Танысу бұрышында /әзіл/ Ғабиден Қожахмет - құттықтау

Танысу бұрышында /әзіл/ Ғабиден Қожахмет

Танысу бұрышында             (әзіл) "Танысу бұрышы" өзі де аты айтып тұрғанындай,Махаббат және Отбасы көшелерінің қиылысқан бұрышында орналасқан еді.Қабырғасы әйнектен қаланған шағын ғимараттың екі көшеге қараған бетінде де "Танысу бұрышы", "Танысу бұрышы" деп үлкен әріптермен жазылып қойса да,мұнда әдетте мұрты едірейген,еңгезердей-еңгезердей еркектер бас сұғып жататын да,әйелдер қауымына әлгі жазуды нұсқап көрсететін болса, "мен немене күйеу іздеп жүр ме екенмін" деп бір түрлі тәкаппар пішінге ене қоятын.Мүмкін оларға ғимарат қабырғасының әйнектен қаланғандығы онша-мұнша ұнай қоймайтын да болар,әйтсе де осы әйнек қабырғаның аржағында отыратын,көздері достық пейілге толы әйел адамның үстелінің астында қайдан келетіндігі белгісіз,олардың фотосуреттері орын алып жатушы еді. Бүгін де "Танысу бұрышының" есігін осындай бір ер адам қақты.Ол қолапайсыз қимылмен отырып жатып: -Иә,қалай еді өзі?..Солай ғой енді...Не деуші еді?-деп бірдеңелерді айта бастады. Төрде отырған әйел күлімсірей қарады: -Қысылмаңыз.Бізге бәрі де түсінікті.Сізден бұрын осында бас сұққан тоқсан тоғыз еркек те әңгімені дәл осылай бастаған болатын.Демек,танысқыңыз келеді ғой.Абыржымаңыз.Сіздің алдыңызда әлі танысатын бикеш отырған жоқ қой.Әлден абыржисыз.Жақынырақ отырыңыз,-деді. Еркек әйелге жақындау отырды. -Ал,қалай?-деді әйел бір фотосуретті көрсетіп жатып.-Үш баласы бар әйел адам. -Несі бар? Балалар соншалықты жаман ба екен,-деді еркек. -Әрине,жаман емес,-деді әйел.-Олар періштелер ғой.Тек аздап шулайтындары болмаса... -Енді мына суретке қараңыз,-деді әйел.-Бұл да үш баласы бар әйел адам. -Мына әйел алдыңғы әйелге қарағанда ажарлылау екен,-деді еркек. -Демек,осымен танысқыңыз келеді ғой. -Солай сияқты,-деп еркек мұнтаздай қырылған иегін сипалады. -Асықпаңыз,-деді әйел.-Отбасы құру-жауапты іс.Мына суретке де зер салып көріңізші.Екі баланың анасы,-деп ол тағы да бір суретті үстел үстіне қойды. -Меніңше,осыныңыз дұрыс қой деймін,-деді еркек.-Қанша дегенмен үш балаға қарағанда,екі баланың жүгі жеңілдеу ғой... -Мынау да екі баланың анасы,-деп әйел тағы бір суретті үстел үстіне орналастырды. -Мынау алдыңғы әйелге қарағанда реңділеу екен,-деді еркек.Иә,реңділеу екен. -Демек,осымен танысқанды қолай көресіз ғой? -Енді алған жарыңның бой-бітімі реңді болғаны да жақсы ғой. -Асықпаңыз,-деді әйел.-Мына суретке де назар аударыңызшы.Бір баласы бар келіншек.Ұл бала.Суретте ұлы да бейнеленген.Сүп-сүйкімді-ақ емес пе? -Бір баласы бар болса қайтеді екен,-деді еркек.-Несі бар жан басына жан қосыла жатады да... -Дұрыс айтасыз,-деді әйел де.-Өзі де бізге берген мәліметінде "ұлыма серік боларлық перзенттерді өмірге алып келсем" депті. -Ал мына суретте,-деді әйел тағы бір суретті шығарып жатып,-бір қызы бар келіншек бейнеленген.Қызына қараңызшы,еліктің лағындай-ақ емес пе? -Меніңше,осыныңыз дұрыс қой деймін,-деді еркек.-Қанша дегенмен ұл балалардың сүйікті әкетайды көбірек көзге елестетіп тұратыны бар ғой.Ал қыз балалар тұп-тура апатайына ұқсай қалады.Мына суреттегі ботақан да тура анасының аузынан түскендей екен. -Демек,осымен танысқыңыз келеді ғой. -Әрине. -Енді мына суретке қараңыз,-деді әйел.-Сәтсіз тұрмысты басынан өткізген.Баласы жоқ.Қалай? -Несі бар ортақ балақайлар бола жатады да,-дедi еркек. -Дұрыс айтасыз,-деді әйел де.-Өзі де бізге берген мәліметінде "мақсатым тұрмысқа шығып,ана атану" деп көрсетіпті.Демек,қалауыңыз осы болып тұр ғой? -Солай,әрине. -Мына суретке де зер салыңыз,-деді әйел тағы бір суретті шығарып жатып.-Бойжеткен.Тұрмыс құрмаған. Еркек елең ете қалды: -Бойжеткен дейсіз бе?! Тұрмыс құратындай ойы бар ма екен?! -Әрине,өзі де сол мақсатпен хабарласып отыр ғой. "Оқуымды ойдағыдай бітірдім.Қызметімді алып кеттім.Ендігі бар мақсатым-жақсы азамат табылып жатса,отбасы құру" деп көрсетіпті. -Ендеше,осы бойжеткенмен таныстыра қойыңыз,-деді еркек.-Жанарында бір жылылық бар екен. -Әйтсе де мына суретке де назар салып көріңіз,-деді әйел.-Бұл да осы қатарлас бойжеткен.Тұрмыс құрмаған.Өмірбаяны да осыған ұқсас. -Мынауыңыз талшыбықтай бұратылып тұр ғой,-деді еркек.-Алдыңғы бойжеткен көзіме толықшалау көрінді ме қалай?.. -Танысқыңыз келе ме? -Енді қалай деп едіңіз.Тура биші қайыңның өзі дерсің!.. -Асықпаңыз,-деді әйел.-Ойланып алыңыз.Енді мына суретке қараңыз.Мұнда да дәл осылар қатарлас бойжеткен бейнеленген.Өмірбаяны да ұқсас.Көркі де осылардан кем емес.Тек айырмашылығы бізге берген мәліметіндегі "Ақылыңыздың өлшемі" деген жерден ақыл көрсеткішінің екі грамға артық екенін байқадық. -Екі грамм дейсіз бе?-деді еркек дауыстап жiберiп.-Ойбай-ау,қазіргі заманда екі грамм ақыл далада жатыр ма екен?! Ол дегеніңіз тұрмыс құрғанда біраз маңызға ие болады ғой. -Дұрыс айтасыз,-деді әйел де.-Кейде бір грамм ақылдың өзі де едәуір роль атқарады.Танысқыңыз келе ме? -Әрине! Ақылы ажарына сай дегендей ғой... -Сөйтсе де мына суретке де назар салып көрмес пе екенсіз.Университетті осы бойжеткендерден бірнеше жыл кейін тәмамдаған аруымыз осы,-деп әйел бір фотосуретті үстел астынан жарқ еткізіп шығарды. -Мынау гүл ғой,-деді еркек сыбырлап.-Тура қырда өскен қызыл гүл дерсің!.. -Шыңда өскен гүл деңіз,-деді әйел.-Танысқыңыз келе ме? -Құдай тілеуіңізді берсін!-деді еркек дегбірсізденіп,фотосуретті қос қолдап ұстай алып.-Рахым ете көріңіз! Маған осы арудың байланыс телефонын бере алмас па екенсіз?! -Егер қалауыңыз сол болса,әрине,-деді әйел. Еркек байланыс телефонын жазып алып,рахметін айтты. -Сіз нағыз ер адам екенсіз,-деді әйел.-Нағыз ер адамдарды бейне бір кәсіби альпинистермен салыстыруға болады.Олар шың басындағы гүлді алуға ұмтылады.Оларды ешбір дауылдар мен жауындар мұқата алмайды.Немесе оларды ер жүрек теңізшілерге балауға да болар еді.Теңіздің асау толқындары ешбір қаймықтырмайтын батыл капитандарша кемені тұп-тура алға бағыттайды. -Дұрыс айттыңыз,-деді еркек.-Альпинистер мен ер жүрек теңізшілер туралы теңеуіңіз орынды.Дауылдар мен жауындар туралы да жақсы айттыңыз.Батыл капитан жайлы пікіріңізбен де келісуге болады.Кемені тұп-тура алға!.. -Ендеше сізге сәттілік тілеймін!-деді әйел орнынан тұра беріп. Еркек те орнынан тұрды: -Рахмет! -Айтпақшы ескертіп қояйын,-деді әйел,-сіздің алдыңызда осында бас сұққан тоқсан тоғыз еркек те дәл сіз жүрген жолмен жүріп өтіп,қолыңыздағы арудың байланыс телефонын алып кеткен болатын.Сондықтан тоқсан тоғыз бәсекелесім бар деп біліңіз. -Тәуекел!-деп еркек қалшиып тұра қалып,галстугын түзеді. -Міне,нағыз ер адамның сөзі,-деді әйел.-Нағыз ер адамдар әдетте тәуекелшіл келеді.Оларды тіпті бәсекелестерінің соншалықты көптігі де абыржыта қоймайды.Ендеше,тоқсан тоғыз бәсекелесіңіздің үмітін үздіре отырып,гүлге бірінші боп қол созуыңызға тілектеспін. -Рахмет,-деді еркек тағы да. -Егер кемеңіз қайырлай қалып,сәтсіздік орын алардай жағдай туып жатса,сізге әрдайым есігіміз ашық. -Тағы да таныстырасыз ба? -Әрине,-деді әйел.-Сіз қазір өзіңіз жүріп өткен жолдың шетінде тұрсыз.Енді әрбір сәтсіздіктен кейін,кері бағытқа жүріп отырасыз. -Мм...Түсінікті,-деді еркек. Еркек қоштасып шығып кеткеннен кейін,әйел фотосуреттерді жинай бастады. -Қыздар махаббатын күтеді,-деді ол суреттерді жинап жатып.-Олар аппақ махаббаттың есік қағар сәтін тосады.Ал жігіттеріміз бір бағытқа жөңкілуде... -Несі бар,қыздар,махаббаттың,әйтеуір,бір есік қағатындығы анық қой. "Махаббат есік қағады,-деп әндетті әйел суреттерді орналастырып қойып жатып.-Махаббат есік қағады". Сонан-соң "Танысу бұрышының" есігін қағып кіріп келе жатырған тағы бір еркекке күлімсірей қарады: -Келіңіз! Отырыңыз! Ғабиден ҚОЖАХМЕТ  
Той-думан » Әзіл-қалжың »