Туған елім. тірегім/жалғасы - қазақстан халықтары - құттықтау

Туған елім. тірегім/жалғасы - қазақстан халықтары

Қазақcтанда тұратын  халықтар салт –дәстүріне арналған ауызша журнал
                                                   Тұратын ел алуан ұлттан –ұлыстан,
Аман болсын даудан, алыс –жұлыстан.
                                                     «Ырыс түбі – ынтымақ »деп жарасып,
                                                   Қазақстан болсын жайнап Гүлстан.
                                                              Нұртас Исабаев 
 
 
      Бағдарламаның мазмұны: Балаларды Қазақстанда тұратын халықтар салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен таныстыру. Ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетіне тәрбиелеу.
         Дайындық кезең :  Алдын- ала Қазақстан халықтарының өміріне, салт-дәстүріне байланысты, ұлттық тағамдары туралы слайдтар жасау. Осы халықтардың ауыз-әдебиеті ертегілері, әдебиеті бойынша кітап көрмесін ұйымдастыру.   
     Балалармен Қазақстанда тұратын әртүрлі ұлт өкілдері олардың Қазақстанға келуі туралы тарихқа қысқаша тоқталып өту керек.  Сіздердің назарларыңызға С.Бегалин атындағы МРБК шығарған «Ұлтаралық қарым-қатынастар мәдениеті» сериясымен шыққан «Терең тамырлар», «Корея-таңғы самал елі», «Ұлтым-ұйғыр, көне Қашқар баласы» және т.б. әдістемелік құралдарын қолдануға болады.
         Ескерту: Біз бұл шараға Қазақстанда тығыз қоныстанған алты ұлт өкілдерінің сал-дәстүріне тоқталып өттік. Тәуелсіздік алған жылдардан кейін қазақ халқының салт –дәстүріне байланысты болсын, сондай-ақ басқа да ұлт өкілдерінің ертедегі тарихы, салт-дәстүрлері зерделеніп, сараланып кітап болып басылып, мерзімді басылым беттерінде жарияланып жүр. Бұрын ұмыт болған  салт-дәстүрлерімізді қайтадан жаңғыртып, оларды күндегі өмірде де пайдаланып, келешек ұрпаққа үйретудеміз. Дегенмен, көп айтылмай қалған, оқырмандарымыз көп біле бермейтін де дәстүрлер бар. Біз солардың бірнешеуімен оқырмандарымызды таныстыруды жөн деп таптық. Сіздер өз тараптарыңыздан өлкелеріңізде, қалаларыңызда, ауылда  тығыз қоныстанған ұлт өкілдерінің салт-дәстүрін зерделеп, олармен  балаларды таныстыруыңызға болады. 
 
   Қатысушылар  : жас тілшілер, редактор – жүргізуші.
       
         Ұлттық салт- дәстүрлер – тарихи көне процесс. Салт – дәстүр халықтардың тіршілік кәсібіне, наным – сеніміне, өмірге деген көзқарасына байланысты туып, қалыптасып, ұрпақтан – ұрпаққа ауысып, өзгеріп жаңарып отырады.
         Қазақстан  дүние жүзі халықтарымен терезесі теңеліп, тәуелсіз мемлекет болды.
         Өзінің ертеден бері, ұрпақтан- ұрпаққа жалғасып келе жатқан әдет –ғұрып, салт – дәстүрін жасқанбай жалтақтамай пайдаланып, іске асырып, ары қарай дамытып, заман талабына сай жүргізіп келеді. Ғасырлар, жылдар бойы бірге өмір сүріп, бауырласып, туыс боп кеткен ұлттар арасындағы интернационализм-шын мәніндегі нағыз достық тек қана өзара тең дәрежедегі қатынас, әрбір ұлттың тіліне, тарихына, мәдениетіне деген құрмет арқасында ғана жүзеге асады деген ой туды.
         Ұлтаралық қатынас мәдениетіне тәрбиелеуді балалық кезден бастаған дұрыс. Ең алдымен отбасында, кейін мектеп пен кітапханада өз ұлттының тарихына, мәдениетіне, тіліне көңіл бөліп, көп тыңдап, көріп өскен әрбір бала болашақта өз сезімін немесе -әркетімен басқа ұлттың өкілін ренжітуі мүмкін емес. 
 
Журналдың бірінші беті қазақ халқына арналады.
         Редактор: Қазақ халқы бала тәрбиесіне, жалпы адам тәрбиесіне терең мән беріп, оның сәтті қағидалары мен ережелерін жасағандардың бірі. Қазақ халқының тәрбие-тәсілдері мен тәжірибелері өте көп. Солардың ішінде халық арасына кең тараған «ат қою» салты үнемі алдыңғы қатарда тұрады. Жас келін құтты орнына қонғаннан кейін сол елдің туыстық жағынан жақын адамдарымен қарым-қатынас жасап, араласатыны табиғи құбылыс. Қазақ ғұрпында келін бұл кісілердің атын атамайды. Сондықтан әрқайсысына өзінше ат қоюға тиіс. Бұл бір жағынан оларға құрмет белгісі болса, екінші жағынан әдеп-ибаға жататын жүйелі жосық. Түскен ауылына келін өз балалары қатарында саналады. Ешқандай жаттық көрмейді. Сондықтан ет жақын қарт кісілерді ата, әже, апа, аға деп құрметтейді. Жасы кішілерді бауыр, іні-сіңлі қатарында бауырына тартып, оларға да сүйкімді ат қойып, ізетін білдіреді.
ü  Ат қою үшін сөздерді тергенде, әр сөздің түбірі және тұтас тұлғасы қамтылуы керек. Сол арқылы ат қоятын кісінің түр-тұрпатын, мінез –құлқын, өзіндік өзгешелігін танытатын жанама сөздерді қолданады.Ат қою салтының тамыры терең, әріден жатқаны анық. Ал аңыз-болған оқиғаның елесі, ұзақ уақыттың жемісі. Ат қою дәстүрі туралы халық аңызы, оның  қоғамдағы елеулі құбылыс болғанын растап, дәлелдейді.
Бір кісінің балаларының есімдері өзен, қамыс, қасқыр, қой, пышақ, қайрақ деген атауларды қамтыған сөздерден басталады екен. Ереже бойынша келін бұл сөздер араласқан есімдерді ауызға алмауы керек. Бір күні келін су алу үшін өзен бойына барса, қалың қамыстың арасынан қасқыр тартып кеткен қойдың шала жансар тыпырлап жатқанының үстінен түседі. Мұны хабарлау үшін ауылға  жүгіріп келеді де, жігіттерге: «Сарқыраманың арғы жағында, сылдыраманың бергі жағында маңыраманы ұлыма жарып кетіпті. Арам өлмесін, тезірек жаныманы білемеге білеп-білеп жіберіп, сойып алыңдар»-деп өтініш айтыпты. Бұл жұмбаққа ауылдағылардың бәрі түсінеді. Бұл сөздердегі сарқыраманың-өзен, сылдырама-қамыс, маңырама-қой, ұлыма-қасқыр, жаныма-пышақ, білеме-қайрақ екенін біле қояды. Міне, салттық жосынды орындау жолындағы қазақ келіндерінің адалдығы мен тапқырлығының дәлелі осы. 
          Жас тілші:   Қазақ есімдерінің көбі зат, сын, сан есімдегі және етістіктегі атау мен құбылысты айқындайтын атау сөздерден құралады. Сарыбай, Қошқарбай. Төлебай, Игілік есімдерінің баламасын қалай атауға олады?
            Жауап: Шикіл, Қой ата, Түлік, Ырыс т.б.
 
             Редактор:Тарихи жағдайлардың нәтижесінде екінші отандарын «Қазақстан» деп тапқан орыс халқы бүгінде республика тұрғындарының  отыз пайызын құрайды. Орыс халқының басқа ұлттар секілді өз ерекшеліктерін көрсететін ұлттық мекелерінің, киімдерінің, тұрмыс-салтының өзіндік ерекшеліктері бар. Бүгін біз, орыс халқының ұлттық киімімен танысамыз. Орыс халқының ұлттық киімі өздерінің әдет-ғұрпына, тұрмыс-салтына, мінез-құлықтарына, табиғатына байланысты болған. Және де қажетіне қарай күнделікті, мерекелік, ұзату, үйлену тойына, кісі қайтыс болғанда, жастарына қарай, әлеуметтік жағдайына байланысты киетін киімдері әртүрлі болған. Әрине, ондай кездерде оның пішімін, сыртқы көрінісін өзгертпеген. Түрін, кестелерін, оюларын, моншақтарын өзгерткен. Қызыл матадан тігілген киім ең әдемі деп саналған. Қызыл (красный), әдемі (красивый) деген сөздер бірдей мағына берген. Киев Русінде тұратын шаруаның күнделікті киімі кенептен тігілген жейдеден және шалбардан тұрған. Сыртқы киім ретінде қолдан тоқылған мауыттан шекпен, оның алды сол жағына қарай түймемен немесе ілгекпен қаусырылады. Ежелгі орыстың ұлттық киімдеріне қосымша міндетті түрде қолғап және қап болған. Оны белдігіне байлап қойған. Орыс жауынгерлері киімнің үстінен жеңі қысқа сауыт киген.            Әйелдің ұлттық киімдерінің негізіне көйлек, алжапқыш, пердеше, жеңсіз
көйлек, белдемше, көкірекше жатады. Қыздар ұзын шашын бос жіберіп, немесе өріп қойған. Шаштарын жібек, кестелі лентамен немесе ағаш, не теріден жасалынған алдыңғы жағы тісті шеңбермен (тарақпен) жинап қойған.
ü Ұлттық киімдерді тігу үшін негізінен кенеп пен жүнді қолданған. Ал безендіру үшін кесте, тоқыма басқа түстес маталардан оюлар ойған. Оюларды, кестелерді тігу үшін зығырдан (лен), сорадан (конапля), жібектен және жүннен жасалған жіптерді пайдаланған. Негізінен қолданылатын маталардың түрі қызыл, ақ, көк, қара болған. 
Жас тілші:Орыс әйелдерінің ең сәнді бас киімі қалай аталады?
           Жауап: Әйелдердің ең сәнді бас киімі биік төбелі бас киім болып саналған. Оны меруертпен өрнектеп, артын кестелеген жамылғымен жалғастырған. Оны олар кокошник деп атаған.
 
Журналдың үшінші беті ұйғыр халқының салт-дәстүріне арналады.
            Редактор : Журналдың келесі беті Қазақстанда өмір сүретін түркі тілдес туыс халықтың бірі- ұйғыр халқына арналады. Ұйғыр халқының тұрмыс-салтында кеңінен тараған әдеттердің бірі, ер адамдардың бірігіп бас қосулары, яғни машрап. Мұнда жастары шамалас 15-20 ер адам бірігіп, әрқайсысы кезекпен өз үйлерінде жинайды. Мәшрәп-демалыс кеші, этикалық және эстетикалық тәрбие мектебі. Мұнда қысылып-қымтырылмай еркін әңгімелесіп, ән айтып, би билеп, қалжыңдасып, бейиттер, дастандар, гәзәлдер оқып, оларды тыңдап көңіл көтерген. Қожа Ахмет Иассауидің нақыл сөздерінің жинақтары, Әлішер Науаидың гәзәлдері, басқа да араб, парсы және Орта Азия жазушыларының шығармалары көптеп пайдаланылған. Мұнда ұйғыр ақындары шығармаларының қолжазбалары оқылған. Мәшрәпқа қатысқан әр адам бұлардан өздеріне қажетті пайдалы кеңестерді ала алған. Сондықтан болар, ұйғырлар мәдениетсіз, надан адамдарды көргенде: «Мәшрәп  көрмигән», -дейді екен. Ұйғырлардың арасында ең көп тараған жанрлардың бірі-бейит айту. Әрбір бейит аяқталған бір ойды білдіреді. Бейиттер ұйғыр халқының өткен әдет –ғұрыптары, салт-дәстүрлерімен тығыз байланысты.
ü  Бейит- белгілі бір дауысқа салынған 4 шумақ өлең өлшемі. Мазмұны бойынша жауапты талап ететін өлең түрі. Жастар жиналғанда бір-біріне кесе немесе гүл беріп бір –бірімен бейит айтысады. Бейиттің қазақ халқының айтыс өнеріне ұқсас.
ü  Ғәзәл- Өлең құрылымында буын саны бірдей емес, дауысты дыбыстардың әдеттегіден созылып айтылуы арқылы жасалатын лирикалық жанр. Гәзәлдің ерекшелігі сол, өлеңнің соңғы екі жолында ақынның аты көрсетіледі.
 
    Жас тілші: Өздеріңе таныс ұйғыр халқының ұлттық тағамдарын атаңдар?
    Жауап: Самсу (самса),  әткән чай, гөш нан, саңза, жусәй манты.
 
 
Журналдың төртінші беті корей халқына арналады.
 
         Редактор: Журналдың төртінші бетін ашамыз. Бұл бет өзінің еңбексүйгіштігімен, кішіпейілдігімен ерекшеленетін корей халқына арналады.
Ғасырлар бойы корейліктер Жаңа жылдық мерекені өнім жинау науқанынан соң тойлап келіпті.   Жаңа жылдың алғашқы күні әрбір отбасы ерте тұруға тырысады. Ата-анасы балаларын: «Тұрыңдар, бүгін бізге бабаларымыз қайтып оралады» немесе «Бүгін кеш тұрған адамның қасы ағарып кетеді» деп оятқан. Отбасы мүшелері тегіс тұрып, жуынып, жаңа киімдерін үстеріне ілген соң, әр үй мерекелік тасаттыққа әзірленген. Бұл алғашқы күннің ең маңызды салтанаттарының бірі. Тасаттық берілетін бөлмеге кішірек үстел қойылып, дастарханға балық, ет, көже, көкөніс, күріш, шарап әкелінеді. Рәсімді сол күні абыз рөлін атқаратын отағасы басқарады. Ол үстіне әппақ желең (турумаги) жамылып, басына ат қылынан тоқылған лента (мангон) тағып, оның үстіне қалпақ киеді.     Мұндай алқалы жиынға тек ер адамдар қатысады. Бұл жаңажылдық салт –дәстүр Сэхва деп аталады. Сонымен қатар толь- бөбектің бір жасқа толуы тойланатын күн, герхонсик-үйлену тойы, және хуангаб-алпыс жасқа толу салтанаттарын ерекше атап өтеді.
      Толь-нәрестенің бір жасқа толу күні әйелдер бөбектің әжесінің басшылығымен корейдің кукси, тош, кимчи деп аталатын ұлттық тағамдарын әзірлейді. Той өтіп жатқан тұста шағын үстелдің үстіне ырым боларлық заттарды қатарлап тізіп қояды. Олар: кітап, қалам, қайшы, ақша, жеміс, күріш, атбас, бұршақтар...  Той иесін үстел басына отырғызады. Егер ол алдымен кітапқа қолын созса, онда болашақта ғалым болғаны, егер қайшыны алмақ болып ұмтылса, тігінші болмақшы. Күріштен пісірілген шелпекті алса, оның үстіне екі қолымен бірдей ұстаса, онда ең бір жолы болғыш азамат болып шықпақшы. Міне, бұл рәсім осылай жалғаса береді. Бұдан кейін еденге кілемше төселеді де оған той иесін отырғызып қояды. Баланы ең жақын адамдары әке-шешесі, әжесі, атасы және басқа туыстары ортаға алып қоршалай тұрады. Бала кімнің жанына барса, сол адам оның өмірінде ең басты тәлімгері болып саналады. Сонымен қатар, корей халқы  ертеден жас баланың бір жасқа толған күнін, үйлену тойы салтанатын, қаралы күн этикетін және мейрамдарды салтанатты түрде атап өтеді.
 
ü  Корей халқының дәстүрлі ұлттық ойындарына спорттық ойындар, ән-би ойындары, әртүрлі сайыстар, балалар ойындары жатады. Спорттық ойындардың 15-шақты түрі, оның ішінде садақ ату, салт жүріс, тақтайша бетінде секіру, тас лақтыру секілді түрлерін атауға болады. Бірнеше ондаған ән-би ойындарының ерекше бір түрлері ретінде маска киіп билеу ойынын-атауға болады.
 
ü  Маска биі-бұл бидің өзіндік ежелгі бір тарихы бар. Аңыз бойынша біздің дәуірімізге дейінгі І-ші ғасырдың аяғына қарай Силладан шыққан Хван Чхан Ран атты бала басқа бір мемлекеттің королі –Пэкчженің сарайында қылышпен билеу өнерін көрсетудің көмегімен корольді шауып өлтіреді, бала жазаға тартылады. Міне, сол баланы еске түсіру мақсатымен Силла халқы баланың келбеті бейнеленген маскалар киіп, қылышпен билеу өнерін көрсететін болған.
 
         Жас тілші: Корей халқының мақал-мәтелдерімен мазмұндас қазақ халқының мақал-мәтелдерін айтып бер:
Бөседі көкті бөркім деп.
                    Темір-өз-өзінен шыңдалмас.
    Балалардың жауабы.
 
 
   Журналдың бесінші беті татар халқына арналады.
 
    Редактор : Журналдың  бұл беті өздерінің мейірімді, ашық-жарқын, еңбекқор, білімге құштар халық-татар халқы. Ертеректе ең көп тараған мерекелерінің бірі үме болған. Мұндай үмеде ауылдастар бірігіп қауырт жұмыстарды атқарып тастайтын. Үлкен құрылыстардың барлығы үмесіз жүрмейтін болған.
ü  Үме-Қаздарды жаппай сойып алу кезінде мұндай үй құстарының жүнін жұлып, тазалауға көмектесуге бойжеткен қыздар мен жас келіншектер шақырылатын. Ондайда міндетті түрде ән шырқалып, әзіл-қалжыңдар айтылатын. Кешке қарай көмектескендер құрметіне дәмді тағамдар жасалатын. Татар халықының бұл салт-дәстүрі қазақтың «Асар» деп аталатын салт-дәстүріне өте ұқсас.
 
ü  Татардың  ұлттық дәстүрлі тағамдарын дайындауға көп мөлшерде май пайдаланылады. Дәстүрлі тағамдары қазылық және қарта. Сүр етпен күнге қақталған ет көп пайдаланылады. Сүйікті тағамдарының қатарына күнге қақталған қаз еті де жатады. Мерекелік дастархандарға міндетті түрде сорпалар қойылады. Әдетте қонақтардың алдына ет пен картоптан жасалған тағамдар қояды.
 
   Жас тілші:Татар халқының қамырдан жіңішкелеп кесіп, майға қуырып, үстіне бал құю арқылы дайындалатын тағам түрі қалай аталады?
  Жауап:  Чак-чак
ü  Неке қию рәсімі кезінде жас жұбайларға өмірлерің балдай тәтті болсын деген ниетпен суға бал қосып, «бал суын» ішкізеді.
 
Журналдың алтыншы беті еврей халқына арналады.
         Редактор : Журналымыздың алтыншы беті қандай қиындық болсын көтере білетін, қайыспас халық, өз дініне, тіліне берік халықтардың бірі – еврей халқына арналады. 
Еврей халқының, әсіресе, балалардың сүйікті мейрамы шват немесе ту би-шват мейрамы.  Еврей халқының ағаштар жаңа жылы шват деп аталады. бұл мейрам қаңтар-ақпан айларында, Израиль жерінде жаңбыр жауып, ағаштар бүрлей бастаған кезде тойланады. Тойланатын күні ауыспалы күнпарақ арқылы белгіленеді.(Израиль жерінде жаңбыр қыс айларында ғана жауады). Ағаштар жаңа жылы-бір жылдық өнімнің қаншалықты мол болғанын қорытындылайтын мейрам. Еврей халқының заңы бойынша, және діни кітаптары Торада әрбір адам өзінің жинап алған өнімінің оннан бір бөлігін әлсіз жетім-жесірлерге, жері жоқ кедейлерге, қарттарға таратып беруі керек. Ту би-Шват мейрамы күні барлық еврей халқы Израиль жерінде өсетін әртүрлі өнім-жемістерден дастархан жаяды. Дастархан үсті әртүрлі жемістерге, бидай, арпа өнімдеріне  толы болады. Дастарханда міндетті түрде Израиль жерінде өсетін 7 түрлі өнім  болуы керек. Бұл күні еврейлер бидай немесе арпа өнімдерін жейді, жүзім шырынын ішеді, інжір, анар, зәйтүн мен құрма жемістерін жейді және Израиль жерінің өнімдерінің құрметіне көпшілікке хала таратылады. Ту би-Шват күні бұл елде міндетті түрде ағаштар отырғызылады.  Балаларға ағаштардың табиғат пен адамдар өміріндегі маңызы, олардың алуан түрлері туралы әңгімелер айтады.Әрбір жеміс ағашына арналған бата сөздер үйретеді. Шват мейрамы күні балалар «Алтауы бір қап ішінде» ойынын ойнағанды өте жақсы көреді. Ойынның шарты: Ойынға әртүрлі жеміс, өнім кейпіндегі 6 бала және дорба роліндегі бір бала қатысады. Қап жолда келе жатып әр түрлі жеміс, өнімдерге терге кездеседі. Олар өздерінің қандай жеміс немесе өнім екендіктерін, өздерінің қасиеттері туралы айтады. Дорба оны өзіне алады. Келесі тағы бір жеміс немесе өнімге кездеседі. Ол дорба ішінде кім бар екенін сұрап, өзі туралы айтып береді. Ойын аяқталған соң, балаларға ішінде әр түрлі жемістері бар дорбалар сыйға беріледі.  Ойынға қатысатын жеміс-өнім түрлері (шамамен): зәйтүн, құрма, банан, інжір, апельсин және жоңқа немесе қауыз (рожки).  
 
         Жас тілші : Еврей халқының кең тараған ұлттық тағамдарын атаңдар?
         Жауап:   пита (израиль шелпегі), маца, фаршталған балық,  латкес (картофельные оладьи), хала наны.
 
Халық  етегілері бойынша әдеби мозаика
 
        Ерте –ертеде, ұшы –қиырсыз қазақ даласында Кербұғы деген керемет домбырашы өмір сүріпті. Ол небір құлақ құрышын қандырар күйлер шығарып, оны өзі домбырада төгілдіре орындайды екен.
         Күні бойғы күйбең тірліктен кейін ауыл адамдары домбырашыны ортаға алып, «құлақтан кіріп бойды алар» сиқырлы күйлерін сүйсіне тыңдайды екен. Қос ішектен құйқылжи төгілген күйдің құдіреттілігі сонша – асыр салған балалардың өзі ойынын ұмытып, сілтідей тынып құлақ түреді екен.
                                                                           Ақсақ  Құлан ертегісі.  
 
       
Базардан   барабан сатып ап.
Оралды Қоян да әлгі үйге.
Түлкіні енді ол қатырмақ,
Өстиді кектенсе әркім де.
 
Түлкінің үйіне жетті ол,
Қағылды гүрілдеп барабан.
Кезекпен ойнады екі қол:
«Бам- барам, бам – барам, бам – барам!»
 
Отырған меймандар шошынды,
Кенеттен тиылды күлкілер.
Аңшы ма деп қалды осыны,
Не істерін білмеді Түлкі – «ер».
 
Әлімқұлов Н. Барабаншы қоян. Ертегі.
 
       Асан сегіз – тоғыз жасқа келгенде анасының арманды мұңын, зарлы жырын тыңдап, жаттап алып, кең далада қой бағып жүріп, күңірене толғайтын болыпты. Қайғылы қалың елдің қайғы арманын, мелшиіп жатқан сар даланың сағым бұлдыратқан мұнарымен үндестіріпті. Ханның қайырымсыз сарайының маңынан таппаған мұңлы сыр, мазмұнды жырды Асан сахараның кең де келісті табиғат көрінісінен тапқандай болыпты.
   Сөйтіп жүріп ол тоғыз жасында асқан жыршы, айтқыш ақын, шебер сыбызғышы болған екен.
 Қасиманов С. Сиқырлы сыбызғы. Аңыз ертегі.
 
 
         Көзіне жас алқымына өксік тығылған Лосан щяньцзысын  асынып, басы ауған жаққа жүріп кетеді. Жүре – жүре мұнарлана шалқыған көк теңіздің жағасына жетеді. Бір тасқа жамбас басып, жан шақырады. Көңілі құлазып, біраз отырған соң, щяньцзысын қолына алып, шерін тарқатпақ болып, әсерлі мұңға толы күй шерте бастайды.
      Мамырлап «Жабайы өрік гүлдеді» әуені төгіледі, күмбірлеп «Иен таудың сулары» ағады.      (щяньцзы – үш ішекті, сазген тектес шертпелі аспап)      
Лосан (дүнген ертегісі)
 
   
     Жігіт гуслиын тізесіне қойып, тыңқылдатып, би әуеніне басқанда, тамам қарақшы жапұр – жұпыр билеп кетеді. Тоқтайын десе, дәрмен жоқ, аяқ- қолдары ербеңдеп билей береді.
-         Ағатай , тоқта! Бір қап алтын берелік, - деп жалынады олар диірменшіге.
Жігіт күйін тоқтатып, қарақшылар қап толы алтын әкеп береді. Алтынын арқалаған жігіт көңілі тасып, үйіне келеді.
                                    (гусли – жетіген тектес, шертпелі аспап)
Ғажайып гусли (украин ертегісі)
 
       Замандардың заманында бір күйші ғұмыр кешіпті. Бала жастан өнер қуып, күй қайырыпты. Өгіз жайып жүріп, қурайдан сыбызғы қиып, уілдете тартқанда, өгіздер күйсегенін тоқтатып, құлақтары салбырай мүлгіп, тыңдап тұрады екен. Ормандағы құс қалғып, батпақтағы бақа тыншып қалса керек.
        Кейде қыз – бозбалаға ілесіп, түнгі күзетке шығады. Түн тынық, жер- әлем бусана манаурайды. Қалжың – күлкі, ойын – сауық. Керемет.
       Сонда бала сыбызғысын ерніне апарып, баяу созылтып күй бастайды.
      Қыз біткен, жігіт біткен тегіс ұйып қалады. Қай –қайсысы болмасын, жүректеріне тәтті шырын құйылғандай, беймәлім бір күш қағып алып, биікке, шырқау биікке, жұлдыздары жымыңдасқан ашық аспанға әкетіп бара жатқандай сезінуші еді.
    Құдіретті күйші (белорус ертегісі)
 
 
   Баяғыда бір бала болыпты. Әке –шешесі жоқ тұл жетім екен. Көрінгеннің есігінде қаңғып жүреді . Бір үзім нан үшін жұрттың шошқасы мен сиырының соңында салпаңдап, айтқан шаруасын екі етпей орындайды. Ер жеткен соң бір ауқатты шаруаның сиырын бағуға жалданыпты. Күздің қара суығы екен, төңірек тұманға бөгіп, ызғырық жел өңменнен өтеді. Жұрт жылы үйден шығуға әйенкенестенеді (жиіркенеді авт.). Ал жетім бозбала жалаң аяқ сыз басып, сиыр жаяды. Суықтан тіс – тісіне тимей жаурайды. Не істерін білмей, торығып, өксіп- өксіп жылайды.
       Кенет қасына бір кішкентай шал келіп:
-         Әй, балам, неге жыладың? – деп сұрайды.
-         Жыламағанда не? – дейді бозбала. – Қожайын күн сайын далаға қуады, жалаң аяқ, жалаң баспын, суыққа ұшып өлерше болдым.
Шал жетімді аяйды,әйтсе де қолынан келер қайран жоқ, өзінің аяғында жыртық шақай. Әрі – бері ойланып, қалтасынан сыбызғысын алып, бозбалаға ұсынады.
-         Мә, осыдан басқа берерім жоқ, - дейді. – Бірақ бұл – жай сыбызғы емес, сиқырлы сыбызғы. Мүмкін, күндерде бір күн пайдасы тиіп қалар. Бұл сыбызғыны үрлеп жіберсең болды, естіген жұрт билеп кетеді.
Бозбала сыбызғыны алысымен, шал ғайып болады.
Сиқырлы сыбызғы (латыш ертегісі)
 
 
                 Ханшаның құлантаза айыққаны жайлы хабар төрт тарапқа түгел таралады. Алыстағы – жақындағы ханзадалар мен бекзадалар сұлу ханшаға үйленбек болып, толассыз шұбырады.
                Алайда қыз өзін емдеген кернейші бозбаланы құлай сүйіп қалып еді.
        Кернейші бозбала (өзбек ертегісі)
 
 
                  Гуслишы патшаның сөзіне құлақ асып, сарайда қалады. Күн сайын күй тартып, көңілін аулайды. Бірақ патшаның құмары тарқап, құлақ құрышы қанар болмайды. Шіркін, күй деп осыны айт! Қайғыны да, мұңды да қолмен сылығандай жоқ қылады.
    (гусли – жетіген тектес, шертпелі аспап)
         Гуслишы патшайым (орыс ертегісі)
 
 
 
      Ертеде бір помещик өмір сүріпті, ол Аницзы атты бір бала бақташыны өзіне жалдап алыпты. Аницзны жұрттың бәрі де, әсіресе, сыбызғыны тамаша тартатындығы үшін  жақсы көретін. Оның сыбызғысы кәдуілгі қарапайым бамбуктан жасалынған болса да, оның қолында ең нәзік музыкалық аспапқа айналатын.
        Бала бақташы – Аницзы (ұйғыр ертегісі)
 
       Скрипка үні естілісімен, сот бар, жендет бар, жиылған барша қауым бар – барлығы ұршықша үйіріліп, биге басады.
    Саз да , би де толастамайды. Жігіт скрипкасын безілдете толғап тұрып:
-                   Қалай , осындай күй үшін өлім жазасына кесуге болама? – деп сұрайды.
-                   Жоқ , - дейді сот. – Бұндай өнерпазды өлтіруге болмайды.
        Жалшы мен сиқырлы скрипка (поляк ертегісі)
 

Тәрбие сағаттарына материалдар » Соңғы қосылған дүниелер »