қазақ қызы жайлы ой толғау.Іргетас сайтынан - құттықтау

қазақ қызы жайлы ой толғау.Іргетас сайтынан

ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ
 
 
 
Ана тiлi мен қазақ қызы. Маған осы екi сөз бiр-бiрiнен ажырағысыз табиғи тұтасып кеткен киелi ұғым тәрiздi көрiнедi. Аңғарғанға ананың ақ сүтi мен аялы алақанысыз ана тiлiнiң қанат жаюы мүмкiн бе, сiрә. Менiңше, мүмкiн емес.
Мен бұл тақырып бойынша сөз қозғау үшiн көп ойландым, көп толғандым. Қазақтың халық өлеңдерi мен мақал-мәтелдерiн, ертегi-аңыз әңгiмелерi мен эпостық жырларды, қазақ жазушылары мен жыраулар дүниелерiн, ғұламалар толғауларын шарлап шықтым. Өз аналарымыз бен әпке, қарындастарымыздың тағлымға толы табиғатын барлап, көз алдымызда, алақан аясында өскен және бiлiм, ғылым саласындағы қыздарымыз бен немерелердiң алып отырған тәрбиемен өнегесiн ой әлемiнен өткiзiп, саралап шыққандай болдым.
Рухани тарихымыздың тарғыл беттерiн парақтасақ, қазақ қыздары мен қазақ әйелдерi, жалпы аналар әлемi туралы толғанбаған тұлғалар сирек екен. Оның үстiне жүрек тербер, сезiм қоздырар қазақтың халық әндерiне, немесе мақал-мәтелдерiне бiр сәт көңiл аударып көрелiкшi. Ненi меңзеп, не айтар екен. Бұларда аналарға, қыздарға тән әрi тәрбиелiк, әрi тағылымдық мәнi ерекше толғамдар бар. Соларды саралай келе мынадай сөз үйiрлерiн байқадық. Әрине әлгi тақырыптардың бәрiн толық баяндау мүмкiн емес. Сондықтан бұл жолы халықтық мақал-мәтелдер төңiрегiнде ғана кейбiр ойларды алқаға салған жөн-ау дедiк. Сонымен, ой қозғайық.
Қазақ қауымында қыз баланың орны айрықша болған. Оны мынандай мақал-мәтелдерден анық аңғарамыз. Ата-бабаларымыз қызды қонақ деп есептеп, барған жерде бағының ашылуын үйде отырьп қамдаған. Барынша iзеттi, сыпайы, мейiрiмдi де iсмер, қылықты да қырмызы болуын үнемi қадағалап отырған. Еркiн ұстаған, бiрақ тым еркiнсiтпеген.
«Қыз — өрiс, ұл — қоныс» деп бiлгендiктен қазекем өрiсiн кеңейтер қыз балаға айрықша көңiл бөлген. «Қыз мiнездi келсiн, ұл өнерлi келсiн» дей отырып, «қызға қырық үйден тиым» жасайды. Қыз тәрбиесiндегi жеңге рөлi де көзден таса болмайды. «Қызы бар үйдiң жеңгесi сүйкiмдi келедi».
Өйткенi әке-шеше айта алмайтын сырды жеңге жеткiзедi. Қыздың балғын болмыс-бiтiмi мен тәрбиесiнiң басы-қасында аяулы жеңгелер жүредi. Сүйген жiгiтi мен екi арадағы әдептi қарым-қатынастың табиғи өрбуiне сеп болатын осы жеңгелер. Бұларды жеңгетайлармен алмастыруға болмайды.
Ата-ана қызынан ешнәрсенi аямайды. Оның ешнәрседен мұқтажсыз, бұла өсуiн қадағалайды. Өйткенi қызға бергендi қызыр өтейдi деп бiледi. Сонымен бiрге қазекең қызды бетiмен де жiбермейдi. «Қызды қымтап ұстаған ұялмайды» дей отырып, оларды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсiрудi парыз санайды. Олардың ар-ұятының сақшысы бәрiне жауапты екенiн ешуақыт ұмытпаған. Содан да болар, бiр жағынан «қыз бен жылқы жаудыкi» деп қыз тәрбиесiне мейлiнше сақ қарайды. «Қыз баққаннан қысырақ баққан оңайлығын» жадынан шығармай баянды отанын тапқанша өзiнiң, жауапты екенiн еш ұмытпаған. Сөйте тұра қызды жағадағы құндыздай күтедi.
«Күйеу жаман болса қызыңнан» деуiнде үлкен мән бар. Өзiнiң отбасында керектi тәрбиенiң бәрiн көрiп өскен қыз бала, соған қоса мiнездi де қылықты болса, парасатты да пайымды болса екен дейдi. «Қызды күте алмаған күң етедi, жiбектi түте алмаған жүн етедi». Мұның көбi, негiзiнен қыздың шешесiне байланысты дүниелер. Сондықтан, қыз көретiн жiгiттер, алдымен жеңгесi арқылы шешесiнiң қандай адам екенiн анықтағысы келедi. «Шешесi жаманның қызын алма», немесе «шешесiн көрiп, қызын ал» деуде осындай мақсат бар.
Заманның бағыт-бағдарына қарай мақал-мәтелдер де түрленiп, өзгерiске түсiп отырады. «Шешесi отырып, сөйлеген қыздан безiн» деп келе, қыздың жақсысын iздейдi. «Ақылды қыз бiлiмге жүгiнер, ақылсыз қыз сөзге iлiгер» деп бiледi. Осындай негiзгi тәрбиелiк жұмыстарды жүргiзiп алған соң, қазекеңнiң құдайдан тiлейтiнi қызының барған жерiне тастай батып, судай сiңуi. Барған жерiнде бағының ашылғанына қатты қуанады, бағы тайса қатты күйiнедi. Қорқатыны — «қайта шапқан жау жаман, қайтып келген қыз жаман» екенi.
«Шыққан қыз шиден тысқары» қыз баланың ендiгi жердегi тiршiлiгi шектеулiлеу болатыны белгiлi. Ол келiндiк және әйелдiк дәуiр. Бұл қыз бала үшiн мейлiнше жауапты кезең. Жаңа түскен келiнге сыншы да, мiншi де көп. Ол ендi төркiнiнде алған тәрбиенiң қаншалықты екенiн көрсетуге тиiс. Жеңгесi мен шешесiнен көргенiн iстеп, қайын жұртының көңiлiнен шығуға тырысады.
Қазақ қыздың өз жұрты мен бiрге қайын жұртының да тәрбиеге жауапты екенiн қатты сезiнедi. Оның қандай елге, қандай отбасына келiн болып түсуiне көп нәрсе байланысты. «Жақсы елге түскен келiн, келiн, жаман елге түскен келiн келсап». Бұл жерде қайын ененiң рөлi көрiне бастайды. Көбiнесе «келiннiң қайын ене топырағынан жаралғандай» болып келуiн қалайды. Шынында көргендi елден шыққан қыздың көсегелi елге тап болуы зор бақыттың кепiлi.
Жас келiннiң бетiн ашу рәсiмiне қазақ халқы айрықша мән берген. Мұндағы мақсат ақынның астарлы да ойлы, көркем де шебер тiлiмен жас келiнге келген жерiнiң үлкен-кiшiсiмен, елi-жұртымен таныстырып iзет-құрмет күтуi өзге елдерде бола бермейтiн ұлтымызға тән тамаша дәстүрдiң бiрi. Бұл мәңгi есте қалар, ұмытылмас сәттер. Сондықтан «келiннiң бетiн кiм ашса, сол ыстық» дейтiн нақыл сөз көптiң көкейiнде қалып қойған. Сөйтiп келген жерiнiң тәрбиелiк мектебiнен өте бастайды.
Қазақтың бұл тұстағы тәсiлi де өзгеше. Ата-ене көңiлiндегi ойды келiнге туралап емес, тұспалдап жеткiзуге тырысады. Тiптi көбiнесе қызына сөйлеп отырған болып, келiнiнiң құлағын дiттейдi, «Қызым саған айтамын, келiнiм сен тыңда» дейдi. Түбi келiннiң iс тiрлiгi «еркек үйдiң иманы, әйел үйдiң жиғаны, жақсы әйел — ырыс, жаман әйел — ұрыс», «бiрлiктен бездiретiн де — әйел, сұмдықты сездiретiн де — әйел», «ерте тұрған еркектiң ырысы артық, ерте тұрған әйелдiң бiр iсi артық», «жақсы әйел — жiгiт бiткенге бақ», «үйдi қырық еркек толтыра алмайды, бiр әйел толтырады» деген нақылдарға сай жетiлуiн қадағалайды. Сонымен бiрге келген келiн татулық жаршысындай болса деп армандайды. Әсiресе абысындар арасының ынтымақты болуы көзделедi. «Ағайын тату болса ат көп, абысың тату болса, ас көп». «Ағайынның азары болса да безерi жоқ», «ағайынға қарап, мал өсер, ағашқа қарап тал өсер».
Қыз, әйел, қатын, абысын-ажын, ағайын туралы мақал-мәтелдердi саралай отырып, халық даналығына қайран қаласың. Атам қазақ ешбiр жарғы, нұсқау жазып әуре болмай-ақ әрi қысқа, әрi нұсқа нақылдармен тәрбие-тағылымның тамаша үлгiсiн түйiп айтып отырған.
Осының бәрiнде ананың орны айрықша. Барлық iзгiлiк, мейiрiм, шапағат адам баласының бойына ананың ақ сүтiмен дарыса керек .
«Ана сүтi бой өсiредi, ана тiлi ой өсiредi». Әрбiр ана бойындағы тағдыр берген бар асылын тоғыз ай толғатқан перзентiнен аямаған. Олардың арасынан сөз ұстаған ақын да, ел қорғаған батыр да, шежiре шерткен ғалым да, ел қамын жеген дана да, үлгi-өнеге шашқан ұстаз тағысын тағы талай дүлдүлдер мен шешендер, өмiр гөй-гөйiн түйiндеген шеберлер де шыққан. Ел-жұртына ойран салған опасыздар да, қатыгез қара ниеттiлер мен халқын қанқақсатқан жауыздарда болған.
Соған қарамастан, анаға табынбайтын, оған тоқтамайтын, оның алдында тiзе бүкпейтiн жан сирек. «Анадан алып туады», «Ана бауырындағы бұлақ», Сондықтан ана алдындағы қарыздың өтелмегенi өте ауыр. «Анаңды Меккеге үш арқалап барсаң да, қарызыңнан құтыла алмайсың», «Анасыз қыз жасауға жарымайды». Ендеше «Анаға қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер». Сол себептi, «анасын көрiп, қызын ал».
Бұлар ана туралы халық даналығынан алынған бiрен-саран мысалдар ғана. Тағылымға толы осынау толғауларды тарата отырып, қазақ тiлiнiң түпсiз де терең байлығына, ойыңды көрiктендiрiп, көңiл сарайыңды нұрландыра түсер асқан қасиетiне қалайша шаттанбайсыз.
«Дала мен қала» газеті, № 10 (191), 08.03.2007ж.

Тәрбие сағаттарына материалдар » Соңғы қосылған дүниелер »