Агенттегі қыз (әзіл) - құттықтау
Агенттегі қыз (әзіл)
Агенттегі қыз(әзіл) авторы - Ғабиден Қожахмет -Қандай Самалды айтып тұрсыз,-деді есікті ашқан көзілдірікті кемпір бұған зәрлене қарап,-мұнда ешқандай Самал деген қыз тұрмайды. -Жоқ,тұру керек,-деді бұл да айтқанынан қайтпай,-бұл жерде әлдебiр қателіктің орын алуы мүмкін емес,себебі әңгіме агентте айтылған болатын,анығында онда қыздың суреті де жоқ еді,десе де аққұба періштенің өзі екендігі анық,ал мұндай періштелер ешқашан өтірік сөйлемейді,ол осы пәтердің бір бөлмесін жалға алып тұратындығын айтты. -Құдайым-ай,өзіңіз сөзге түсінбейтін не деген адамсыз,-деді кемпір шаршаңқы кейіппен,-сіз бұл жерден Самалдың аяқ киімін де таппассыз. Бұл ішке кіріп,қарап көруді өтінді.Рас,ол жерде бір етік тұр еді,етікке үңіле қарады. -Ол менің етігім,-деді кемпір бұрқ етіп. Шынында да бұл етікті әлдеқандай бойжеткеннің кие қоюы да екіталай еді. Ауызғы бөлмеде шкаф тұрды.Бұл жалма-жан шкафтың есігін ашып қалып еді,одан әлденендей қоқыр-соқыр мұның үстіне келіп құлады. -Сіз не істедіңіз,-деді кемпір бажылдап,-келдіңіз де ақтардыңыз келіп... -Бұл үйдің киім салатын шкабы қайда өзі?-деді бұл да бұрқ ете түсіп. -Ол мұнда,-деді кемпір ішкі бөлменің есігін ашып,-мына жақта тұр. Бөлмеде ескілеу шифоньер тұр еді.Бұған шифоньердің есігі сықырлап ашылатындай көрінді.Ал сықырлап ашылсаше,онда тұрған не бар екен? Оның есесіне,ол жерде қыздың әп-әдемі пальтосы тұр емес пе? Мүмкін одан әтір исі шығатын болар. Расында да онда бір пальто тұрды. -Менің пальтом,-деді кемпір,-ол ескілеу,әйтсе де одан ызғырық желдің өзі де өте қоймас. -Бұл үй өзі неше бөлме?-деді ендi бұл кемпірге қарап. -Екі бөлме.Екі бөлме!-деді кемпір бұрқылдап. -Ал екінші бөлме қайда? Кемпір саусағымен бүйірдегі есікті нұсқады.Ол бөлмеге осы бөлме арқылы кіреді екен. Енді бәрі де түсінікті еді.Қу қыз кемпірге бұл келмес бұрын: "Әжетай,айтпай-ақ қойыңыз,ол мені іздеп әуре-сарсаңға түссін" деген ғой.Әй,қыздар-ай,еркеліктерің бір қалмай қойды-ау! Бөлменің есігінің алдына жетіп барды.Саусағымен есікті ақырын тықылдатты.Мұндайда сыпайы болу керек.Қыздың бөлмесіне баса-көктеп кіріп баруға болмайды.Бұған іштен қыздың "қазір", "қазір" деген даусы естілетіндей көрінді. -Сіз бос бөлменің есігін қағып тұрсыз,-деді кемпір. Бөлменің есігін итеріп қалып еді,расында да онда қыз түгілі сайтан да жоқ екен.Мүмкін,сайтан бар болса бар шығар,бірақ мұның көзіне көрінген жоқ. -Ал ол қайда?-Бұл кемпiрге сұраулы жүзбен қарады. -Қайда...Қайда?! Келдіңіз де әлдеқандай бір қызды сұрадыңыз... Бұған кемпір бірдеңені жасырып тұрғандай көрінді.Түсінікті еді.Үлкендер-ай,осындайларыңыз бар-ау.Үнемі бірдеңеге риза болмай бұрқылдайсыздар да жүресіздер.Жастардың да жанын түсіну керек қой.Мүмкін қыздың төсегі жиналмай қалған болар.Ал осыған бола соншама бұрқылдауға бола ма? Жүрегіне махаббат ұя салып жүрген арудың жаны мұндайда жараланғыш келеді емес пе? Мүмкін,ол хат жазып қалдырып кеткен де болар.Ол хатта: "Әжетай,мен сізге ренжідім.Алдап кетеді деп ойламаңыз,пәтерақыңызды әкеліп беремін" деп жазғандығы анық.Әрине,мұндай қыздар өтірік айтпайды,төлеймін дейді екен,төлейді.Ал мына кемпір болса,қызды алдап кетеді деп ойлап жүр. -Ол сізге хат тастап кеткен жоқ па? -Қайдағы хат,-деді кемпір,-мен ол бөлмеден ешқандай хат көргенім жоқ. -Әжетай-ау,сіз үлкейген адамсыз ғой,оның үстіне көзіңізге көзілдірік тағасыз,хатты көрмей қалуыңыз да мүмкін емес пе? Кемпір екеуі бөлменің астаң-кестеңін шығарып,хатты іздей бастады. Бірақ мұнда қағаздың титімдей де бөлігі табылсайшы.Егер табылса,бұл Самалдың жазуын бірден-ақ ажыратар еді.Қыз агентте үнемі көркемдеп жазатын,әріптерін қисайтпайды және біркелкі салады. Кенет мұның ойына ол әлденеге ұшырап қалсаше деген ой келді.Көз алдына биік қабаттан секіргелі тұрған қыз елестеді."Қош бол,сүйіктім,-дейді қыз бұған соңғы мәрте,-үлкендер жастардың жанын қашан түсінуші еді". "Самал!-дейді бұл ышқынып.-Тоқта!" Сол-ақ екен,қыз секіріп кетеді.Жедел жәрдем.Абыр-сабыр адамдар.Тура түрік киносындағыдай. "Самал,-дейді бұл еңкілдеп,-мені неге күтпедің?! Біз биікке бірге шығатын едік қой.Рас,менің биіктен басым айналады әрі одан аяғың тайып құлап кетсеңше?" -Сіз науқастанып отырған жоқсыз ба? Бұл сол кезде барып бөлмеде кемпірдің бар екені есіне түсті.Кемпірге жек көре қарады. -Әжетай,-деді кемпірге жақындап келіп,-жап-жас қыз...Ұшты-күйлі жоқ.Ал сіз оны тіпті іздеген де жоқсыз ғой.Сіз қайттіңіз? Ас бөлмеге кіріп алып шай ішесіз және өткен-кеткенді еске түсіресіз.Мысалы,полицияға бардыңыз ба? Онда барсаңыз,олар сізге арыз жаза қойыңыз дейді.Сіз сауатты адамсыз ғой.Арыз жаза аласыз.Ал сонан-соң олар сіздің қызыңызды тауып береді.Бар болғаны осы. -Олар менен сұрасаше,-деді кемпір,-қызыңыздың түр-түсі қандай еді деп сұрап жүрсеше? -Дұрыс айтасыз,-деді бұл кемпірге риза кейіппен қарап,-олар сізден: "Қызыңыздың түр-түсі қандай еді,бәлкім,оның сол құлағының сырға салатын жерінде титімдей ғана меңі бар болар?" деп сұрауы да мүмкін.Сіз айтасыз: "Иә,сол құлағының сырғалығында тарыдай ғана меңі бар еді.Өзіне сондай жарасып тұратын".Олар осы қаладағы сол құлағында тарыдай меңі бар қыздарды алдыңызға жинап береді,сіз қызыңызды танып аласыз да,жетектеп қайтасыз.Бар болғаны осы. -Бірақ мен оны танымаймын ғой,-деді кемпір шарасыз дауыспен,-сізде оның суреті бар ма? -Бар болғанда қандай! Бұл қалтасынан телефонын шығарып,агентті қосты: "міне оның суреті". Кемпір "суретке" үңіле қарады.Оның тіпті телефонды өзіне жақын ұстағандығы соншалық,көзілдірігі телефонның бетіне тық етіп тиді.Сосын көзілдірігін шешіп үңілді де: -Мұнда түк көрінбейді ғой,-деді,-мен ешқандай қыз көріп тұрған жоқпын. -Әй,әжей-ай,-деді бұл кемпірдің қолынан телефонды алып жатып,-мінеки,көрініп-ақ тұрған жоқ па?-Телефонды өзінен алыс ұстады.-Оған ғашықтық көзбен қарау керек қой,ал сіз қалай қарайсыз,көзілдірікпен және сығырайған көзбен.Мұндай көзқарастан кез-келген қыздың сурет жақтауының артына тығылатындығы анық.Айтпақшы,сізде оның суреті жоқ па? -Менде ме?-деді кемпір ойланып қалып,-Менде...Егер ол осы үйде тұрғаны рас болса,суреті болу керек қой.Мүмкін альбомдарды қарап көрерміз. Бұл алақанын алақанына шарт еткізді: -Бағанадан бері босқа малжаңдасып тұрғанша,істі неге осыдан бастамадық. Кемпірде фотоальбомдар көп еді. -Мынау балабақшадағы суреттерім,-деді кемпір бір альбомды шығарып,-ал мынау бастауыш сыныптағы... -Әжетай-ау,-деді бұл кемпірдің қолынан альбомдарды былай алып қойып жатып,-бұл кезде Самалдың дүниеге келу-келмеу мәселесі шешілмеген де шығар. Ақыры кемпір екеуі бір альбомды алып қарай бастады.Кенет мұның көзіне Самалдың суреті оттай басылғаны. -Таптық-ау ақыры!-деді бұл қуанғаннан айқайлап жіберіп. Қыз кемпірдің иығына басын сүйеген күйі отыр екен.Рас,суреттегі қыз қараторы еді.Ал қараторы болса несі бар,ең бастысы сүп-сүйкімді-ақ қой.Егер қыз шикіл сарының өзі болып шықсаше,сонда оған үйленбей қоясың ба? Жоқ,махаббат үшін бәрібір үйленуге тура келер еді. Кенет өзіне кемпірдің тесірейіп қарап отырғанын сезді. -Ол Самал емес,-деді кемпір басын шайқап,-ол менің жиенім ғой... Бұл орнынан даурыға сөйлеген күйі атып тұрды: -Әй,әжетай,осы үйге келгелі бері бұлталақтадыңыз келіп.Неге десем,жиенді қызғанған екенсіз ғой.Рас,олар кішкене кезінде сүп-сүйкімді-ақ болады,ал өсе келе мүлде басқа әулетке ұқсап тұрады.Сонда да қызғануға тура келеді.Той-думан » Әзіл-қалжың »