Наурызды қалай қарсы алған - құттықтау

Наурызды қалай қарсы алған

         Наурыз – ежелден келе жатқан мейрам. Бұл күні - аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңеліп, жан-жануарлар төлдеп, адамзат баласының аузы аққа тиетін, жер үстіне шаттық пен бейбітшілік орнаған күн.
         Ұлыстың ұлы күнінде әрбір жүрекке үкілеген үміт оты маздап, бақыт есігі ашылғандай болып, «аурулар айығамын, аштар тойынамын, лыпасыздар киінемін» деп келешекке сеніммен қараған. Себебі, күн мен түн теңелгенде, жаңа ай толықсып толғанда, тұрмыс пен табиғат жаңарғанда жер жүзі жайнап, көк құт көзін (өсімдік) ашқан. Жер бетіне жақсылық ұялағанда, ұзақ пен жылқышы торғай (Нәуірзек) ұшып келген, жыл жерге түскен, Жер-ана тоң кеудесі жібіп, тас емшегі иіген, Самарқанның көк тасы еріген. Түнгі даланы адамдарға бақ-дәулет дарытатын Қызыр АТА аралаған.


         «Қызыр түні» мен «Әз» деген сөздің мағынасы туралы.
«Әз болмай, мәз болмайды» деп осы күндері естіп жатамыз...
- Ертең Наурыз деген түні әрбір шаңырақ үйінің төріне шырақ жағып, Қызыр баба түнін күзетіп, тілек тілеген. Бұл түні оты маздап, жарығы жанып тұрған үйге Қызыр бабаның мейірі түседі, көз қырын салады, назарынан тыс қалмай, сол үйге құт-береке қонады деп сенім білдірген.
         Халқымыздың ертедегі таным-нанымы бойынша күн мен түн тепе-теңдікке жеткен кезде аспанды жарып бір ғажайып гуіл естіледі. Сол үнді «әз» дейді.
         Наурыз біздің сағат уақытымен айтсақ, түнгі үште келеді.
         Наурыз күні күннің алғашқы сәулесіне маңдай тосып, шұғыласына бөленсе, адамның ойына күш-қуат тарайды дейді.


Наурызға қатысты тыйымдар
Наурыз мейрамында мал сойылмайды, жалпы қан шығармайды. «Өсер төлге, көбейер малға кесірі тиеді, мал басы кемиді» деген тыйым бар. Сонымен бірге Наурыз күні шаш, тырнақ алмайды. Өйткені адамның қара тырнағынан бастап, шашына дейін жаңарып, түлейді. Наурыздың бірінші күні, яғни Ұлыстың ұлы күні кір жумайды, жолға шықпайды, құрылыс бастамайды, іс тікпейді, мылтық атпайды, қақпан құрмайды, тұзақ салмайды. Бұл күн – тіршілік әлемінің тойы.


Наурызға қатысты өсиет.
         Наурызкөкті көргенде шошытып қумаңдар, «Наурызкөгім келдің бе?» деп шақырып, жем шашыңдар
Наурызшешек - өте әдемі көпжылдық гүлді өсімдік. «Биыл біреуін үзсең, келесі жылы он гүл шықпай қалады» - деседі.
Бұлақтың көзін ашу – Меккеге сапар шеккендей сауабы үлкен, қасиетті іс. Су бар жерде тіршілік бар, бұлақтың көзі ашылса, су мол болады. Су мол болса, шөп те, гүл де жайқалып өседі, егін бітік шығады. Адамдар мен жануарлар тоқ болады, тоқ болса бір-біріне қастық жасамай, бейбіт жүреді. Бастау-бұлақтардың көзін ашқандарың - өмір-тіршіліктің де көзін ашқандарың.


Наурыз күнгі амандасу
         «Ұлыс оң болсын, қайда барса жол болсын!», «Ұлыс береке әкелсін!», «Наурыз құтты болсын!», «Қызыр дарысын, бақ қонсын!», «Ұлыс береке берсін, пәле-жала жерге енсін!», «Ақ мол болсын!», «Бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар, айдан – аман, жылдан есен өтейік» - деп жатады.



Наурыз сценарийі » Соңғы қосылған дүниелер »