Намысынан халқының жаратылған (Қайрат Жұмағалиев) - құттықтау

Намысынан халқының жаратылған (Қайрат Жұмағалиев)

Көзінде отты жасын бар,

Сан жырлар оны жаңа ұрпақ.

Келешек,

Ұлы ғасырлар

Баукеңе қарар таңырқап!

 

Жеңілден безіп әманда,

Үлесін алған ауырдан,

Күрделі біздің заманға

Ұқсайды

Қайсар Бауыржан!

 

Аялап оны алыста

Тербеген дала бесігі.

Бауыржан болып

Соғыста

Жарқ етті

Қазақ есімі!

 

Өрт кешкен отты жылдарда

Шынығып өсті өр тұлға.

Сүйеу боп

Сұрапылдарда

Даласы тұрды артында.

 

Аға боп майдан өрінде

Сан ұлттың ұлын баураған,

Жүргенде Ол туған жерінде

Жеңілмес Антей – аумаған.

 

Жауына тізе бүккен бе,

Ел үшін шығып жекпе-жек,

Өмірді сүйгендіктен бе

Өлімге барған...

Бетпе-бет!

 

Болса да бірі жалпының

Көрмеді оған дарып оқ!

Өзінің туған халқының

Қалды Ол –

Аппақ ары боп!

 

Ақиқат естен танары –

Жүрегі жаудың шайлыққан.

Қадалса шоқты жанары

Ажал да...

Одан қаймыққан.

 

Ыза-кек өртеп өзегін

Майданда жалын құшқанда,

Шын сүйгендіктен өз елін

Қаһарлы болды дұшпанға.

 

Жықпастан туын Елдіктің

Жеткіз деп келер таңдарға

Тапсырды:

Өрлік,

Ерлікті –

Болашақ Бауыржандарға!


Жеңіс күні » Ресми мерекелерге »