Тарихы терең Тәуелсіздік /Ғабиден Қожахмет - құттықтау

Тарихы терең Тәуелсіздік /Ғабиден Қожахмет

Тарихы терең     Тәуелсіздік Өтсе де ғасыр,бір күннен асып бір күнің, Басталған екен елдігің сонау жыл бұрын. Ордаңды тіктеп,шаңырақ көтерген кезіңді 550 деп бедерлеп жазған күн бүгін. Есіңе салып өткеннің жолын енді күн, Мақтан боп сосын оянды бүгін елде ұғым. Кереге керіп,уығың берік шаншылып, Жаңғырған екен сонда бір ұлыс,елдігің. Ғасырмен жасап,еркін ел бүгін болсақ та, Бүгін мен кеше: қос ұғым кетпес алшаққа. Шаңырақ құрып,өткеніңде де тұрыпсың Бұла күш болып,бұлықсып сыртқа сол шақта. Іргелі ел боп,халқың да сол кез көшке ерді, Күй кешіп текті,алдыңнан самал ескен-ді. Мың-мыңдап қолмен оғыландарың тұрғанда, Суырылса қылыш,сұсыңнан жауың сескенді. Басыңнан бір кез өткізіп талай майданды, Ұлдарың түгіл,аруда намыс қайралды. "Жағадан жауың... тартқанда бөрі етектен", Ұрысың салған жеңіске талай айналды. Аруағың жебеп,ғаламат бойға күш кірді, Дұшпаның көрді жанардан намыс-ұшқынды. Елім деп туған еңкеймей өткен ерлерің Жауына талай атының жалын құштырды. Майданда ұлға Әкелер ерлік ұқтырып, Тілеуін Ана тілеген көзде шық тұнып. Тарихтың кейде ащысын татқан кезде де, Қалып ең әр кез рухың сынбай тік тұрып. Қағандар айла ұстанып сыртқа сан қырлы, Санада ерлік сан рет қайта жаңғырды. Отанды олар өмірімен қорғап,сонан-соң Ұрпаққа бәрін аманат етіп қалдырды. Уақыттың әлі көреді ұрпақ жалғасын, Ұлтыңды дәйім бабалар жебеп қолдасын! Болашағыңның қастерлі бағыт соқпағын "Мәңгілік Ел" деп көрсетіп берді Елбасың. Шуағын тағы бейбіт боп бүгін төкті күн, Кешегі майдан,кешегі дауыл жоқ бүгін. Қазақстан деп өзгелер жатса назар сап, Әнұран шалқып,еңкеймей тұрсын көк Туың! Еркіндік алып,азаттық деді ұғымың, Тыныштық күнмен құнды боп тұр ғой бүгінің. Қалқаның енді-ұрпаққа ұлттық тәрбиең, Қаруың бүгін-ұрпаққа берер білімің. Болашақ барда күтеді әлі ұлы сын, Кеше де болған елдігің менен ұлысың. Күн шалмас жүзін әлпештеп Ару өсірген Тамыры терең халықтың сен де бірісің. Тектілік мінез сезіліп әуен-сазыңнан, Шаттығың болса күн менен түнге созылған. Ел едің сондай,ерлікке толы шежірең Шанақтан төгер киелі үнмен жазылған. Өткенің болып-бабадан текті туған ең, Бүгінің болып-Еркіндік күнді жырлап ең. Еліңе заман оздырған сайын уақыт, Ұлтыңды танып,мойындай берсін күллі Әлем! Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы
Өлең - сөздің патшасы »