді" деп бір ауыз жылы сөз айта салса несі кетті. -Дұрыс айтасыз,-деді еркек,-әйелдің қабағындағы кірбіңді байқап,бір сәт көңіл-күйін сұрағанның несі айып.Сіз оған өне бойы менің қасым мен қабағыма қара деп отырған жоқсыз ғой. -Әрине,-деді әйел,-сіз пайымы мол ер-азамат екенсіз. -Бағалағаныңызға рахмет!-деді еркек.-Сіз де ілтипатты жандардың қатарынан көрінесіз. -Рахмет!-деді әйел де.-Айтпақшы,сіздің неше балаңыз бар? -Үш бала,-деді еркек,-екі ұл,бір қыз. -Менде де тура сондай,-деді әйел.-Екі ұл,бір қыздың анасымын. Әйел бір уақыт үнсіз қалды.Сонан-соң еркекке қарады да: -Кешіріңіз,артық сұрақ қойсам айып етпеңіз,сізге әйеліңізден ажырасып кетсем деген ой келмей ме?-деді. -Жоқ!-деді еркек жұлып алғандай.-Мұндай ой менің басыма ешқашан келген емес.Ол қанша дегенмен,менің балаларымның анасы емес пе?! -Жөн айтасыз,-деді әйел. -Ал сізгеше,сізге сондай ой келе ме? -Жо-жоқ,құдай сақтасын,о,не дегеніңіз! Қанша дегенмен ол менің балаларымның әкесі ғой.Әрі ішім де оны онша жек көрмейтін секілді,-деді әйел езу тартып. -Сонда менен ажырасқың келмей ме?-деді еркек. -Ал сенше? Сенде ондай ой жоқ па? -Жоқ,-деді ер адам.Сонан-соң азырақ бөгеліп барып: -Балалар ұйықтаған кезде,осылай ашық сырласқанымыз жақсы екен,-деді. -Соны айтам,-деді әйел алақанымен аузын басып,булыға күліп,-тіпті ұрыспай,шыдаймыз деген бастапқы шартымызда тұрып,әжептәуір сырласып отырмыз. Еркек те иығы бүлкілдеп,булыға күлді: -Бір-бірімізді алғаш көрген жандардай болып,әңгімені соғып отырмыз тіпті,-деді күлкіден жасаураған жанарын сүртіп,-әшейінде басымыздан сөз асырмай,шарт-шұрт ете қалушы ек. Ерлі-зайыптылар құшақтаса кетті. Ғабиден ҚОЖАХМЕТТой-думан » Әзіл-қалжың »